» » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ

Ұлт көшбасшысы – Елбасы мақаласы жарық көргеннен кейін елімізде рухани жаңғыруға арналған кешенді іс-шарлардың қарқынды, ауқымды және жоспарлы түрде қолға алына басталғаны – маңызы зор тарихи оқиға. 

Тіл мәселесі – солардың негізі, бастапқысы, бастысы. Өйткені, рухани жаңғырудың ең негізгі тірегі – тіл. Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру маңызды рөл атқарады. Себебі, әр ұлттың өзіндік бірізділігі, ерекшелігі оның тілімен белгіленеді. Сондықтан тілдің дамуы, өркендеуі қандай этнос үшін болса да өте маңызды. бұл тұрғыда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің ары қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз.

            Өз алдына егемен ел болған тəуелсіз мемлекетіміздің тұғырын нығайтып, сол жолда қайта түлеу,рухани жаңғыру кезеңін бастан кешіріп отырған бүгінгі күнде Алаш туын көтерген ағаларымыздың рухани мұрасын зерделеп, сөздерінің асылын бағалап, құдіретін танытудың маңызы ерекше. ХХ ғасыр басы – қазақ ғылымының дəуірлеу кезеңі. Оның сыры Алаш арыстарының өзі зерттеу нысаны етіп алған ғылым салаларының негізін қалауда ұлттық дəстүрлерді əлемдік өркениет үрдістерімен үйлестіріп, оларды өте білгірлікпен ұштастыра білуінде еді. Сондықтан да қазақ тіл білімі, əдебиеттануы жəне оларды оқыту əдістемесі секілді ғылым арналарын жүйелеген Ахмет Байтұрсынұлының айтқан ой-пікірлерінің маңызы дəл бүгінгі рухани жаңғыру жағдайында өзектене түсіп отыр. Алаш қайраткерлері өмір сүрген кезең мен бүгінгі кезеңнің өзіндік ерекшеліктері бар екендігі рас.Алайда заман өзгергенмен, Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, одан туындайтын қазақтың тілі мен тарихын, өнері мен мəдениетін қазақ ұрпағының бойына сіңіру сияқты іргелі мəселеде олардың сан-салалы мұрасы мен ұлы істерінен алар тағылым мол. «Ұлтының мəңгілігін ойлаған ұлы азаматтардың жүріп өткен жолын, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – есі бар ұрпақтың жадынан шықпайтын қастерлі борышы» деп білеміз. Тарихқа бағзы заманның деректеріне көз жіберсек, өзге халықтар сияқты қазақтың жазу тарихы да əріден басталады. Тым ерте заманғы жазудың тегі суреттен басталғаны белгілі. Тіл ғылымында мұны «пиктографиялық (латын pіctus – суретті жəне grapho – жазамын) жазу» деп те атайды. Жазу өте ерте заманда жасалып, ұзақ тарихи даму кезеңдерден өтті. Даму барысында жетілуімен бірге оның принциптері де өзгеріп отырды. Қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы А.Байтұрсынұлы енгізген, араб графикасына негізделген төте жазуы арқылы қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктері, заңдылықтары айқындалды. 1929-1940 жылдары латын жазуы қабылданып, 1940 жылы графика қайта өзгертіліп, бүгінгі күнге дейін кирил қарпі қолданылып келеді.

            Елбасының жаһандық бәсекеге қабілетті ұлт болудың, үшінші технологиялық жаңғыруына көшудің, яғни ақпараттық және коммуникациялық байланыс технологиялары, оның ішінде, жаппай компьютерлендіру, интернет, ұялы телефон жүйесі, жерсеріктік теледидар т.б. жаһандану үрдісінің технологиялық негізі болып саналады.Аталған технологиялардың ұдайы әрі кеңінен тарауы латын графикасының бүкіләлемдік ақпараттық кеңістікте басым орынға ие болуына алып келері анық. Латын графикасы қазіргі әлемде ең кеңінен қолданылатын жүйе болып табылады. Қазақ жазуының латын графикасы негізіндегі әліпбиге көшуі, біріншіден, ұлттың рухани жаңғыруына жағдай жасайды: қазақ тілінің өзіндік ұлттық ерекшеліктерін сақтауға, тілдің иммундық тетіктерін жаңғыртуға, қайта іске қосуға, екіншіден, қазақ тілінің әлемдік ақпараттық кеңістікке тиімді түрде енуінің алғышарттарын қалыптастырса, үшіншіден, Қазақстанда ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың кеңінен таралуына мүмкіндік жасайды.

Қазақ жазуын латын графикасына көшірудің қазақ халқының ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы маңызы орасан. Қазіргі таңда қазақ тілі қазақ халқының ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың басты факторы ретінде қарастырылады. Тілдің басқа да қырларының аса қажеттілігін мойындай отырып, жазудың ой мазмұнының графикалық таңба ретінде жеткізу жолдарының бірі екендігін естен шығармау қажет. Жазу ой мен сезімді объективтендіруде, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мәселесінде де өзіндік дербес мәнге ие. Көптеген халықтар үшін олардың жазуы ұлттық мәдениет пен бірегейліктің ең басты элементі болып табылады. Бірқатар әлем ұлттарының, соның ішінде түркі елдерінің іс-тәжірибелері, жазудың ауысуы біртұтас ұлттық бірегейліктің алмасуында шешуші қадамдарының бірі екенін көрсетеді.

            Олар, атап айтсақ, заман талабына сай – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлік, білім салтанаты, эволюциялық даму және сана ашықтығы. Осылардың діңгегі, іргетасы, мазмұны әрі формасы – тіл екені белгілі. Олай болса, латыннегізді қазақ жазуының реформасы – рухани жаңғыруымыздың белортасы, шешуші факторы, терең мәнге ие бастама.

            Кез келген ұлтық тіл мен әдебиеттің кемелденуі жазудың қалыптасып дамуымен тығыз байланысты екені шындық. Жазу арқылы тілдік қолданыстар, сөз саптау түрлері жаңғырып, әдеби нормалар бір ізділікке түсіп бекиді, тілдің қоғамдық-әлеуметтік қызметі (стилі) жіктеледі, әр тараптанады, жалпыхалықтық сипат алып, қолданыс ауқымы кеңейеді.

            Қазақ тілі – еліміздің ұлттық құндылықтар жүйесінде дамуының негізгі өлшемі болып табылады. Ол оның әлемдік қауымдастықтағы өзіндік орнын анықтауда саяси-экономикалық, саяси-идеологиялық, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени-танымдық маңызға ие. Ал әлемдік мәдениет пен өркениет жетістігі болып саналатын білім мен ғылым және қазіргі заманның жаңа технологиялары тіл арқылы беріледі, тіл арқылы игеріледі.

            Олай болса, қазіргі ақпараттар ағыны тасқынындағы ана тілінің қазынасының рухани мазмұнын ашып, оның қазіргі тілде жаңа сапада жалғасқан коммуникативтік қуаты мен қолданыстық әлеуетін көтеретін, көне атаулардың уәждемесін беретін, мәдени құндылыққа ие болу ерекшілігін көрсететін мемлекеттік деңгейдегі бірегейлік, ұлттық деңгейдегі ұйымдастырушылық қызметінің өрісін кеңейтудің дәйекті құралы болатын – лексикографиялық еңбектерді зерделеп, жаңа жазу үлгісіне көшіру осымен байланысты тың ізденістердің қатарында.

            Осындай мазмұны жаңғыртылып, түсіндіріліп, танылатын тілдің ұлтпен біртұтас жүйе екендігін дәйектейтін тілдік деректердің талдамалы-түсіндірмелі дереккөздері жан-жақты берілген академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» (2009) атты этнолингвистикалық сөздігін, сандық жағынан ғана емес, сапалық тұрғыдан да толықтырылып, жаңарып шыққан он бес томдық «Қазақ тілінің әдеби сөздігі» мен «Қазақ тілінің аймақтық сөздігі» сияқты еңбектерді жаңаша таңбаға көшіру – «рухани жаңғыру» бағдарламасын дәйекті іске асырудың кепілі.

            А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты орындаған іргелі зерттеу бағдарламалары мен еңбектері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің, оның қолданыс мәдениетін жақсарту мен қолданыс әлеуетін барынша тиімді пайдалану, сөйлеу және жазу мәдениетін жетілдіру мен дамытуға бағытталған. Сондай-ақ Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында орындалған қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық, синонимдер, диалектілік, түсіндірме сөздіктері әлемдік тәжірибедегі сөздік жасау ісінің жаңа жетістіктерін пайдалана отырып, мазмұны мен сапасы жағынан жаңарып шыққан. Олар – болашақта жаңа жазу реформасына сай тілдік қазынаны лексикографиялаудың тиімді де, сенімді дәйеккөзі.

            Ел тарихының тәуелсіздік кезеңіндегі маңызды рухани-мәдени шаралардың басы болған – Елбасының тікелей басшылығымен атқарылған мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасының жүзеге асырылуы. Осы бағдарлама аясында тіл арқылы ұлт болмысын, оның тарихи-мәдени кеңістігін танытудың үлгісін ҚР БҒМ ҒК А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми-өндірістік зерттеу тәжірибесінің нәтижелері ретінде жарық көрген, тілдік қазынаны деректеп, дәйектеп көрсеткен сөздіктер айқын көрсетті.

            Осы бағытта жүргізілген тілді зерттеудің жаңа теориялық-танымдық үрдісі келесі кезекте Қазақстанның рухани-әлеуметтік жаңару кезеңіндегі адам санасында ақиқат дүниенің бейнесі арқылы сақталатын тілдік қорды таңбалаудың заманауи үлгісін әлемдік үлгімен тоғыстыруды қажет етеді. Тілдің қоғамдық санаға қатысты танымдық, ақпараттық, т.б. қызмет атқаруының тұғыры – мемлекеттік мүдде тұрғысынан қоғамдық санада түбегейлі жаңару, жаңғыру өзгерістерін атқарушы өзекті тетік ретіндегі егеменді қазақ мемлекетіндегі жазу таңбасын латын қарпіне көшіру.

            Жазу жүйесін латын қарпіне көшіру Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі ретіндегі қазақ тілінің мəртебесін нығайтуға да септігін тигізеді. Ұзақ мерзімдегі келешекте, яғни латын графикасы негізінде білім алған қазіргі балалар өмір белестеріне шыққан уақытта, тіліміздің мемлекеттік мəртебесі бұрынғыдан əрі берік нығаюын, соның нəтижесінде Қазақстан халқының жалпыұлттық, мемлекеттік бірегейлігінің жоғары деңгейге жеткенін көре алатынымызға сенімдіміз.

Әдебиеттер:

1.Қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің стратегиялық негіздері. – Алматы:А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, 2017.– 128 бет,

2. Манкеева Ж.А. «Этнотаңба мен лингвотаңба сабақтастығы –тілдің рухани-әлеуметтік мазмұ-нын тану тетігі» Алматы, 2017.



Автор:

М.Т.Адилханова

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, магистр



03 желтоксан 2020 г. 7 103 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 156 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 593 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031