Соматизмдер және олардың қазақ тіліндегі ұлттық мәдени ерекшелігі
Аннотация
Антропологиялық парадигманы ескере отырып, соматикалық лексика ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында лингвистердің назарын аударады, Жаһандану, интеграция және мәдениеттерді байыту мәселелері мәдениетаралық коммуникация мәселелеріне, оның ішінде тілдің лексикалық құрамын зерттеудің тиімділігін арттыру мәселелеріне толерантты шешім іздеуді талап етті.
Тіл, мәдениет және өркениет өзара сабақтас, ажырамас құбылыстар. Сондықтан кез келген тіл бірліктері анықталған бір халықтың ұлттық дүниетанымы, қоршаған әлемді қабылдауы, көзқарасы, ұстанымы, рухани және материалдық мәдениеті жөнінде көп мәлімет береді. Ұлттық тілімізде жаңа бағыттардың бірі лингвомәдениеттану болып табылса, оның негізінде түрлі атаулар, фразеологиялық тіркестер, мақал мәтелдер жатады. Фразалық тіркеске негіз болатын образдар жүйесінің сол тілді сөйлейтін халықтың материалдық, әлеуметтік және рухани мәдениетімен тығыз байланыста болатындығы. Қазақ тіліндегі көптеген фразеологиялық, паремиялық бірліктерде, тұрақты тіркестерде соматикалық код вербалданған және ол қазақ тіл білімінде зерттелген.
Соматикалық атаулар көне мәдени код болып саналады, себебі адамзат қоршаған ортаны тануды бірінші өзінен бастаған. Ол жөнінде зерттеуші
Р. Авакова тіл дамуының ерте сатысының өзінде таныс сөздер (лексемалар) негізінде жаңа комбинациялар жасау, жаңа тіркестер қалыптастыру үрдісі болғандығын айта келе, оған соматикалық атауларды жатқызады, өйткені адамға етене таныс, жақын атаулар – өзінің дене мүшелері [1, 72].
Қазақ топонимиясындағы соматикалық атаулар адам тәнінің параметрлеріне сай номинацияланған. Мысалы, қазақ орографиялық терминологиясында және оронимияда (топонимияда) адам және жануар дене мүшелеріне қатысы бар сөздер жеткілікті. Мысалы: көз, ауыз, аяқ, айдар, бел,арқа, беткей, бет, ерін, ернеу, жал, жамбас, жота, жүрек,жон, иық, қабақ, қабырға, қарабауыр, қойын, қолтық, ми, мойын, мұрын, тамақ, сауыр, төс, төскей, тұмсық, т.б. Ол соматикалық тілдік маркерлер адамның дене мүшесіне тікелей қатысты болып, топонимдік ортаға бағдарланады, ұлттың таным болмысында кодталады. Олар: төбе, бас, ми, маңдай, бет, мойын, көз, мұрын (танау), құлақ, иек, жақ, қабақ, қас, ауыз, иық, қол, қолтық, бел, арқа, аяқ, емшек, кіндік, қабырға, бүйір, бүйрек, тіс, жүрек, бауыр, ішек, қарын, қолқа, шат, бұт, бақай т.б. Аталмыш соматизмдер Қазақстан территориясындағы қазіргі синхрондық сипаттағы топонимдік кеңістікте нақты жер – су атауларын жасауға қатысатындығын көруге болады: Екітастұз, Баскөкше, Басбұлақ, Ақтөбе, Төбеқұм, Милысай, Аймандай, Қарақас, Ақкөзқайнар, Тікқабақ, Шекелі, Бетүйеңкі, Құрбеткөл, Қарамұрын, Мұрынсу, Тасмұрын, Құлақтыкөл, Шұбартарауыз, Қызауыз, Кендірсақал, Қаражота, Көкмойын, Мойынқұм, Битамақ, Шимойнақ, Қолқа, Майжүрек, Жүрекадыр, Қолүйік, Қолқамыс, Майбүйрек, Құмбел, Қойындық, Қабырға, Бауырбас, Басбармақ, Бүйірағаш, Тырнақ, Көктырнақ, Бірқарын, Кіндік, Кіндіккөл, Кіндіктау, Жамбасжол, Беласар, Жауырынбайлаған, Үлкен Шибұт,Шат, Қарашат, Аяқты, Аяқсаз, Тақыртабан, Көлтабан, Сарыарқа, Құйрықтөбе, Ақбақай және т.б.
Соматикалық атаулар тілдегі сөз тіркестерін құрауда маңызды рөл атқарады. Бұл туралы ғалымдардың зерттеулерінде нақты көрсетілген. Ғалым Ә.Болғанбаев қазақ тіліндегі фразеологизмдерді жинақтау барысында: «Анатомиялық атаулар негізгі сөздік қорға жататындықтан, көп мағыналы, туынды жаңа сөз жасауға соншама бейімділігімен ғана сипатталмайды, сонымен бірге тұрақты тіркестер жасаудағы белсенді қызметімен де айрықша көзге түседі» ,-деп, соматизмдердің фразеология жасаудағы маңызын айтады. [3, 107]. Қазақ тіліндегі соматикалық тұрақты сөз тіркестерінің 30% соматикалық атаулардан тұратындығы жөнінде де нақты деректер бар [4, 8].
Ж.Қ.Өміралиева болса, соматизмдермен келген фразеологизмдерді ұлттық-мәдени тұрғыдан ағылшын, орыс, қазақ тілдерінің материалдары негізінде саралайды. Зерттеуші соматикалық фразеологизмдердің жасалуына назар аудара отырып, оның тілдегі көрініс табуына және олардың басқа тілге аударылуына баса назар аударады. Сонымен бірге Ж.Қ.Өміралиева соматикалық фразеологизмдерді паралингвистикамен де байланыстыра, ұштастыра қарастырады [5, 52]. Қазақ тіліндегі етістікті фразеологизмдерді этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеген Б.Уызбаева 83 дене мүшелерінің атауына қатысты мың соматикалық етістікті фразеологизмдер жинағынан айта келіп: “Бұдан шығатын тұжырым – тіліміздегі қазірше айқындалған соматикалық етістікті фразеологизмдердің жалпы саны адам болмысына тән соматикалық процесстерден әлдеқайда аз”, – дейді [6, 12].
C. Сәтенова қазақ тілінде мал шаруашылығына байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің табиғатын зерттесе, Ш. Сеитова өсімдікке байланысты тұрақты тіркестерге этнолингвистикалық сипаттама берген, Қ. Ғабитханұлы наным-сенімге байланысты тұрақты тіркестерге талдау жасаса, Б. Уызбаева соматикалық етістікті фразеологизмдерді зерттеді. XX ғасырдың 70-жылдары қазақ фразеологизмдерін орыс тілімен салыстыра зерттеу белең алса, ендігі кезекте дамыған әлем тілдерімен салыстыра зерттеу орын алды.
Тілдегі фразеологизмдер қазақ халқының салт-дәстүрінің, мәдени өмірінің, ұлттық дүниетанымының көрінісі. Тілдің даму жолында қалыптасқан фразеологизмдер бірнеше ғасыр өсір сүрсе де, өзінің бастапқы, көне формасымен қатар, мәнерлілігін, пәрменділігін жоғалтпай келеді.
Адамның дене мүшелерінің атауларының қатысуымен жасалатын соматикалық фразеологизмдерде адамның өзін, я басқаларды тануына, адамның дене құрылысына қатысты ақиқат болмыс үзінділері көрініс тауып жатады.
Қазақтарда ертеден қалыптасқан әдет-ғұрыптары мен дағдыларында сезімді, көңіл-күйді, іс- әрекетін көп сөйлемей -ақ ыммен, ишаратпен, еппен түсіндіретін және соларды дәл бейнелейтін ойлы ұғымдарды пайдаланған. Адамның анатомиялық атаулары (соматизмдер) олардың қимыл-әрекетімен де тура байланысты. Адамның дене мүшелері арқылы жасалған қозғалыстар соматикалық бейвербалды фраземалардың жасалуына ұйытқы болды. Коммуникативтік актідегі бейвербалды тәсілдерді зерттеу кинесикамен байланысты. Лингвистикада кинесика паралингвистикалық амал болып табылатын қарым-қатынас кезінде қолданылатын кинемалар, мимикалар және пантомимикалық қозғалыстар, дене қимылдары ретінде қарастырылады.
Халық даналығында «ымды білмеген – дымды білмейді» ұғымы осыған дәлел. Қазақ халқының әдет-ғұрыптарын зерттеп, жинаған жазушы-этнограф С.Кенжеахметұлы дағды, ым-ишара туралы былай дейді: «Әдет, дағды, ишара, ым арқылы адамдар келісу, ашу-ыза, ұялу, жеңілу, жеңу, қайғыру т.б. көңіл-күй көрінісін білдірген. Қазақтың осы әдеті бүгін де қолданылады. …. Оны жас ұрпақ білген жөн. Халық әдет-ғұрпы мінезіндегі өзіне жарасатын осы ұғымдар іс-әрекет, бет-пішін, түрлі қимылдар арқылы жасалады» [7, 254].
Қорыта келе, дене мүшелерінің атаулары – сөздік қордың тым ертеден келе жатқан көне тобы. Сондықтан да соматикалық атаулардың фразеологизмдер құрамында көптеп кездесуі заңды. Соматикалық фразеологимдердің жасалу жолдарын қарасақ, олардың арасында біріншіден логикалық байланыс, екіншіден, образ тұтастығы бар. Ұлт тарихы, ұлт мәдениеті, менталитеті, бітім-болмысы туралы кең мағлұмат беретін лингвомәдени бірліктер ұлт тілі мен мәдениетінің өзара байланыстылығын айқындайтын ерекше қабат болып келеді. Ал осы лингвомәдени бірліктерге салыстырмалы сараптама жасау ұлттық ерекшеліктердің мәнін шынайы түсінуге мол мүмкіндік береді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Авакова Р.А. Фразеологизмдердің семантикасы. – Алматы, 2002.
Болғанбаев Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Санат, 1997. – 107 б.
Хасанов Б. Қазақ тілінде сөздердің метафоралы қолданылуы. –Алматы: Мектеп, 1966. – 208 б.
Карменов Н.Ғ. Лексика-семантикалық байланыс түрлері (қазақ және араб тілдеріндегі дене мүше атаулары бойынша): Филол.ғыл.канд… дисс. – Алматы, 2002. – 130 б.
Омиралиева Ж.К. Национально-культурная специфика конвенциональных фразеологизмов с соматизмами. Дисс… канд. филол. наук. – Алматы, 1999.
Уызбаева Б. Қазақ тіліндегі соматикалық етістік фразеологизмдердің этнолингвистикалық сипаты: Филол. ғыл. канд. дисс… автореф. – Алматы, 1994.
Кенжеахметұлы С. Ұлттық әдет-ғұрыптың беймәлім 220 түрі. – Алматы, 1998. – 254 б.
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 712 б.
Аманжолов С. Қазақ тілі теориясының негіздері // Лексикология мәселелері. – Алматы: Ғылым, 2002. – 66-70 бб.
Камзина Айшолпан Аибқызы
“Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының магистранты
Тұран -Астана университеті
Астана қаласы, Қазақстан Республикасы
Ғылыми жетекшісі:
Алашбаева Жанна Нурлановна