» » ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНДЕРІН ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ОҚУШЫ БОЙЫНА ДАРЫТУ

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНДЕРІН ПӘНДЕРІН ОҚЫТУДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ОҚУШЫ БОЙЫНА ДАРЫТУ

«Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ». Бүгінгі жағдайда ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалу – үлкен міндет.                                                                                                                          

Оқыту мен тәрбиелеудегі құндылыққа бағытталған тәсіл жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды, адамның өмірі мен денсаулығын, жеке тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбекқорлықты, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді. Бұл тәсіл білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиелеуді интеграциялауға, білім беру әдістемесін, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағытталған. Сабақта оқушының жеке басын қалыптастыру үрдісі нақты өмірмен байланысты материалға негізделуі керек, тек осы жағдайда ғана оқыту мәнді және тиімді болады. Сабақтың тиімді болу шарттарының бірі – оқушылардың бойында құндылықтарды қалыптастыру.                                                                        

     5-сыныпта әдебиет сабағында құндылыққа бағытталған тәсілді іске асыруда бағдарламаға енгізілген шығармалар арқылы жүзеге асырамыз.

Шығарма атауы

Авторы

Жанры

Жалпы                адамзаттық       

құндылық

Адами            

құндылық

1

«Қобыланды батыр»

Халық

Жыр

Туған елге сүйіспеншілік, Отанға құрмет, махаббат, достық,ерлік

адалдық, табандылық,   ержүректілік,

2

«Асанқайғының жерге айтқан сыны»

Асан қайғы

аңыз

Ел болашағына алаңдау, жерді тану,

Табандылық, көрегендік

3

«О,Ақтан жас,

Ақтан жас..»

Дулат Бабатай

- ұлы

толғау

Мейірімділік, ізгілік, сенім

Адамгершілік, жетімді жебеу

     Бұл шығармалардың адал, еңбексүйгіш ұрпақ тәрбиелеудегі маңызы өте зор. Оқушылардың бойына құндылықтарды дарытуда осындай мәселелерді қолға алсақ, қазіргі білім берудің негізгі тенденциясына келеміз.                

      Қазақ халқының кешкен тірлігі мен тұрмысы сонау көне ғасырдан бері жасасып келе жатқан бай ауыз әдебиетінде сақталған. Ұлттық құндылықтардың кең өрісті, келісті көрініс табуы – халықтың мақал-мәтелдерінде, шешендік сөздерінде, даналықтарында. Мектепте бастауыш сыныптан бастап оқушыларға мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, жыр жаттатып, ертегіні накышына келтіріп баяндауды үйретіп, бойына сіңіреміз. 

      Тіл және әдебиет сабақтарында өмірге бейімделген, шығармашыл, рухани, өзіндік пікірі бар дара тұлғаны тәрбиелеу қажеттілігі – мұғалімнің парызы. Тіл сабағында қандай да бір тақырыпты өткенде Жиренше шешен, Асан қайғы, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке шешен, Сырым батыр, Ақтамберді жырау, т.б. даналық сөздері мен өлең жолдарын пайдаланып, олардың өз ұрпағының тәрбиелі, өнегелі болуына алаңдап қалдырған ғажайып сөздерінің тереңіне сүңги білуге үйретудің маңызы орасан зор. Мысалы, етістіктің рай түрін өткенде, атақты Қазыбек би туралы деректер айта келіп, шешеннің: «Тату болса, ағайын жақын, Ақылшы болса, апайың жақын, Бауырмал болса, інің жақын, Инабатты болса, келінің жақын»,-деген сөздерін мысал ретінде алып,  ынтымаққа, ізгілікке шақыратын «Татулық – табылмас бақыт», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген халық мақал-мәтелдерін талдатуға т.б. осындай сөз маржандарын іздестіріп келуді тапсыруға болады. Сөйлем түрлерін өткенде, шешендердің жақсы мінез-құлыққа үйрететін тәрбиелі сөздерін аламыз. Мысалы, «Көрікті қандай болады?»-деп сұрағанда, Қорқыт атаның: «Тізесін бүгіп отырған инабатты қыз көрікті, өнегелі ұл көрікті. Үлкен шаңырақтың қасына тігілген кішкене отау көрікті. Жібек шатыр үйдің нәзік жібі көрікті» деген жауабын алсақ, әрі сөйлем түріне мысал әрі тәрбиелік мәні мол. Етістіктің есімше, көсемше түрлерін өткенде де, даналық сөздер мен халық даналығынан мысал келтіре отырып, оқушыға сол сөздердің түйінін айтқызуға болады. Мысалы, Кенжәлі шешеннің: «Ел басшысыз болғанда – жетім, жер жаңбырсыз болғанда – жетім, сөз тыңдаусыз болғанда – жетім» немесе «Жігіттің жақсысы қандай болады?» деген сұраққа: «Дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген-жақсы жігіт» -деп жауап қайтарған Әйтеке шешеннің сөзінен есімше, көсемше түрлерін тапқыза отырып, тәлім-тәрбиелік жағына назар аудартып, «Естіге екі сөз жетіп жатыр», «Есті екі айтқызбайды», «Адам болатын бала алысқа қарайды», «Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар» деген мақалдарды жаттап алуға кеңес беріледі.

Етістіктің бұйрық рай түрін өткенде, халқымыздың ырым-тыйымдарынан мысал келтіру арқылы оларды біле түсуге ынталандырып, үйдегі ата-әжелерінен осындай сөздерді сұрап біліп алу тапсырылады. Халқымыздың «көкті жұлма, күлді шашпа, жерді қазба, құс ұясын бұзба, суға түкірме» деп келетін ырым-тыйымдарынан олардың ежелден эколог болғанын, табиғат тазалығына ұмтылғанын көреміз. Құрмалас сөйлем түрлерін өткенде, мысалы, алқалы топта «Ата тұрып ұл сөйлегенен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген Малайсарының сөзіне жас бала Сырымның «Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар. Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар» деп қайтарған жауабын алуға, сөйтіп оның мағынасын ұғындырып, құрмалас сөйлем түріне ажыратуға болады.   

Бүгінгі білім беруде рухани құндылықтар білім берудің негізгі темірқазығы болып табылады. Адамдық қасиеттермен қаруланған ұрпақ елінің болашағы болатыны сөзсіз.


Байтерекова Марина Абаевна

Ақтөбе қаласы «Сымбат-2050» ЖШС

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

24 қаңтар 2025 г. 452 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 22 241 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 22 963 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728