Балабақшадағы «әкімдер»
ӘЗІЛ-ШЫНЫ АРАЛАС
Жиен әпкеміз жекеменшік балабақша ашқан. Екіқабатты үйінің бір жағынан бөлек есік шығарып, жақсылап жөндеп, қызылды-жасылды бояулармен безендіріп тастапты. Қайбір күні бір шаруамен бас сұқсам, балаларды ұйықтатып тастап, жалғыз өзі енді шай ішуге отырған екен.
– Кел, айналайын... Түскі шай ғой... Отыра қал... – деп, мені көріп бәйек болып қалды. «Ой, рақмет, әуре қылдым-ау...» – деп мен де ынғайсызданып жатырмын.
– Балабақшада қанша балаңыз бар? – дедім амандық-саулықтан кейін шайды сораптап отырып...
– Осы топта 16 бала бар...
– Қалай, балалардың ұйқысы тыныш па?
– Ой, бұрынғының балаларын үйге кіргізе алмаушы едік... Үй бетін көрмейтін ғой. Қазіргінің балалары үйден шықпайды, ұйқыны сояды. Зорға оятасың... Қарап отырып қалғып отырады. Неғып екенін, баяғының балалары сияқты ширақ емес... Өз беттерімен ойнағанды білмейді. Тек айтқанды орындайды. «Тұр» десең тұрады, «отыр» десең отырады.
Осы кезде ұзын дәліздің ана басынан бір баланың басы жылт ете қалғандай болды.
– Ой, мына бір балаңыз ұйықтамаған сияқты ғой...
Әпкей де елең ете қалды. Дәліздің ана басына мойнын созып, біраз қарап тұрды да:
– Құдай біледі, бұл Бердібек ғой... – деді. – Он алтының ішінде осы баланың ғана ұйқысы жоқ... Қашан көрсең түртінектеп бір нәрсені істеп жүреді. Қасымызда мектеп бар, сонда бастауышта бір қытай бала оқиды. Неғып екенін, бұл сонымен дос. Далаға шықса, бірден соны іздеп тауып алады. Негізі, балабақша ауласына күндіз бөтен адамның келуіне болмайды ғой. Бұл сол қытай баланы ертіп келеді. Қайбір күні бақылап тұрсам, ойыншық шелегімен үйіп-үйіп қойған топырақты сол қытайға көрсетіп жатыр... О, құдай, өзің сақтай гөр... Саудалап жатыр ма деп қалдым...
– Бәсе, ауланы қазып-қазып тастапты...
– Жоға, оны істеген Бердібек емес. Бауыржан деген құлағынан күн көрінетін сүп-сүйкімді бір бала бар. Сол биылдан бері қолындағы ойыншық күрегімен ауланың бәрін қазып тастады. Алғашында елемеп едік... Құдай сақтасын, жер дүниенің бәрін опырып, адамның ары-бері жүруі қиындап кеткен соң, ұрсып жүріп әрең қойдырғанбыз. Соның өзінде көзіңді ала бере күрегіне ұмтылады. Білмеймін, жердің астынан бір нәрсе іздей ме, әлде...
Дәліздің ана басынан тысыр-тысыр еткен дыбыс басыла қоймады.
– Әй, Бердібек, жатасың ба, жоқ па? – деп, апай орнынан атып тұрып, сол жаққа қарай беттеді. – Құдайдың берген тыныштығында демалсаң болады ғой, тегі...
Мен де апайдың соңынан ердім. Бөлме іші кең екен. Қаз-қатар аппақ төсек. Балалар пысылдап ұйықтап жатыр. Тек Бердібек болуы керек, бір бала үйге сыймай, іші пысқан адам сияқты бөлмеде ерсілі-қарсылы жүр. Үстінде костюм-шалбар, қолында портфель... Бір жаққа сапарлап барайын деп жүрген сияқты. Апайды көргеннен кейін ғана төсегіне сәл қисайғандай болды. Айтпақшы, оның ар жағында жатқан баланың да көзі ашық, ұйықтамаған. Әлде жаңа оянып, ұйқысы қанып қалды ма екен?..
– Бұл Қырымбек қой, – деді апайым. – Сөйлесе сөзі тастай, істесе тірлігі де тастай... Бірақ соңғы кездері самарқау. Уақтылы тұрады, уақтылы жатады. Болды. Көзін ашып, өстіп бақырайып, бәрін көріп-біліп жатады. Не болса да ішінде... Былтыр ма, осындағы майда балалар қымбат көзілдірігінің шынысын сындырып қойған. Ол да біраз шу болды ғой... Апайы әлгі балаларды бұрышқа тұрғызып қойып, жазалаймын деп жүрген...
– Мына бір бала ойыншығын құшақтаған күйі ұйықтап қалыпты...
– Ә, бұл – Ералы деген бала. Бізге келгеніне көп те болған жоқ. Ой, ұйқыны сояды... Далаға шықса күнге қыздырынып, тек құмда ойнайды. Суға шомылғанды жақсы көреді. Ұйқысының қаттылығы соншалық – кейде сол құмның үстінде ойнап отырып ұйықтап қалады. Тағы, әйтеуір, бұл басқаларынан зор шықты...
– Зор шыққаны қалай?
– Бұлар жылдың басында төртеу боп келген... – деді апай бір баланың көрпесін қымтап жатып. – Әлде балабақша салқын болды ма, әлде қыс ауасында салқындап қалды ма? Әйтеуір, осы Ералымен бірге келген Ерлан, Мәлік, Құмар деген балалар көктем шыға төсекке «көлдетті» ғой... Тіпті «төтенше жағдай» жарияладық... (Осы сөзге апайдың өзі де күліп жіберді). Ойпырмай, күн сайын матрасын ауыстырамыз. Осындағы тәрбиеші қыздар аңдиды да отырады. Қырсық шалғанда, төсекке көзді ала бере «төтеннен» жібереді ғой. Біреуін бақылап отырғанда, екіншісі «көл-дария» қылып, жаз шыққанша балабақшадағы қызметкерлердің барлығы сыртқа көрпе тасып, күнге кептіріп, әй, әбден әуре болдық-ау... Бұл екі ортада Әсет деген баламыз да «Ойбай, кеп қалды, кіш етемін...» деп, қуығын ұстап, қайта-қайта дәретханаға жүгірумен болды. Әйтеуір, ол да көл-дария болудан құдай сақтады. Қазір енді-енді дұрысталып келе жатыр. Әй, бірақ бұл балаларды осы бастан жылы ұстамасақ, осы жағдай келесі жылы тағы қайталана ма деп қорқамын.
– Кім біледі... Шынында, осы бастан дайындалған дұрыс шығар...
– Анау жатқан Амандық деген бала, – деді енді апайым едендегі ойыншықтарды жинай беріп бір шетте жатқан баланы меңзеп. – Былай қазақы отбасыдан шыққан-ақ бала сияқты... Бірақ, орысша сөйлейді. «Ойбай-ау, Амандық, сен Тәшкен мен Таразды көрген баласың ғой... Анау Әсет пен Даниал сияқты шүлдірлемей-ақ, қазақша сөйлей бермейсің бе?» десем, біраз түзеліп қалады да, артынша әңгімені басқа тілде жібереді. Сосын осы бала «біртүрлі» өзі... Мұның алдында осы кереуетте басқа бала жатқан. Қазір ол мектеп партасында отыр. Төсегінің тұсына әп-әдемі суреттер іліп, ермексаздан, ағаштан, қағаздан қазақтың киіз үйі сияқты әп-әжептеуір дүниелерді жасап тастап еді. Мынау келіп соның бәрін жоқ қылды. Өзінен бұрынғы баладан қалған дүниелерді ұнатпады. Бәрін өзгертіп тастады...
– Енді мұның да өз білгені бар шығар. Бәлкім, жаңадан жасағысы келген болар...
– Әй, қайдам... Ондай ой болса жақсы ғой. Енді не болды қазір? Әп-әдемі боп тұрған осы бұрыш қазір жым-жылас, сұп-сұр боп тұр емес пе?
– Айтпақшы, әпке, әлгі Әсет деген балаңыз мүлдем қазақша білмей ме сонда? – деп, әңгімені басқа жаққа бұрып жібердім.
– Негізі, білетін сияқты еді... Өткенде аулада біздің топтың балалары көрші топтың балаларымен алысып-жұлысып қалған екен. Соларға ара түсіп, екі жақты ажыратып тұрғанда байқадым. «Менікі айтады... Урысты койған. Домой қайтады... Все, разойдитесь» деп шүлдірлеп тұр екен... Сосын бұл жазған бізге айтпай, қойнына тығып смартфон алып келеді екен. Соны қолына алған күні оған тамақ та керек емес, ойын да керек емес. Азаннан кешке дейін өзін суретке түсіре береді, түсіре береді. Еш жалықпайды, – деп, апай бір баланың жерде жатқан шалбарын шкафқа іле берген.
Осы сәтте Бердібек бала папкісімен далаға зып берді. «Әй, тоқта, қайда барасың?» – деп айқайлаған күйі апай сүрініп-қабынып соның соңынан кетті.
Баланың мына қылығына риза болып мырс еттім де, бөлмеге көз тоқтатып тағы бір қарадым. Қырымбектен басқасы қалың ұйқыда жатыр. Бұлар қандай балалар? Мінездері қандай? Қандай қылығы бар? Бердібек зып бермегенде жиен әпкем бәрін айтып шығар еді. «Мейлі» дедім іштей, Алла қаласа, тағы бір сәті түсер... Бұл балаларды сол кезде жақсылап танырмыз. Шынымен шырт ұйқыда жатыр ма, жоқ, көзін жұмып алып, өтірік маужырап жатыр ма? Сол кезде анық білерміз...
Оралхан ДӘУІТ
"Жас Алаш" газеті