Қарағандыда бір оқушыға бола бүкіл сыныптың балалары мектепке бармай қойды
Қарағандыдағы №50 мектепте төтенше жағдай болды. Кеше 20 қыркүйек күні, «4 Б» сыныбының оқушылары жаппай сабаққа бармай қойған. Бұл сыныптың ата-аналары мектеп әкімшілігіне келесі дүйсенбіге дейін байкот жариялады.
Ата-аналар осы жағдайға қатысты тиісті шара қолдануды талап етуде. Өйткені осы сыныптың бір оқушысы үнемі сабақтың шырқын бұзып, сыныптастарын төмпештеп, мұғалімдер мен директорға дауыс көтерсе де жазаланбай жүрген.
Ата-аналардың айтуынша, баланың іс-әрекеттері ақылға қонымсыз. Бірақ қағаз жүзінде баланың «дені сау» деп жазылған көрінеді. Олар осындай оқушыға психоневрологиялық диспансердің сау екендігі жөніндегі анықтаманы қалай бергеніне қайран қалуда. Тіпті мектеп психологының өзі бұл бала басқа оқушылардан бөлек оқытылуы тиіс деп отыр.
«Ер бала ірі денелі. Оған балалар да, үлкендер де қарсы тұра алмайды. Мектеп те, полицейлер де, қалалық білім бөлімі де ештеңе істемей отыр. Барлығы да заң жүзінде ештеңе істей алмайтындарын алға тартады», - деп жазылған мақалада.
Оқушы анасымен бірге тұрады, әкесі жоқ екен. Көршілерінің айтуынша, анасы баласын үнемі ұрып-соғатын көрінеді.
Төртінші сынып оқушыларының ата-аналары бала үйден келген соң бар ашуын сыныптастарынан алады деп отыр. Ата-аналар жиналыста егер ол оқушы мектепке келетін болса, балаларын сабаққа жібермейтіні туралы шешім қабылдаған.
Мектеп директоры осы мәселеге қатысты қандай да пікір беруден бас тартқан.