» » Жаңартылған білім мазмұны әдебиет сабағында

Жаңартылған білім мазмұны әдебиет сабағында

  • Қазір мектеп алдындағы басты міндеттерді шешуде мұғалімнің кәсіптік білімі, мәдениеті жоғары болуы шарт. Ол үшін кәсіби біліктілігімізді көтеріп, жаңалықтарға назар аударып отыруымыз керек. Жаңартылған білім мазмұнының белсенді әдістерін  игеріп, сабақ беруде оны ықпалдастырудың өзі менің тәжірибемдегі үлкен жаңалық болып табылады.Жаңартылған білім мазмұнынан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп,соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел – уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенімді, сыни пікір – көзқарастары жүйелі дамыған, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды.Бағдарламаның ерекшелігі-білімді меңгеруге емес,  жеке тұлғаның таным қабілеттері мен таным үрдістерін арнайы жасалған оқу және танымдық жайлар арқылы дамытуға, жеке тұлғаның қауіпсіздігін, өзін-өзі көрсетуін, маңыздылығын анықтауға, өзара қарым-қатынас, ойын арқылы шығармашылық қажеттіліктері мен белсенді сөздік қорын (ауызша және жазбаша) дамытуға бағытталуы.
  • Осыдан келіп мұғалімнің жұмысында және оқу үдерісінің құрылымында өзгерістер болды.Атап айтсақ, білімді толық меңгерту әдістемесінде мұғалімнің жұмысы мынадай жүйеде  құрылады:
  • жекелеген оқушылардың тақырып бойынша оқу материалын қабылдау ерекшеліктерін түсінуге ұмтылуы;
  • оқушылардың білім-түсініктерін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы;
  • кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі;
  • мұғалімнің материалды қысқаша түсіндіруі;
  • оқушыларға оқу материалы зерттеу жұмысы негізінде берілуі;
  • оқушылардың әрбір сабақта іс-әрекетін бағалау үшін диалогтық қарым-қатынас негізінде оқушының танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру және кері байланысты ұйымдастыру.
  • Міне, осы бағытта қазіргі білім беру жүйесінде жеке тұлғаға бағытталған оқытудағы тәсілді енгізу болып отыр.Бұл бағдарламаның ерекшелігі топтық жұмыс жасай отырып, бала өзін еркін сезінеді, мұғалім мен оқушының арасында ынтымақтастық қарым –қатынас орнайды және оқушылардың өзінің тұлғалық маңыздылығын сезінуі, өзін көрсете білуі мен өзіне деген сенімділігі артады. Жаңартылған білім мазмұнының  мұғалім мен оқушыға берері көп. Бірақ осы бағдарламамен жұмыс жасайтын мұғалім ретінде айтарым, кез келген сабақта ұлттық болмысымызды ескеруіміз қажет. Мағжан:"Ұлт тәрбиесі баяғыда сыналып келе жатқан тастақ жол болғандықтан,әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті,-"деп жазды."Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек заманына лайық қып шығару",-деу арқылы Мағжан тәрбие мақсатын келер күн талабымен ұштастырғысы келеді.
  • Жаңартылған білім мазмұнының ерекшелігі оқушының өзіне еркіндік бере отырып, белгілі бір сұраққа жауапты оның өзіне ойландыра отырып, көзін жеткізу."Бала нашар  істі өзі істемеуіне, нашар мінезден өзі қашуына тырыссын.Ешкім айтпай, қорқытпай, баланың өзі жамандықтан, нашар мінезден жиренетін болсын. Балаға махаббат, жылылық сезім, жұмсақ іс арқылы ғана болуға мүмкін",- дейді педагог.
  • Жаңартылған білім мазмұныбойынша курстан өту барысында мен соңғы уақытта әлемдік деңгейде қолданысқа енгізіліп жатқан педагогикалық әдіс-тәсілдердің жай-күйлерімен таныстым.Бұған дейін «Оқу мен жазуда сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» технологиясымен жұмыс жасап жүргеніме де оншақты жыл болып еді.Cондықтан өз іс-тәжірибеме ертерек еніп кеткен әдіс-сын тұрғысынан ойлауды дамытуға тоқталғым келеді.
  • Білім берудің сапасын жақсарту мақсатында сын тұрғысынан ойлау әдісін өз сабақтарымда қолданып жүрмін.Сын тұрғысынан ойлау әдісі оқушының еркін сөйлеуіне, пікір таластыруына, достарының ойын тыңдауға, проблеманы шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты шешуге бағытталған әдіс.Сабақта сын тұрғысынан ойлау әдісінің стратегияларын пайдалана отырып, оқушылардың ұсыныс-пікірлерін еркін айтқызып, ойларын ұштауға және өздеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік туғызып отырдым.Әрбір стратегия оқушылардың терең ойлауына және шарықтау қиялына негізделіп келеді.Баланың тереңде жатқан ойын дамытып, оларды сөйлеуге, дәлелдеуге үйретеді.
  • Сыни тұрғыдан ойлау әдісі бойынша жоспарланған сабаққа қалған модульдерді еркін енгізуге болады деп есептеймін.Оқушылар сабақты қалай оқу керектігін меңгереді және дағдыланады. Яғни метатаным пайда болады. Өздері ой қорытады, нәтижеге жетуге ұмтылады.Сабақтағы басты тұлға, басты кейіпкер-оқушы.Оқушыны өз бетімен білім алуға, ол үшін ізденуге, терең ойлауға, зерттеуге дағдыларын қалыптастыру қажет.Жаңа білімді меңгерту үшін ең тиімді әдіс сұрақ-жауап, әңгімелесу, диалог болып табылады.Менің әр сабағым диалогқа құрылды.Топтық жұмыс арқылы оқушы мен оқушы арасында, оқушы мен мұғалім арасында диалогты тиімді ұйымдастыру арқылы мақсатқа қол жеткізе алдым.Орта білім жүйесінде әлемдік жоғары деңгейде қол жеткізген оқу әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясына негізделген тәсілдердің кең тарағанын ұғындым.Әрбір оқушыға барынша сыни, тиімді және проблемаларды бірлесіп шешуде көмектесіп, оқытудың ортасын қалыптастыру мүмкіндігі бар екендігіне көзім жетті.Білім беру жүйесі өзгеріске ұшырап жатса, біз де өзгеруміз керек және педагогикалық әдістемелердің жеті модулін тиімді пайдалануымыз қажет.

Осы орайда оқытудың ұтымды әдістерін сабақ үрдісіне енгізу оқушыларда жұмыс істеуге құштарлық туғызып, білім беруде нәтижеге жеткізетінін байқадым. Сын тұрғысынан ойлау- сынау емес, шыңдалған ойлау.Оқушының бұл жұмысты дұрыс ұйымдастырған жағдайда өз даму деңгейіне сәйкес ойы шыңдалып, белгілі бір жетістіктерге жетуі сөзсіз.Осы әдіспен жұмыс жасау барысында мұғалім оқушының өзін ізденуге жетелейді, ойлауға үйретеді.

Педагогикалық технология оқушылардың   жеке басын дамыту мен білім беру мақсатына жету жолындағы педагогикалық қызметтің, іс-әрекеттің жүйелі дамып отыратын жобасы ретінде оқушы белсенділігін арттыруды көздейді. Ал, оқушы белсенділігінің артуы оны шығармашылыққа жетелейді.Шығармашылық қабілет әр баланың табиғатында болуы мүмкін. Біздің міндетіміз- оқушыға оның бойында жасырынып жатқан мүмкіндіктерін ашып көрсету. Оқушы бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші болады. Ал мұғалім  осы әрекетке бағыттауда, оқуды ұйымдастыруда жетекші рөл атқарады.

Әсіресе, «Блум таксономиясы» бойынша сабақ жоспарын жасап, оқушылардың сабақта ойлау деңгейіне арнап сұрақтар, тапсырмалар беруім және тапсырмада мұғалім қандай әрекет жасайды, оқушы берілген тапсырманы қалай орындайды, орындауда оқушылар қалай және қандай критерийлер бойынша бағаланады деп күнде кері байланыс жасау сабақтың жақсаруына жағдай туғызды.Сабақтың мақсатынан бастап кері байланысқа  дейін барлық кезеңдерде оқушылардың пікірімен санасып, ойын есепке алып отырамын.Оқушылардың сабақты өздері ізденіп, ойлау мен бірлесіп талдау арқылы білім қоры ұлғайды.Оқушылар кері байланыс жасауды үйренді.Сабақ бойынша өз пікірлерін және сыни ойлау деңгейінің қаншалықты артып отырғанын анықтау мақсатында сабақта «ББҮ» стратегиясы, «Екі жұлдыз, бір тілек», «Күнделік жазу» арқылы кері байланыс жасап отырамын.Күнде рефлексия жасау оқушылардың пікірлерін дәйектеп,ойларын орамды, сөздерін сыни тұрғыда көрсетіп жазуға дағдыланды.Әр сабақтан кейін оқушылардың рефлексиясын мұқият зерттеп, келесі сабақта ұсыныстарын ескеріп, түзетулер енгізіп отырамын.Мұғалім өзінің оқыту оқу тәжірибесін дамыту, өзгерту және жетілдіру әдістерін мұқият және үнемі ойластырып жүрсе, оқушылардың да білім деңгейі көтеріледі.Оқушылардың жетістіктерін көре отырып, алға ұмтылуға бағыт –бағдар беру, сыныптағы жағымды ахуал мен еркіндік және интерактивті жұмыс түрлері, дарындылықты даралау, әр баланың жеке ерекшеліктеріне көңіл бөлу арқылы өзін-өзі реттейтін оқушыға айналдыру үшін кері байланыс жасап отыру қажет.Ол үшін мұғалімдер мына қағидаларды терең ұстану керек деп ойлаймын.

Мұғалім қызметінің мақсаты- өз пәнін жақсы үйретуден гөрі тереңіректе : ол- адамды жасаушы адам.

Сабақ- мұғалім мен шәкірттің қарым-қатынасы.

Сабақтың мақсаты-баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін аша білу.

Баланың ықыласын оята біл, қолынан келетініне сендіре біл.

Мұғалім мен баланың қарым-қатынасы қуанышты әрі пайдалы болсын.

Баланы таңқалдыруды ұмытпа, «Даналыққа ұмтылу» таңқалудан басталады.

Шәкірттің кемшілігін көргіш болсаң, ықыласын өлтіресің. Баланың кемшілігін емес, жеңісін ізде.

Баланы сабақтың негізгі кейіпкері ете біл.

Балаға сыйлы боламын десең, баланы өзің сыйла.

Әр бала табиғаттың ғажайып құбылысы. Әр бала- ханзада мен ханша. 

 

Сабақты  өткізу сценарийі

Сабақтың мақсаты: 6.1.3.1 - тұрмыстық - әлеуметтік тақырыптарға байланысты жаңа сөздер мен тірек сөздердіңмағынасын түсіну;6.3.6.1 - тақырып бойынша үйренген сөздерін қолдана отырып, мәтінде көтерілген мәселені шынайы өмірмен байланыстыру

Білімділік.Әдеби ертегінің мазмұны мен идеясын ұғына отырып, Толағай бейнесін жан-жақты ашу,оқулықтағы нұсқасы мен  мультфильм нұсқасын салыстыру арқылы өзіндік пікір айтуға үйрету.

Тәрбиелік.Толағай бейнесі арқылы адамгершілік пен адалдықты бойларына сіңіру, Отанды сүюге, адал қызмет етуге тәрбиелеу.

Дамытушылық.Блум таксономиясына сай білуден бағалау дәрежесіне жеткізу, шығармашылыққа баулу, логикалық ойларын дамыту, өз ойларын еркін жеткізе білуге дағдыландыру.Сөздік қорларын молайту.

Қолданылатын әдіс-тәсілдер: АКТ,сыни тұрғыдан ойлау,диалогтік оқыту,топтық жұмыс,оқыту үшін бағалау.

Ұйымдастыру кезеңінен соң,оқушылар түрлі-түсті стикерлер арқылы топқа бөлінеді.Топ ережесі жасақталып, тақтаға ілінеді.Топ басшысын,уақыт қадағалаушысын, хатшысын сайлайды.

 Сабақ «Ой қозғау» стратегиясынан басталады. Оқушылардан «Толағай» сөзінің мағынасын қалай түсінетіндігі сұралады : «Ертегінің кейіпкері алып,ол алыптың атын неге Толағай деп атаған? Оның мәнісі неде деп ойлайсыңдар?» Оқушылар төмендегідей жауаптарды ұсынды: Толағай –алып, үлкен, дәу деген ұғымдарды білдіреді.

 «Толағай»-(монғол сөзі) дамылсыз соққан желдің аты, ал бұлтты тек жел ғана айдап әкелетіндігін түсіндіру арқылы сөздің шығу этимологиясымен танысады да,дәптерлеріне жазып алады.

Мағынаны тану сатысында АКТ-ны қолдану арқылы «YouTube» сайтынан САҚ киностудиясы түсірген «Толағай» мультфильмін (Режиссері Батырхан Дәуренбеков, сценарийін жазған Бақытжан Құлжабек) тамашалауды ұсынады.

Мультфильмді көріп болған соң, Блум таксономиясының ең төменгі деңгей- «Білу»деңгейі,оқыту - есте сақтауға,жаттауға, тануға,еске түсіруге бағытталғандықтан сұрақтар қойылады. Ертегіде қандай салт-дәстүрлер айтылады? Сүйінші дегеніміз не? Топ мүшелері мәтіндегі және мультфильмдегі кездескен сүйінші, ат қою,бата беру сияқты салт-дәстүрлерді атап шықты. «Сүйінші –әлдекімге қуанышты хабарды жеткізу.Мәселен, жаңа көрген мультфильмде бір бала Саржаннан ұлды болдың деп сүйінші сұрайды. Сүйіншісіне Саржан атып алған киігін береді» (Жансаяның жауабы).Түсіндірме сөздікте берілген анықтамасы оқылады. «Сүйінші- жаңалықты, қуанышты хабарлаушыға берілетін сыйлық, жоралғы».

«Түсіну» -таным мақсаты. Мазмұнын айту, ақпаратты бір күйден екінші күйге аудару,өз сөзімен жеткізіп айту. «Толағай» әдеби ертегісінің құрлысына талдау жасату арқылы түсінгендерін мазмұндау тапсырылды.Әр топ өздерінің жасаған талдауларын қағаз бетіне түсіріп, жариялады.Төменде 1-топтың құрылысына қарай талдау жұмысы.

 Басталуы.                         Саржан мерген мен Айдай сұлу Айсұлудың отбасы.

Дамуы.                            Толағайдың дүниеге келуі.

Байланысуы.                   Әкесімен аңға шығуы.

Шиленісуі.                      Жолбарыспен айқасуы.

Шарықтау шегі.             Еліндегі құрғақшылық.

Шешімі.                          Тау-«Толағай».

Идеясы.                   Ер ел үшін туады, ел үшін өледі.

«Қолдану» деңгейінде мәселені шешу, нәтиже алу үшін ақпаратты қолдану мақсаты болып табылады. «Толағайдың жанашырлық, елге деген сүйіспеншілік сезімдері өз бойларыңнан табыла ма?» 5 минуттық эссе жазу тапсырылады.

Оқушы жазбалары.

Иманғали Қабілет.«Толағай» ертегісін оқығанымда, Толағайдың тау көтеретіндей күшіне таң қалдым, қызықтым.Ал мультфильмді көргеннен кейін осындай алып адамның жүрегінің нәзіктігі мені тіпті қайран қалдырды.Кішкентай сарышұнақты аман алып қаламын деп, өзі мерт болды.Менің бойымда тау көтеретіндей күш жоқ (қолым ауырады), бірақ жанашырлық қасиет бар.

Сәрсенғалиева Фируза.Менің Отаным –Қазақстан.Мен өз Отанымды жақсы көремін.Жақсы көретінімді мен дәлелдей алмаймын, себебі әлі ол үшін ештеңе жасағаным жоқ.Бірақ теледидардан аға-апаларымыз сайыстарда орын алып, Қазақстанның әнұраны айтылып жатқанда біртүрлі боламын.Мүмкін осы сүйіспеншілік шығар, білмеймін.

Арыстанова Ақбота.Толағай –алып,дәу.Еліне деген сүйіспеншілігін тау көтеріп, жаңбыр жауғызумен дәлелдеді.Мен еліме деген сүйіспеншілігімді біліміммен,өнеріммен көрсетсем деймін.Менің үздік оқығаныма,өнеріме тек ата-анам емес, сонымен қатар достарым, сынып жетекшім, тіпті мектебім қуанады.Менің бойымда жанашырлық та, сүйіспеншілік те бар.

Сәрсенов Абылай.«Толағай» мультфильмі маған қатты-қатты ұнады.Менде сол мультфильді түсірген ағаларыма деген сүйіспеншілік пайда болды.Қандай күшті.

«Талдау» деңгейінде бөліктерге бөлу арқылы тұтас нәрсені көру.Қорытынды жасау арқылы жалпылаудың болғанын растайтын дәлелдерді анықтау.«Толағай» әдеби ертегісінің жазба нұсқасы мен мультфильм нұсқасындағы айырмашылықтарды талдап айт.

Р.с.

Жазба нұсқасында

Мультфильмде

1.

«Ұл туды» деп ел шу етті.

Сүйіншіні бір бала сұрайды.

Саржан ұлды болдым  деп ен далаға жар салады.Табиғат-Ана да қуанады.

2.

Бота болып ойнағалы

Арқаласа он баланы

Қайыспайды қабырғасы.

Әткеншектің бір басында отырған бес баланы бір өзі тербетеді.Шөп әкеле жатқан атайды арбасымен қоса өзеннен өткізеді.

3.

Темірден де өткізеді,

Түндік жерге жеткізеді.

Сарышұнақты қуып бара жатқан түлкінің құйрығынан тигізіп, сарышұнақты аман алып қалады.Атқан оғы қашқан киіктерге дәл тиеді.

4.

Жетеріне жеткен кезде,

Күн еңкейіп шөккен кезде,

Сүрінді алып әлденеден.

Түлкінің тырнағынан аман алып қалған сарышұнақты тау астында қалдырмаймын деп өзі қалып қояды.

«Жинақтау» деңгейінде-ауызша немесе жазбаша ақпаратты жүйелеу немесе балама шешім ұсыну. Толағай секілді ер болу қолыңнан келе ме? Алда-жалда ел күйзелсе, сен не істер едің? (Жазбаша жауап бер).

Оқушы шығармаларынан.

Саят Елжан. Толағай секілді ер болуға тек күштілік емес, сонымен қатар жүректілік қажет.Батырлық жүректе болады.Өткенде теледидардан өрт ішінен сәбиді алып шыққан оқушы баланы көрсетті.Міне, батырлық.Қажетті сәтте сондай ерлік жасау менің де қолымнан келетініне сенімдімін.

Қыдырбаева Салидат.Ерлік жасау кез келген адамның қолынан келмейді.Былтыр жазда ерлік жасаған ағайды өз көзіммен көрдім.Бір қызды теңізден алып шықты.Жағалауда жүрген көп адамдардың ішінен тек сол ағай көмекке барды.Мен өзім қазір ерлік жасауғадайын емеспін, бірақ қорқақпын деп те айта алмаймын.

Темір Кәусар. Атам әрдайым батыстың қыздары батыр деп мақтайды.Мысалы, Әлия мен Мәншүк туралы көп айтады. Алда-жалда ел күйзелсе, мен қолымнан келген көмекті жасаймын деп ойлаймын.Себебі мен Әлия мен Мәншүктің жалғасымын.

 

 «Бағалау»-ең жоғарғы деңгей.Бағалау шешімдері қабылданады, қарама-қайшы немесе әртүрлі көзқарастар шешіледі. «Толағай» әдеби ертегісі ұл-қыздарды толағай табысқа жетелейді деп санайсыз ба?

Сабақбаева Сымбат:-Иә, жетелейді.Мектепте өткізілетін отбасылық «Толағай» спорттық жарысы соған дәлел.

Телағысұлы Мерей:- Иә. Спортсмендерге толағай табыс тілеп жатады,меніңше,толағай деген сөз спортқа жақын сияқты.

Түзелбаева Ақшолпан:-Иә, біздер Толағайдай тау көтермесек те, неше түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрміз.

Ой толғаныс.Әр топқа «Бүгінгі күннің Толағайлары» тақырыбы бойынша сурет салу тапсырылды. Оқушылар шығармашылығы.

Бағалау.Кері байланыс. Екі жұлдыз, бір тілек. Смайликтер





  • Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
  •  «№ 13 гимназиясы» КММ-нің

    қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

    Турбекова Майрамгул Бахитовна.




14 қаңтар 2019 г. 86 238 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 002 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 798 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930