Алматыда ата-аналар үлкен даумен мектептен кеткен мұғалімді қайтаруды талап етті
Алматыда басы дауға ілігіп, жұмыстан өз еркімен кеткен әлеуметтік педагогпен №146 мектептің ата-аналары қоштасқысы келмейді. Айтуларынша, оқушыларды алға сүйреп, өз қызметін бар ынтасымен істейтін тәжірибелі маманды қимайды. Ал, отбасымен бірге баламды сабап тастады деп кінә таққан ата-ананы әлеуметтік педагог сотқа берген. Бұл туралы "Edunews.kz" AA КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Басы дауға іліккен әлеуметтік педагог жұмыстан кетті дегенді естіген білім ордасының ата-аналары өздерін қоярға жер таппай жүр. Олар балаларымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жұмысын тиянақты істейтін тәжірибелі мұғалімге қиянат жасалғанын айтады. Айтуларынша, ұстаз Шынар Құсайынованың оқушылардың үлгеріміне қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Динара Алдабергенова, тұрғын:
-Бұл кісінің арқасында біраз мектептің әлеуметтік іс-шаралары жүргізіледі. Қайырымдылық акциясы, мәдени шараларды өткізетін. Балаларымыз спорттық шараға қатыстырады. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ ол кісіге.
Айтолқын Серікқызы, тұрғын:
-Мұндай мұғалімнің кетіп қалғанына әрине қарсымыз.Шешім бәрі қабылданып, орнына келсе, мұғалімнің қайтып келгенін қалаймыз. Ондай педагогтар өте сирек. Өз жұмысын қатты жақсы көреді. Балаларымызда осы маманды қатты жақсы көреді.
№146 мектепте оқитын Арнұр Қожалымның ата-анасы баламды білім ошағындағы мұғалім мен оның отбасы соққыға жықты деп айғай-шу шығарған еді. 14 жастағы Арнұр мен педагогтың баласы арасындағы жанжал әлеуметтік желідегі кикілжіңнен басталып, аяғы төбелеске ұласыпты. Алайда, күйеуім тек балаларды арашалады деген әлеуметтік педагог ата-ана негізсіз жала жапқанын алға тартады.
Шынар Құсайынова, әлеуметтік педагог:
13-14 жастағы балалардың төбелесі әр мектепте болады.Оны шешуге болады ғой. Осындай дау шығарып, мұғалімдерді балағаттап, мектепке дақ келтірген ата-ана үшін ішім ашиды. Ешкім ол баланы ұрған жоқ.Төбелестен кейін бала орнынан тұрып, ата-анасын күтті.
21 жылдық тәжірибесі бар педагог Шынар Ілиясқызы шу шығарған ата-ананың мектепке баса-көктеп кіріп, қоқан-лоқы көрсетуі бірінші рет емес дейді. «Шыдамның да шегі бар» деген мұғалім даукес ата-ананы да сотқа беріпті.
Шынар Құсайынова, әлеуметтік педагог:
-Менің де балам жарақат алды. Сараптаманың қортындысы бар. Оның баласы үлкен ғой. Бірақ мен оны айтпадым. Мектептің оқу процесіне кедергі келтіргім келген жоқ. Осы жағдайды шешіп, әділеттікті қалаймын.
Енді істің ақ қарасы тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады. Айта кетейік, мектептегі жанжалдан кейін таяқ жедім деген Арнұр Қожалымның сынып жетекшісі де өз еркімен қызметінен кетіпті. Осы орайда, ата-аналар жеткіншектердің төбелесінен білім ошағының тәжірибелі ұстаздары жапа шекпесе екен деп отыр.