Шымкент мектептерінде ата-аналардан ақша жиналмайтын болды

Ұстаздардың басын қосқан жиынға Шымкент қалалық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева, қалалық мәслихат депутаттары мен орта мектептердің директорлары, ата-аналар және бірқатар мектептерде өз жұмысын бастап үлгерген қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты. Басқосуда сөз алған Жанат Тәжиева қамқоршылық кеңестің жұмыстары Шымкенттің барлық 140 мектебінде ашылғанын атап өтті.

Жиында сонымен қатар әр мектепте ата-аналардан ақша жинау тоқтатылып, қамқоршылық кеңес сол білім ошағының жеке есеп-шотын ашатыны айтылды. Сол арқылы демеуші тартып, одан түскен қаражат оқушылардың қажеттілігіне жұмсалмақ. Демеуші тарапынан аударылған қаражат көлемі және оның қайда, қалай жұмсалғанын әрбір ата-ана білуге құқылы. Бұл - ата-аналардан ақша жинауды түбегейлі болдырмауды көздейтін жоба,- дейді мамандар. Сондықтан білім саласының жауапты қызметкерлері ата-аналарды осы бағытта жұмыла жұмыс істеуге шақырды.