» » Мектеп директоры және мұғалім қауымы

Мектеп директоры және мұғалім қауымы

 Қазіргі уақытта мұғалім мәртебесі туралы әңгіме, пікірталас өте жиі естіледі. Мұғалім еңбегін саралау, бағалау да жалпыхалықтық мәселеге айналды. Жеке мұғалімнің білім, біліктілік деңгейі, адамгершілік табиғаты да үнемі көпшілік назарында. 
Мұғалім еңбегін саралаудың, бағалаудың жолдары көп-ақ. Уақыт талабымен мұғалім жұмысына қатысты бақылаудың жаңаша түрлері туындап жатады.Қазір электронды бақылау жүйесі енгізіле бастады.Мұғалім еңбегіне қойылатын талап-тілектің қандайы болсын шәкірт қауымның болашағы үшін қажет екені түсінікті. Жас ұрпақтың білім алу жолында бірінші ұстазы болатын, одан кейін де шәкірттерінің ардақтысы болатын мұғалім қауым үшін ел ілтипаты, қоғам құрметі – тағылымды тәрбие мектебі. Ұстаздықтың әліппесін бастау үшін жас мұғалімнің мектеп табалдырығын аттағанда ең бірінші алдын көретін адамы – мектеп директоры. Қазіргі уақытта мектеп директорының мәртебесі бұрынғы Одақ кезіндегіден әлдеқайда жоғары. Жергілікті өзін-өзі басқару заңына сәйкес мұғалім қауымды мектепке жұмысқа қабылдайтын, еңбек келісімшартына қол қойып, бекітетін – мектеп директоры. Бұл – бүгінгі мұғалімдер қауымы мектеп директорларының «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» деген сөз. Қазақстандық мемлекеттік білім сая­сатын жүзеге асыруда республикалық деңгейдегі орта білім ордаларын қоспағанда мыңдап саналатын облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер аумағындағы жалпы орта білім беретін мектептердің, лицей, гимназиялардың директорларының жекелей жетекшілік міндеттерін атқару әдіс-тәсілдерін, ұйымдастырушылық қарым-қабілетін саралау, білімділік, біліктілік тәжірибесін зерделеу жөнінде ештеңе естілмейді. Мектеп директорының жеке адами мінез-құлқы, адамгершілік ұстанымдары, рухани байлығы, мақсат-тілектері көпшілікке жария етілмейтін жабық тақырып сияқты. Сонда мектеп басшысының нақтылы қандай басшы екенін қалай білуге болады? Елбасы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сында: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби білік­тілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныс­тықты көтермейді», дейді. Бұл сөз жалпыға, бірінші кезекте, еліміздің болашағының іргетасы қаланатын міндетті орта білім мекемелерінің басшыларына қарата айтылғандай. Бүгінгі мектеп директоры, кешегі мұғалім немесе мектеп директорының орынбасары делік. Қызмет бабында өсіп, басшылық лауазымға жеткенде осындай қиын да құрметті жұмысқа лайықты білім, біліктілігімен, рухани байлығымен, ең бастысы, ізгіліктің, адамгершіліктің ақ туына адалдық биігінен көріне білсе игі. Ал егер олай болмаса ше? Өткен 2016-2017 оқу жылының соңын ала мектеп директоры «пара алды» деген он үш мұғалімнің жанайқайы телеарналардан қылаң берді. «Мұғалімнің жанайқайы» тақырыбымен шыққан бұл оқиға «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, мектеп директорларының абыройына көлеңке түсіретін келеңсіз жайт. Бұл кикілжің есік қағып тұрған жаңа 2017-2018 оқу жылында жалғаса бермесіне кім кепіл?! Бұл мектептің басшы-қосшы қауымының бітіспес дауынан, қырғи-қабақ арызшылығынан қажыған ата-аналарға да ауыр тиері анық. Оқу-тәрбие сапасы қандай болмақ? Бұдан мектеп директорларын іріктеу, тағайындау жүйесі бар ма, болса қандай деген сауал туады. Осы тұста Германия Федеративтік Республикасының білім беру жүйесінің басшы кадрларын даярлау тәжірибесіне зер салсақ артық болмайтын сияқты. Бавария жерінің Диллинген қаласындағы мұғалімдер білімін жетілдіру және қайта даярлау академиясымен тығыз қарым-қатынас орнатқан қазақстандық білім жүйесінің басшы және ғылыми кадрлар мамандығын көтеру институтының өзара тәжірибе алмасу жоспарына сәйкес біздің республиканың педагогикалық жұмыс орталықтары жетекшілерінің үлкен тобы 1996 жылы екі апта Бавария жерінде болып қайттық. Сол топтың ішінде  республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы ретінде мен де болдым. Осы сапарда көзбен көріп, көңілге түйгендерді «Бавария сабақтары» деген тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде (13.XI.1996 ж.) оқырман назарына ұсындық. Еуропа одағындағы барлық елдермен, Болгария, Румыния, Польшамен, Азияда Қытаймен, бұрынғы кеңестік аймақта Латвия, Литва, Эстониямен тығыз қарым-қатынас орнатқан, жұмыс істеп тұрғанына 25 жыл болған академияда еңбек жолын доценттік қызметтен бастап, 21 жыл директор болып отырған Людвиг Херинг мырза бірінші дәрісте бізді өзі басқаратын білім ордасының бес түрлі тақырыптық жұмыс бағыттарымен кең көлемде таныстырды. Соның бірі – Бавария білім министрлігінің мектепке директор қызметіне кандидатуралар даярлау тапсырысына сәйкес басшы кадрлар курстарын ұйымдастыру жұмыстары бізді ерекше қызықтырды. Мұндай курстардың сан-салалы ізденістерінің уақыт талабымен үйлесімділігі басты меже екен. Демек, біз үшін ойланарлық жайттар жоқ емес... 
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, 
Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері
"Егемен Қазақстан" газеті
08 тамыз 2017 г. 6 313 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 718 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930