» » Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру туралы жазбасынан

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру туралы жазбасынан

         2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етіледі

Егер бұған дейін басты назар 3-6 жасқа дейінгі балаларды қамту болса, енді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілді.

Бұл бағыттағы жұмысты қарқынды жүргізу үшін мектепке дейінгі ұйымдарды ашу, оның ішінде әсіресе жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша жұмыс жалғасады.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамту жоспарланып отыр.

Мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды ашуға арналған нақты жоспар әзірленді.

Қызметтердің сапасын арттыру үшін мемлекеттік тапсырысты орналастырудың нормативтік талаптары күшейтілді.

«Ақша баланың соңынан ереді» қағидасына сәйкес мемлекет қаржысы баланың ата-анасы таңдаған балабақшаларға жіберіледі.

Сонымен қатар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіліп, жаңа мемлекеттік стандарт пен үлгілік бағдарламалар қабылданды.

      Балабақшалардағы орындарды бөлудің бірыңғай және ыңғайлы ақпараттық жүйесі құрылады

Бұл балабақшалардағы орындарға мониторинг жүргізуге, жылдам әрі ыңғайлы кезекке қоюға, орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға, балалардың кезекке қайталанып тұруын болдырмауға мүмкіндік береді.

Өңірлердің балабақшаға тұрған кезегі бойынша деректері денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қорғаныс, құқық қорғау министрліктерінің деректер базаларымен біріктіріледі.

Бұл қызметті egov қосымшасынан да, банк қосымшаларынан да алуға болады.

    Қаржылай қиындыққа тап болған әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі

Мемлекеттік балабақшаларға бару тегін, ата-аналар тек балалардың тамағын төлейді. Осыған байланысты әлеуметтік осал отбасылар балаларын балабақшаға жібермейді, тіпті олар мектепке дейінгі ұйымдардарға баратын балаларының тамағын төлеуге мүмкіндігі болмағандықтан кезекке де қоймайды.

Соның салдарынан бұл балалардың әлеуметтенуі жеткіліксіз болады, мектептегі үлгерімі төмен тәуекел тобына түсіп, денсаулығында да проблемалар туындауы мүмкін.

Бұл мәселені шешу үшін Отбасының цифрлы картасы арқылы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды анықтау алгоритмі әзірленді.

Енді ел Президентінің бастамасы арқасында олар балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі, бұл балалардың әл-ауқаты мен табысты болашағы үшін өте маңызды. Бағдарламада 2029 жылға дейін 1-4-сынып оқушыларын мектеп тамағымен 100% қамтамасыз ету көзделген.

Бүгінгі таңда еліміздің 7 өңірінде 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысының бұл бастамасы мыңдаған баланың денсаулығын жақсартуына, дамуына, үлгерімі мен әл-ауқатына оң әсер ететіні сөзсіз.

    Оқытуға қолайлы жағдайлары бар 1,5 млн оқушы орны беріледі

Бұл міндетті орындау үшін 2023 жылдан бастап «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылады. Бұл жоба басқа ұлттық жобалардан ерекше. Себебі ол оқушы орны тапшылығы мәселесін жоюға көмектеседі. 840 мың оқушыға арналған мектептер салынады.Жаңа жайлы мектептер мен қазіргі салынып жатқан мектептердің тұжырымдамалық айырмашылықтары - құрылыстың бірыңғай стандартының сақталуы, заманауи пән кабинеттерімен және зертханалармен толық жабдықталуы, 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, құрылыс және әрлеу материалдарының сапасы жоғары болуында және т.б.Оқушылардың санын ескере отырып, көбірек спорт залдары ашылады. Қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеу үшін әр мектепте арнайы шеберханалар мен студиялар қарастырылады.

Бұл шара мектептерге біртіндеп бірауысымды оқу форматына көшуге жол ашады.

   Жыл сайын шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы кемінде 1 000-нан астам мектеп заманауи талаптарға сай жаңартылады

Бұл жұмыс мектептерде 6 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл – күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту, қауіпсіздікті жақсарту.

      Роботехника, химия, биология, физика пәндері бойынша кемінде 7 000 заманауи мектеп кабинеті ашылады

Жыл сайын орта есеппен 900-ге жуық робототехника, химия, физика, биология кабинеттері ашылады. Өз кезегінде бұл да білім беру сапасын айтарлықтай арттыруға әсер етеді.

      Пәндерді оқытудың инновациялық әдістері енгізіліп, қажетті оқу материалдары цифрлы форматқа ауыстырылады

Оқулықтарды цифрлы форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Балалар цифрлы сабақтар, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізіп, мектепте дәстүрлі баспа оқулықтарын пайдалануға мүмкіндік алады.

Оқулықтар үйреншікті дәстүрлі қағаз және цифрлы форматта қолжетімді болады.

    Білім беру ұйымдары қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіледі

Білім беру ұйымдары қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіледі. Барлық колледж, мектеп пен балабақша тиісті құрал-жабдықтар алады.

50 балалар сауықтыру лагері ашылады

50 балалар сауықтыру лагері ашылады. Бағдарламада балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінген. Бұл - бұрын сонды болмаған бастама. Оқушылардың демалыс және сауықтыру лагерлеріне қолжетімділігін кеңейту жоспарланып отыр.

Әр балаға қалауы бойынша спорттық секцияларға немесе шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беріледі

Бұл жұмыс мәдениет және спорт, сондай-ақ білім беру ұйымдарының желісі арқылы да жүргізіледі. Былтыр білім, мәдениет және спорт секциялары мен үйірмелеріне мемлекеттік тапсырысты орналастыру басталды.

100-ден астам оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, музыка және өнер мектебі, балалар технопаркі ашылады деп жоспарланып отыр

Бұл шешім мектептен тыс ұйымдардың балалардың тұрғылықты жеріне жақын орналасуын қамтамасыз етеді. Қазір оқушылар сарайларын, музыка және өнер мектептерін жекеменшік секторға беруге рұқсат етілмейтін шектеулерді заңнамалық деңгейде белгілеп жатырмыз.

2029 жылға дейін стипендия көлемін кезең-кезеңімен екі есеге көбейту жоспарланып отыр

Кәсіби патронаттық отбасылар институты енгізіледі

Бүгінде ауыр дертке шалдыққан немесе бірнеше бауыры бар балалар балалар үйінде қалып жатады, оларды тез асырап алмайды. Сондықтан олардың отбасында тәрбие алу мүмкіндігіне ие болуы үшін денсаулық жағдайына қарамастан барлық баланы қабылдауға дайын болатын кәсіби патронаттық отбасылар институты құрылады.

Асырап алатын барлық ата-ана тиісті дайындықтан өтіп, еңбектері үшін лайықты ақы алады. Біз заңнамаға қажетті түзетулерді дайындап қойдық.

Қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсету орталықтары бойынша жұмыс жүргізіледі

Балаларды қолдау орталықтарының негізгі міндеті – қиын жағдайға тап болған, көмек пен қолдауды қажет ететін балалардың өмір сүруіне, білім алуына және тәрбиесіне қажетті жағдай жасау.

Осындай орталықтарды қолдау және дамыту бойынша кешенді жұмыс жоспарланып отыр.


Дереккөз: ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
28 қараша 2022 г. 17 849 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 603 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930