» » Мұғалімдер демалғысы келмейді

Мұғалімдер демалғысы келмейді

 Жоғарыдан бұйрық түссе еріксіз қолындағы борын тастап, көше тазалап кететін, жергілікті шенділердің айдауымен түрлі іс-шараларда «тобыр» боп жүретін, бала-шағасына қимаған уақытын көрмелер мен жиындарға қор қылатын мұғалімдерді енді жаппай демалысқа жіберіп жатыр. Мәжбүрлі түрде. Еріктерінен тыс. Демалғанның несі айып дерсіз? Айыбы – ұстаздардың ақшадан қағылуы.  Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы Мұса молда мектебінің мұғалімі Света Алпамысованың ақысыз демалысқа шыққысы жоқ.

 – Директор шақырып алып, ақысыз демалысқа кетуге өтініш жаздырып алды. Жыл сайын осылай. 10-15 күнге деп арыз жаздырып алады. Онысы бізге тиімсіз. Айлығымыз кәдімгідей азайып қалады. Онсыз да ақша жеткізе алмай жүргенде енді, міне, ақысыз демалыс деген жүйкеге тиіп бітті. Заңды ақшамыздан қағылдық, – дейді ол.
Алпамысованың сөзінше, демалыстың бұл түрі «бюджетті үнемдеу» деген сылтаумен іске асады.
– Біздің есебімізден осылайша бюджетті үнемдеуді түсінбеймін. Рас, солай-ақ болсын делік. Онда үнемделген ақша неге мектеп қажетіне жаратылмайды? Оған да ақшаны өз қалтамыздан жинаймыз ғой. Мектепті де мұғалімдер, өзіміз жөндеп жатырмыз, – дейді ұстаз.
Мұғалім бізге қойған осы сұрақтардың еш сөзін өзгертпестен мектеп директорына қойып көрдік. Өзін «директор Шолпан Ахметова» деп таныстырған адам біздің сөзімізді мұхият тыңдап болған соң, «мұндай сұрақтарға жауап бермеймін» деп телефон тұтқасын қоя салды.
Ең болмағанда қандай сұрақтарға жауап бере алатынын да айтпады. Директордан гөрі облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Әлібек Сағынбекұлы әлдеқайда ашық адам екен. Мектептерде мұғалімдерді еріктерінен тыс мәжбүрлеп демалысқа жіберіп жатқанын облыстық білім бөлімінің басшысы тегі естімепті. «Ондайды білмеймін, бізге шағым түскен жоқ» деді екі ауыз сөзге келіп. Бірақ «анықтайық», «тексереміз» дегенді айтпады.
– Мұғалімдер жазғы еңбек демалысында. Жұмысқа енді шығулары керек. Оларға еңбекақы төлейтін жергілікті атқарушы органдар ғой, солар бірдеңе шығарған шығар, – деді білім бөлімінің басшысы.
«Өздерінің не шығарғанын» Түркістан қалалық білім бөлімінен білу тіптен мүмкін болмады. Ондағылар ақысыз демалысқа кетіп қалғандай жұмыс телефондарын көтермей қойды.
Ал құқық қорғаушылардың айтуынша, бюджетті үнемдегісі келетін директорда қарамағындағы мұғалімді мәжбүрлі, ақысыз демалысқа жіберетін құдірет жоқ.
– 2015 жылдың қарашасындағы Еңбек кодексіне сәйкес, ақысыз еңбек демалысын жұмысшы өз еркімен ғана ала алады, оны мәжбүрлеп тағайындау деген жоқ. Егер заңбұзушылықтар болса, мұғалім директорға арыз жазуы керек. Ол үш күнде қаралып, кейін комиссия құрылады. Егер олар істі шешпесе, мәселені сот қарайды, – дейді заңгер Сәуле Тасыбаева.
Өзіне тиісті ақшаны «тәрк» етіп, «бюджетті үнемдеу» демалысына шарасыздықтан қатысып жатқан Света Алпамысова заңгердің бұл кеңесіне күле қарайды.
– Директордың атына кімге арызданам? Әкімшілікке ме, әлде білім басқармасына ма? Директорды солар тағайындамады ма? Олар қарапайым мұғалімнің сөзін құлақтарына қыстырмайды, шағымын да қарамайды, – дейді.
Тәуелсіз мұғалімдердің бірлестігін құруға атсалысқан шымкенттік белсенді, белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлы С.Алпамысова айтқан мәселені барлық мектептерге тән құбылыс деп санайды. Бірақ, оның айтуынша, көп жағдайда мұғалімдерге өз құқықтарын қорғау өте қиын. Қарапайым ұстаздар ұшыраған «қуғын-сүргінді» мектеп директоры мен білім басқармасының өкілдері білмедік, көрмедік, естімедік деп отырған жағдайда мұғалімнің күні күңнің күнінен несі артық?

Аян ҚАЛМҰРАТ

"Жас Алаш" газеті
17 тамыз 2017 г. 5 273 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 328 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 640 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031