» » Мен батыр – ұрпағымын

Мен батыр – ұрпағымын

«Ұлы Отан соғысының тарихы тек төрт жылмен шектеліп қалмайды, ол тұтас дәуірді қамтиды, қиындығы мен құпиясы уақыт өткен сайын біртіндеп ашылады» депті майдангер жазушы Василь Быков. Қаншама уақыт өтседе елге жасаған ерлік ешқашан өшпейді, қайта ел есінде жаңғырады. Бұл соғыстың басталып, аяқталғанына биыл жетпіс бесінші көктем болмақ. 1941-1945 жылдары  Қазақстан бұл сұрапыл соғысқа миллионнан астам адамын аттандырды. Солардың ішінде менің атам да бар. Мен бүгінде Ұлы Жеңісті өзінің жанкешті ерлігімен жақындатқан Кеңес Одағының Батыры атағын алған туған атамды еске ала отырып,  әруағына бас иемін.

Мақаланың арқауына айналып отырған өз замандастарының ортасында беделді, Отан қорғау кезіндегі ерлігімен көзге түскен, бейбіт күнде де өз білімі мен білігін елдің экономикасын көтеруге аянбай жұмсап, ұл-қызына ұлағат үлгісін көрсете білген менің атам – Утарбаев Ниязбай жайында болмақ.

Атам - Утарбаев Ниязбай Отарбайұлы 1921 жылы 21 наурызда Жұрын ауданы Лаққырған аулында дүниеге келген. Темір қаласында 7 кластық мектепті бітірген. 1942 жылы армияға шақырылған кезде 20 жаста болған, Ақтөбеде құрылған 101-ші атқыштар бригадасының қатарына алынып, кіші командирлер дайындайтын қысқа курсты бітірген. Соғыс кезінде ерлігімен көзге түсіп, старшина атағымен миномет бөлімшесін басқарған.

Соғыстан кейін 1946 – 1954 жыдары Темір аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып, 1954 жылдан бастап партияның жіберуімен Темір ауданындағы Димитров МТС-нда бас экономист, партком болды. 1961 жылы Ленин совхозының құрылуына байланысты агрономдық жұмысқа ауысып, өмірінің соңына дейін  (1985 жыл) Ленин совхозында (кәзіргі Ақсай ауылы) агроном болып қызмет етті.

1945 жылы Берлинді алу кезіндегі ерліктері үшін Совет Одағы  Батыры атағы ұсынылып, бір себептермен берілмей қалады. Атам Соғысты 1945 жылы Берлинде аяқтап, әскерден жеңіспен оралып менің әжеммен отау құрып, алты баласы дүниеге келеді. 

2018 жылы Ақтөбедегі Облыстық «Алия» музейіне Подольск мемлекеттік мұрағатынан келген хабарламада ақтөбелік тоғыз жауынгердің     1941-1945 жылдары Кеңес Одағының батыры атағының ұсынылғанын, бірақ одан кейінгі жағдайы белгісіз болып қалғаны айтылған. Тарихшы Ж.Досановтың айтуынша, 200-ден астам қазақ жауынгері Совет Одағының батыры атағына лайық атақтарын алмай қалған. Казань қаласының Әскери Даңқ клубының жетекшісі, әрі мұражай қызметкері Михаил Черепановтың игі ізденіс еңбегінің арқасында ақтөбелік 9 батырдың есімі анықталып отыр. Солардың бірі менің атам. Бұл қазақ халқы үшін мақтаныш, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын асыл мұра, жастарды жігерлендіретін, қажыр-қайрат беретін қуат емес пе?    

Ендеше Әкемнің айтуы бойынша және қолымыздағы атамның бар медальдарі, ордендері құжаттарына тоқтала кетейін.

1942 жылы ақпан айында соғысқа кірісіп, Запорожье қаласын азат ету үшін Днепр өзенінен өту кезіндегі шайқаста ерлік көрсетіп, өзінің минометімен жаудың шабылуын қайтарып, тек бір күнде 3 пулемет нүктесін және 15 фашистті жойып жібереді. Осы ерлігі үшін  «II дәрежелі Отан соғысы» орденіне ұсынылады. (2.11.1943 ж. марапат қағазы).

Новая Пристань плацдарымын алу кезінде өзінің миномет бөлімшесімен жаудың көптеген әскерімен техникасын жойып, Днепрден өту кезінде біздің әскерлерге жол ашып береді. Осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылады. (11апрель 1944 ж. марапат қағазы).

Висла өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан жаудың қорғаныс шебін бұзу кезінде өз бөлімшесімен жаудың көптеген әскері мен техникасын жойып, осы ерлігі үшін «I дәрежелі Даңқ» орденіне ұсынылған. (5 февраль 1945 ж. марапат қағазы).

Одер өзенінің батыс жағалауындағы  Кюстрин қаласының маңындағы жаудың мықты орналасқан шебін бұзу кезінде, жаудың бірнеше дзоттарын жойып, 5 миномет батареясы мен 4 пулемет ошағын жарамсыз еткен. Осы ерліктері үшін Совет Одағы батыры атағына ұсынылған. (29 апрель, 1945 ж. марапат қағазы).

Одерден Берлинге дейін Миномет бөлімшесінің командирі болған гвардия сержанты Утарбаев Ниязбай атама соғыс аяқталар қарсаңында старшина атағы берілген. 

Сонымен қатар, (21 май 1945 ж.) «Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

«За взятие Берлина», «За освобождение Варшавы», «За победу над Германией» медальдарын алған.

Қәзіргі таңда атам туралы болашақ ұрпақ білсе екен деген ниетпен ата-анам барынша материалдарды баспасөз беттеріне, музейге хабарласып жариялап жатыр. Айта кететін болсам, 2018 жылы 20 маусымда Алия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалдық музейде еске алу шарасы өтіліп, Кеңес Одағының батыры атағы берілген  9 ардагердің 4-нің ұрпағы табылған. Сол кездесуде менің әке шешем, апа – ағаларым қатысты. Атам туралы, Шұбарқұдық гимназиясының тарих пәні мұғалімі Қуанова Жұмазия авторлығымен «Отты жылдар естелігі» атты тарихи-құжаттық зерттеу кітабында материал жарияланды. Сонымен қатар Облыстық «Ақтөбе» газетінің редакциясына әкем хабарласып, «Берілмей қалған батырлық атақ» атты мақалада және де «Диапозон» газетінде «9 актюбинцев стали героями, но не знали об этом более 70 лет» атты мақалада атам туралы айтылды.

Биыл ғана «24 хабар» телеарнасынан ата –анамның үйіне тілшілер    келіп, сұхбаттасып, атам  туралы материалдар жинақтады.

1985 жылы менің екінші ағам дүниеге келгенде атам оның есімін Саламат деп өзі қойған екен, өкінішке орай сол жылы өмірден озады. Мен атамды көрмесемде жадымда әрқашан қалады. Менің туған атам Утарбаев Ниязбай біздің отбасымызда батырлықпен қаһармандықтың үлгісі.  Мен білемін, ол нып-нық өзінің бар жігерлілік күшін қарсыластарына жұмсаған. Қарсыластарға шығатын кез келгенде ол тағдырға бағынып қашпай, тығылмай шыққан. Батыр атамның ұрпағы болғанына мен мақтан етемін. Ендігі бір ішкі арманым десем де болады, атама арнап Ақтөбе қаласындағы «Батырлар» аллеясында орын табылса, туған жерінде мектеп, көше атауларына есімі берілсе екен деймін. 

 
 Бүкіл халықтың өмірі жасырын болып келеді. Біз болашақты болжай алмаймыз, бірақ өмірдің қилы сәттерін адам кейпінде шыдамды түрде бастан өткізе аламыз. Біздің ата – әжелеріміз секілді. Біз олардан қалған ұрпақпыз, олардың жалғасымыз. Олардың қаны бізде де бар. Жеңіс күні-бұл өткенге құрмет, газеттердегі мадақтаулы шумақтарды жазу, тіпті әскери техниканың салтанатты шеруі емес. Бұл күн рухтың күші, жігерлік және Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны. Біз бұл күнді тек 9 мамыр күні ғана емес, барлық күндерде еске алуымыз керек. Бүгінгі ұрпақтың әлсіздігі мен инфантильдігі үшін аталарымыз соғысқан жоқ. Ал біз Бейбітшілік Жалауын, Отанымызға деген құрмет пен сүйіспеншілігімізді қостауымыз керек. Бұл біздің міндетіміз. Тарихтың санаулы сағаттарында шыбын жанын шөберекке тұмардай етіп түйген, әрбір ер азаматтың от ажалына құшағын құшу үлкен ерлік. Сондықтан да, халық соның ішінде біз жастар отаны мен елі үшін күрескен батырларымыз бен қаһармандарымызды өз жадымызда мәңгілік сақтауымыз қажет. 

Автор: 

Утарбаева Айнұр Берғалиқызы,

Қалалық жас туристер стансасының әдіскері

Ақтөбе қаласы

07 мамыр 2020 г. 4 783 0

Похожие новости:

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 253 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 621 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031