«Қазақстан оқушысы-2017». Өскеменде дәстүрлі велокөпкүндік басталды
Дәстүрлі дейтініміз, жас велошабандоздардың басын қосатын жарыс биыл Шығыс Қазақстанда осымен 17-інші мәрте ұйымдастырылып отыр. Білім және ғылым министрлігі, велоспорт федерациясы мен облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен жалауы желбіреген сайысқа Өзбекстан мемлекетінен екі, еліміздің әр аймағынан 16 команда, ұзын саны 134 спортшы қатысып, дүбірлі доданың көрігін қыздыруда.«Халықаралық деңгейдегі жарысқа қатысып келе жатқанымызға 16 жыл болды. Шығыс Қазақстанның таулы табиғаты спорттың бұл түріне өте қолайлы. Осы жолы біз 11 жүйрігімізді баптап алып келдік. Олар – біздің елдің чемпиондары. Әрине, жүлделі орындар үшін таласқа түсеміз. Бұл велобәйге келесі жылы өтетін Азия чемпионатына іріктеу десек те болады», деді көпкүндіктің ашылу салтанатында сөз алған Өзбекстан құрама командасының жаттықтырушысы Исмайлджон Каримов. Жарыстың ашылу салтанатынан соң велошабандоздар ұзындығы 64 шақырымды құрайтын Самар тас жолын бетке алып, жүріп кетті. Он үшінші тамызға дейін жалғасатын бәсеке аясында оқушылар 7 бағыт бойынша облыстың әр аумағында бағы мен бабын байқап көретін болады. Ерекше атап өтер жайт, жарыс басталардан бір күн бұрын осындай дүбірлі додаларға кезінде өзі де қатысқан, әлі де ара-тұра шайтан арба тебуге уақыт тауып жүретін облыс әкімі Даниал Ахметов сайысқа сайланып келген үздік 30 велошабандозбен бірге 25 шақырымға жуық жерді жүріп өтті. «Қазақстан оқушысы-2017» веложарысының маңызы зор. Мұндай сайыстар жас ұрпақтың шымыр да қайратты, денінің сау болып өсуіне үлкен әсерін тигізеді. Бұл жарысқа кезінде өзім де бірнеше мәрте қатысқанмын, қазір міне балғын спортшылармен бірге бірнеше шақырымды басып өттім. Деңгейі жоғары спорттық шараға Өзбекстан командасының да қатысып жатқанына қуаныштымыз. Дүбірлі додада барлық велошабандоздарға тек сәттілік тілеймін», − дейді бір мезет кастюмін спорттық формамен алмастырып, жастарға үлгі көрсеткен аймақ басшысы.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН