Бірлік пен білім--өркендеу негізі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа алғашқы Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Яғни, тұрақтылық пен өркендеу — қашан да қатар жүретін ұғымдар. Еліміз Тәуелсіздігін жариялағалы бергі отыз жылға жуық уақыт ішіндегі барлық жетістіктеріміз ең алдымен тұрақтылықтың, бірліктің арқасы екені әрдайым жадымызда болуы тиіс. Ынтымағы мен бірлігі бекем халық қана өсіп-өркендеу жолында нық қадамдар жасай алады.
Президент Жолдауында қоғамдық өмірдің түрлі салалары кеңінен қамтылған. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Оның бірі — әлеуметтік сала. Соның ішінде білім сапасын жақсартуға, әсіресе, жоғары білімнің сапасына бас мән берілетін болады. Жолдауда көрсетілгендей, қазіргі күні еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр. 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша, Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті түлектерінің 76 пайызы еңбекке орналасты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі жоғарылата түсу керек, сол мақсатта нақты жоспар жасалып, іске асырылатын болады.
Сондай-ақ, Президент адағы жылы Әл-Фарабидің 1150 жылдық, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойлары атап өтілетінін және мерейтой барысында тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеудің маңыздылығын айтты. Әл-Фараби мен Абай — ұлтымыздың рухани ұстаздары ғана емес, халқымыздың даналығын әлемге паш еткен тұлғалар. Олардың мұраларынан сусындаған ұрпақ білімге ұмытылысы жағынан да, тәлім-тәрбие жағынан да көңіл қуантып, көргенді болып өседі.
Жолдауын қорытындылай келе Президент Абайдың алтыншы қара сөзінде: «Бірлік — ақылға бірлік», — дегенін еске салады. Лайым мақсат-мүдде, ой-пікіріміз әрдайым бір жерден шықса, бірлігі бекемнің тірлігі де берекелі болары сөзсіз.
Миров Мұхтар Орынбасарұлы,
С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінің
Рухани жаңғыру орталығының директоры,
филолология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Дереккөз: "EDUNEWS.KZ" ақпарат агенттігі.