» » Оқушыларға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығы

Оқушыларға патриоттық тәрбие берудің маңыздылығы

Батталова Динара,

Жаңатаң жалпы негізгі білім беру мектебінің

информатика және математика пәнінің мұғалімі,

Павлодар облысы, Лебяжі ауданы, Жаңатаң ауылы

 

                                      ОҚУШЫЛАРҒА ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Өздеріңізге өз тәжірибемнен «Оқушыларға патриоттық тәрбие берудегі маңыздылығы» тақырыбындағы жүргізілген жұмыстар туралы ғылыми - педагогикалық көзқарастарым мен бірнеше жыл қатарынан сынып  жетекшілікті атқару кезіндегі жүргізген жұмыстарымды, әрекеттерімді пайдасы тиер деген мақсатта жазып отырмын. Патриоттық тәрбие - түйінді мәселелері көп, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін, көп ізденуді талап ететін үрдіс деп баға бергім келеді. Патриоттық тәрбие беру бағытындағы жүргізілетін жұмыстың түрлерін шығармашылықпен түрлендіріп, дамыта отыра пайдалану өз нәтижесін берді.

         Жерлесіміз ұлттық педагогиканы мұрат тұтқан Ш.Әленұлы «Педагогика кітабында»: «Патриоттық тәрбиені сабақ процесінде де, сабақтан тыс тәрбие саласында да үзбей беру керек. Ұлттық мектептің алға қойған ең негізгі мақсаты, маңызды міндеті де осы болмақ» деген еді.

         Бүгінгі  күні  балалардың  патриоттық тәрбиесі патриоттық сананы, өз Отанына деген адалдық пен сүйіспеншілік сезімін қалыптастырады. Қазіргі заман талабында азаматтық борыш пен негізгі конституциялық міндеттерді орындауға деген дайындық талаптары көңіл толтырарлықтай болып отыр. Атқарылып отырған жұмыс еліміздің  азаматтарының бойында патриоттық сананы қалыптастыру жөнінде стратегиялық  міндеттерді толықтай орындалуға бағытталуда.

         Әлемде азаматтардың бойында ұлттық нышандарға - Туға, Елтаңбаға, Әнұранға, ұлттық мерекелерге патриоттық сезімді, оларға құрметпен қарауды мақсатты түрде қалыптастырып отырған дамыған елдер аз емес. Көптеген  елдерде  мемлекеттік нышандар мемлекеттің оң бейнесін жасаудың негізі ретінде пайдаланылады,  ұлттық  мақтаныштың белгісі болып табылады, патриоттық сезім мен ерік-жігерді танытудың нысанасы ретінде пайдаланады.  Мемлекеттік  нышандардың  көмегімен оқушылар бойына еліне деген мақтаныш пен патриоттық сезім дәйекті де табанды тәрбиеленеді.

         Ел бейнесін және Отанымен ажырағысыз байланыс сезімін мемлекет пен қоғам, ең алдымен, білім беру арқылы қалыптастырады. Осыған орай, білім алушыларды Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, елдің мемлекеттік нышандарын танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа білім беру мекемелерін  белсенді  түрде тарту қажет. Білім беру ұйымдарында қазіргі заманғы қазақстандық қоғамдық  және  мәдени  шындықтарға негізделген және қазақстандықтардың тілімен  байланысты дүниетаным мәдениеті мен төзімділігі жөніндегі сапалы, мазмұны жағынан тиімді ақпараттық-дидактикалық материалдардың жеткіліксіздігін, балалар мен жастарға  арналған, олардың санасында патриоттық сезімді, өз Отанына деген сүйіспеншілікті оятуға, өз Отанына пайда келтіру ұмтылысын тудыруға ықпал ететін кітаптардың аздығын атап өткен жөн. Педагогикалық оқудың бүгінгі таңда өзекті мәселердің бірін қозғап тұрғандығына сәйкес, құқықтық мемлекет іргесін қалаушы, оқушылар мен олардың ата - аналары.

         «Жас ұрпақты осы бастан Отанына, атамекеніне шын берілгендік- патриотизм рухында тәрбиелеу» деген тақырыптың ауқымында дөңгелек стол, пікір алысу, тәрбие сағаттарын, сауалнама  өткізу, болашақта мұнан да мазмұнды жұмыстармен толығады деп ойлаймын. Сабақ беретін және жетекшілік ететін 5-7 сыныптарында патриотизм өз халқына деген сүйіспеншілік,  өзінің  шыққан тегінің бірлігі мен ортақтылығы, туған жеріне, тіліне, өскен ортасына, мінез-құлқына, психологиялық және этнографиялық  ерекшеліктеріне тән ерекше тарихи  ұлттық  дәстүрмен тығыз байланыстылығына  ашық  сабақтар  мен  тәрбиелік  маңызы  бар іс- шаралар жүргізу арқылы көңіл бөлемін. Ұлттық сезімдерді патриотизм арнасына, Отанға, ұлтқа деген сүйіспеншілік рухына дұрыс бағыттау үшін бұл  ерекшеліктерді  жақсы  білу  және оларды  міндетті  түрде  бала санасына сіңіре білу қажеттігін, әр оқушының өз жеріне,  отандастарына  сүйіспеншілік, өзге ұлт өкілдерімен достасу  арқылы халықтар арасындағы достық қарым-қатынастың - патриоттық тәрбие берудегі таптырмас құрал екендігіне көз жеткіздім.

         Оқушылардың  жаңа  ұжымын қабылдап алған сынып жетекші, әлбетте,  ең алдымен  балалардың  жанұядағы тәрбие жағдайларын зерттейді. Қажет  болған жағдайда  ата-аналарымен тығыз байланыста болып, үй  жағдайларын  жете  зерттеуі тиіс. Оқушылардың күн реттелімі мен жанұядағы еңбек міндеттерінің орындауына ата - аналардың қалай қарайтынына, балалардың сабақ даярлайтын орны мен шағын кітапханасының бар - жоғына, санитариялық-гигиеналық талаптардың орындалуына, оқушының бос уақытын қалай өткізетініне айрықша назар аударамын. Оқушыларға патриоттық  тәрбие  беру бағытындағы жүргізілетін жұмыстың  теориялық  мәселелерін  сөз  еткенде,  Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесін  мысалға  алуға болады. Ерлік  барлық жанға қажетті категория.  Олай  дейтініміз Б. Момышұлы «Ерлік - өзінің ең жаман мінез - құлқын жеңе білу» деген тұжырым жасаған. Міне,  мұндай асыл қасиеттерді қазақ ата-аналары өз отбасында тәрбиелеп, өз еркімен дамыта  аларлық  дәрежеге жеткізген. Осы қағиданы басшылыққа  ала отыра, ата-аналардың өз уәдесінде тұру, өз кемшіліктерін мойындау да ерлік іске жататынына мысалдар келтіремін. Ата-аналардың отбасындағы сыйластығы  әдептіліктері  баланың  іс-әрекетінен, сөйлеген сөзінен байқалып  тұратынын  әр  кездесуде  ата-аналардың есіне салып отырудың еш артықшылығы жоқ. Тіршіліктегі барлық нәрсенің бір-бірімен сабақтас болғаны сияқты, баланың бойындағы, әдетіндегі небір жақсы, жаман қасиеттің негізі - ата-анасы. Ананың, тәрбиешінің, ұстаздың шеберлігіне қарай бала бойындағы ұстамдылық, ұқыптылық, нәзіктік, кішіпейілділік, қасиеттері қалыптасса, әке арқылы еңбекқорлық, батылдық, адамгершілік, азаматтық, табандылық мінезге ие болады. Сондықтан  да  оқушылардың бойындағы  адамгершілік қасиеттердің патриоттық тәрбиенің бастауы екеніне көңіл бөлемін.  Ата-аналармен әңгіме,  жиналыс өткізу кезінде әр ата-анаға оның баласын қандай деңгейде, қандай қасиеттерімен көргім келетіндігіне басты назар аударамын, ол үшін әр ата - анаға баланың жанында үнемі болмасаңыз да, сіздің бейнеңіздің бала үшін қандай маңызы бар екендігіне көздерін жеткіземін. Себебі, кез-келген бала үшін оның ата-анасы  қандай  болса да, сол күйінде оны жақсы көріп, аяушылық көрсететінін алысқа бармай-ақ, тастанды балалардың жүрек жарды лебіздерінен байқауға болатынын түсіндіріп отырудың еш артықшылығы жоқ. «Өз еліңнің нағыз патриоты дегенді қалай түсінесің?» деген тақырыптағы пікір алысу кезінде көп ата-ана өз ойларымен бөлісе білді.

         Мектеп-халықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттерін  жас  жеткіншек  бойына  сіңіретін орта болса, ата-бабадан қалған  өшпес мұра, мол қазынаны қабілеті  жоғары  ұрпақтың бойына дарыту - ата-ананың  міндеті  екендігін  әр ата-ана түсініп, өз жауапкершілігін сезінуін қамтамасыз ету - бүгінгі күннің талабы деп түсінуіміз  қажет.

         «Баланы  жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін жан-жақты білу керек» деген белгілі педагог К. Ушинский. Сол  айтпақшы, оқушыны  жан-жақты білу үшін мұғалімге  ең  алдымен  көмекке келетін ата-ана екендігін әрдайым түсіндіріп отырамын. Ата-ана - ел болашағы үшін қажетті, маңызды міндеттерді арқалаған, жауапкершілігі зор, бейнеті бел қайыстыратын күрделі және қажетті орта. Оның  мәселелері де сан саналы, сан қилы. Ата-ананың мектеппен  бірлескен  қимылының  арқасында ғана нәтижеге жетеміз.  Ата-аналар - халықтың  бір бөлшегі. Халық  дегеніміз - адам. Адамды сүю оған жақсылық жасау - патриоттық тәрбиенің ажырамас бөлшегі.

         Ендеше, ата-аналармен  бірлесе  отыра, ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып, жас өскіннің ішкі жан дүниесі, ой санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға арналған шаралардың алатын орны ерекше екендігіне іс-тәжірибемде көз жеткіздім. Бұл ретте Елбасымыз

Н. Назарбаевтың «Қазақтың  ұлттық сана - сезімін дамыту - қазақ деп аталатын таңғажайып, әрі бай тарихи және мәдени байтаққа өз қатысының барын сезіну» дегені еліміздің патриоттарын тәрбиелеудегі - басты ұстанымымызға  айналуына  бағытталған  іс-шаралардың ерекшелігіне басты көңіл бөлемін. Бүгінгі Қазақстан  жағдайындағы ұлттық патриотизмнің басты көрінісі - қазақтың ана тілінде сөйлеуі, балаларына ұлттық  тәрбие  беруі,  ұлттық мінез,  жүріс-тұрыс  әдетін  қалыптастыру, ізет, құрмет, қайырым, мейірім тағы басқа сезімдерін дамытуы мектеп пен ата-ананың сабақтастықтағы жұмысының нәтижесі екендігіне күнделікті жұмыста көзіміз жетіп отыр.  Ел Президентінің «2030 жылға  қарай Қазақстан Орталық Азия барысына айналады және дамушы елдерге үлгі болады» деген асқақ сезімді сөзін алға тартқан біздің Жаңатаң негізгі мектептің ата-аналары, оның ішінде 5-7 сыныптарының ата-аналары Елбасының  үкілі  үмітін  ақтауға барлық іс-әрекет, күш-жігерін жұмылдырып жұмыс жасауда.

         Назарларыңызға  ұсынылған  тақырыптағы  мәселелер  бойынша бүгінгі таңдағы бала тәрбиесіндегі патриоттық тәрбиенің алатын орнына ерекше мән  берілді  деп  есептеймін. Мектепте тәрбиенің белгілі бір мақсаты болмаса, онда  жүйелі жұмыс жүргізу мүмкін емес. Тәрбие жүйесінің негізгі қозғаушы күші - класс жетекшісі және ата-ана. Бала өмірінде еліктеудің маңызын аша келіп «үлкен кісі не істесе, бала да соны істеймін деп  талпынады», сондықтан тәрбиенің басты мақсатының бірі - «жетіліп,  өсіп  келе  жатқан баланың  балдырған  табиғатына  азық  беру, әуес қылған нәрсесін тәжірибе еткізу» деп ойлаймын.

 «Зерттей отырып - тәрбиеле, тәрбиелей отырып - зертте»- бұл педагогиканың басты ұстанымдарының бірі. Әр ата-анаға патриоттық тәрбиенің  негізін  тәрбиелеп  отырған  баласы арқылы қалап, қажет жағдайда талап қоя біліп, ескерту жасау-салауатты да, сауатты ұрпақ тәрбиелеудегі  басты парызымыз болып қала беретіндігіне жауапты екендігін түсіндіру.  Бала әрекеттерінің мазмұнын және оның өсіп - даму заңдарын білуге сүйене отырып, оқу- тәрбие жұмысын ғылыми тұрғыдан ұйымдастырып, оны дұрыс жолға қоюға болады.

         Оқушыларға  патриоттық  тәрбие  беру  барысындағы жетістіктерім  мен  кемшіліктер арқылы одан сабақ алып, жинақтаған тәжірибелік жұмысымдағы  келтірілген әрекеттерді сіздердің де  жұмыстарыңызда  бұдан да тиімді етіп, пайдаланасыздар деп ойлаймын.

14 наурыз 2020 г. 26 405 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 253 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 621 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031