» » Шағын жинақталған ауыл мектебінде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру

Шағын жинақталған ауыл мектебінде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру

  Шағын жинақты мектептер – бұл алыс мекендерде орналасқан қазақ ауылдарының ұйытқысы, олардың әлеуметтік-мәдени дамуының өзегі. Елбасының «Ауыл – бұл халық өмірінің бейнесі, мәдениеті, дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек қана осы факторлар жиынтығы бізден ауыл мәселелеріне, соның ішінде оның мектебіне өте сергек қарауымызды талап етеді» деген сөзі мұғалімдерге үлкен міндеттер жүктейді.

Қазіргі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде орналасқан шағын елді-мекендердегі мектептердің басым көпшілігі – шағын жинақты мектептер. Мұндай мектептер саны тәуелсіздік алған жылдардан кейін жыл сайын өсіп келе жатқаны белгілі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктері, ауыл тұрғындарының қалаға көшуі, жастардың ауылда тұрақтамауы шағын мектептер санының көп болуына тіреп отыр. Зерттеу бойынша Қазақстан оқушыларының әрбір жетінші оқушысы шағын жинақталған мектептер жағдайында оқиды және әрбір төртінші мұғалім шағын жинақталған мектептерде сабақ береді.

Шағын жинақты мектеп дегеніміз – тұрғындардың саны аз аймақтарда жұмыс істейтіндіктен, оқушыларының саны аз, біріктірілген сыныптардан, толық емес сыныптардан тұратын, оқу үдерісін жоспарлау мен ұйымдастыруда өзіндік ерекшеліктері бар жалпы білім беру мекемесі. Қазіргі таңда шағын жинақты мектеп:

- біріктірілген сыныптармен;

- біріктірілген сыныптармен және толық емес сыныппен жұмыс жасайды.

Мектеп құрылымы бұлай өзгеше аталғанымен, мұндағы білім мен тәрбие сапасына қойылатын талап барлық білім беру мекемелеріне қойылатын талаппен бірдей болып қала береді. Сондықтан да шағын жинақты мектеп жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу керек.

Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында шағын жинақты мектептерді дамыту проблемасы басым бағыттардың бірі болып белгіленіп, шағын жинақталған мектептерге ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясы базасында ШЖМ дамытудың республикалық орталығының, тірек мектептері мен ресурстық орталықтардың ашылуы, мектептері жоқ елді мекендерде тұратын білім алушыларды тегін әрі қауіпсіз түрде тасымалдау стандартының қабылдануы. Осы аталған іс-шаралар республикамыздағы шағын жинақталған мектептердің сапалы білім беру үрдісін іске асыруға арналған игі іс-әрекеттер екені даусыз.

Шағын жинақталған мектептер мынадай мақсаттарды алдына қойып жұмыстануда:

- шағын жинақталған мектеп оқушыларына жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес білім беру;

- мектеп түлегінің функционалдық сауаттылығын қалыптастыру;

- қабілеттерін дамыту, өмір бойы үздіксіз білім алуын, өз бетімен білімін жетілдіруін қалыптастыру;

- ауыл шаруашылығы мамандығына бағытталып, ауыл мәдениетін, экономикасын дамытуға үлес қосуы.

Шағын жинақты мектептің оқу-тәрбие қызметіндегі қиындықтар осы мектептерге, біріктірілген сыныптарға арналған арнайы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың болмауынан туындап отыр. Пән мұғалімдерінің жетіспеуі немесе жүктеменің аздығы салдарынан шағын мектептерде бір мұғалімнің бірнеше пән бойынша сабақ беруіне тура келеді. Біріктірілген сыныптарда мұғалім бір мезгілде екі сыныпқа қатар сабақ өткізеді. Осыған байланысты әр сыныпқа жаңа сабақты түсіндіру кезінде мұғалім сабақ уақытының белгілі бір бөлігін ғана жұмсай алады. Мұндай біріктірілген сыныптардағы сабақтарды ұйымдастыру кез келген мұғалімнен, әсіресе жас мамандардан шығармашылық ізденісті, кәсіби жоғары шеберлікті талап етеді. Мұның өзі шағын жинақты мектептің біріктірілген сыныптарында сабақ өткізуде мұғалімдерге әдістемелік көмекші болатын құралдардың қажеттілігін туындатады.

Шағын жинақталған мектептердің проблемасы мен қиыншылықтары көп. Әсіресе, бастауыш және негізгі мектептердің жағдайы төмен. Материалдық-техникалық базасы нашар. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер, зертханалар жоқ, зертханалық тәжірибелер жасалынбайды. Көрнекі құралдар ескірген. Интернет желісі қосылмаған. Кітап қоры аз. Кадр тапшы және шағын жинақталған мектеп үшін арнайы маман жоқ (қос пәндік, химия-биология, физика-математика т.б) Бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ береді. Мұның үстіне, бала саны аз болғандықтан сыныптар топтастырылып сабақ өтетіндігін ескерсек, оқушының бағдарламаны толық игеріп, жан-жақты білім алуы қиындық туғызып отыр.

Солай бола тұрса да шағын жинақталған мектептің ауыл жағдайына прогрессивті рөлі бар:

- мектеп – ауылдағы мәдени орталық;

- жастардың ауылда тұрақтануына әсер етеді;

- ауылдың рухани мәдениетін көтереді (кеш, кездесу, т.б)

- мұғалім ата-аналармен етене жақын жұмыс істейді, себебі, бәрін таниды.

Шағын жинақты мектептің бірнеше өзіне тән тиімді жақтары да бар:

- балалардың саны аз, сондықтан мұғалім әрбір оқушыны, оның қызығушылығын арттыруына, отбасын тез, жақсы тануына көп мүмкіндік бар;

- дәптер тексеруге, жеке-дара өздік жұмысқа арналған жаттығулар іріктеуге аз уақыт жұмсалады;

- оқушылардың тәртіп бұзушылығы аз болады;

- оқушылар бірінші сыныптан бастап, өз бетімен жұмысқа бейімделеді;

- бір оқу бөлмесінде күнделікті бірге болғандықтан, жоғары сынып (3-4) оқушылары кіші сынып оқушыларына көмек береді;

- әрбір баланың білім деңгейлерін анықтап, олардың білім, білік, дағдыларының деңгейлерін көтеруге мүмкіндік мол;

- аталмыш мектеп мұғалімі пәнаралық байланысты жүзеге асыруға, кеңінен қолдануға тырысады;

- оқушылар әртүрлі сыныпта оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас тақырыптарға аударуға мүмкіндік жасалады;

- оқушылардың бірін-бірі тексеруін, өзін-өзі тексеруін және бағалауын жүзеге асырылады;

- үлкен сынып оқушысы төменгі сыныптың жұмысын тексеріп бағалау арқылы өз білімін іс жүзінде қолдануына мүмкіндік туады.

Шағын жинақты мектептерде оқушылардың білім деңгейін мемлекеттік

стандарт дәрежесіне көтеру, оқу-тәрбие жұмысының мазмұнын жақсарту – қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Шағын жинақталған мектептерде мұғалімнің негізгі мақсаты: бағдарлама мен мектеп белгілеген жоспарды орындап шығу екені белгілі. Бұл үшін шағын жинақты мектепте оқу-тәрбие үрдісін кіріктіре оқытудың әдістерін тиімді пайдалана отырып өткізу керек. Екі сынып қатар оқытылатындықтан сабақ кестесін, сабақ жоспарын дұрыс әзірлеу, оқушылардың өздері орындайтын жұмыстарын шебер ұйымдастыру, сабақ уақытын дұрыс пайдалану мәселесі туындайды.

Кіріктірілген сабақтарда оқушыға өзі өмір сүретін орта туралы, құбылыстар мен заттардың байланысы жайында ауқымды және айқын түсінік беріледі. Мұнда негізгі басымдылық қандай да бір білім көлемін игеруге емес, бейнелі ойлауды дамытуға беріледі.

Шағын жинақталған мектепте кіріктіріп оқытудың бұл ерекшеліктері алдыңғы алған білімін қайта жаңғыртуға көмектеседі. Бұл байланыс оқыту барысында нақты жаттығулар мен тапсырмалар арқылы нығая түседі. Осы ерекшеліктерді ескере отырып шағын жинақты мектептердің мұғаліміне мынадай талаптар қойылып отыр:

- өздігінен білім көтерудің тиімді әдістерін таңдай білу;

- шағын жинақталған мектеп жағдайына қарай бейімдеу, оқу үрдісін сапаландыру;

- әртүрлі жастағы оқушылар ұжымын басқара білу;

- оқушылардың бірін-бірі өзара білім алуды сапаландыру бағытын дамыту;

- оқушылардың бір отбасы балалары сияқты болып, өзін-өзі басқара білуін ұйымдастыру;

- оқуышылар арасындағы бір-біріне деген сенімділігін және сыйластықтарын арттыру;

- оқушылардың ата-аналарын қоғамдық-педагогикалық жұмыстарға қатыстыру.

Шағын жинақты мектепте оқу үдерісін ұйымдастыруда тиімді педагогикалық технологиялар (деңгейлеп, саралап оқыту, ұжымдық оқыту, дидактикалық бірлікті ірілендіру, дамыта оқыту, модульдік оқыту, ақпараттық-коммуникациялық технология және т.б.) қолданылады.

Деңгейлеп оқыту оқушылардың жас және білім деңгейі ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар беру арқылы олардың танымдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұжымдық оқыту әдісі динамикалық жұптар құра отырып, оқушылар арасында танымдық қарым-қатынасын, оқушылардың бірін-бірі оқытуын ұйымдастыру болып табылады. Ұжымдық оқыту әдісі балалардың қарым-қатынасы тапшылығын азайтуға, ауылдық жерлерде оқушылардың аздығы жағдайында оқушылардың монологтік және диалогтік сөйлеу қабілеттерін дамытуға жағдай жасап, мұғалімнің жалпы сыныппен жұмысын азайтып, жекелей оқыту уақытын көбейтуге мүмкіндік береді.

Дидактикалық бірлікті ірілендіру (ДБІ) - ақпараттардың біртұтас игерілуін қамтамасыз ететін, мағыналық қисынды байланыстар негізінде білімдік ұғымдарды біріктіру жүйесі. Бұл технология оқу пәндері және салалас пәндер блоктарының ішіндегі материалдардың дидактикалық құрылымын құру арқылы аралас сынып сабақтарын ұтымды өткізуге мүмкіндік жасайды.

Дамыта оқыту технологиясының әдіс-тәсілдерін кең қолдану - әр оқушының жан-жақты дамуына жағдай жасау арқылы белсенді тұлға тәрбиелеу.

Шағын жинақты мектеп мәселесін оңтайлы шешудің тағы бір жолы – бұл жаңа білім беру кеңістігін құру болды. Ол үшін материалдық-техникалық базасы мықты толық білім беретін мектептерден ресурстық орталықтар ашылды. Ресурстық мектеп – бұл шағын жинақты мектеп оқушыларының бейімделген, әр деңгейлі, көп сатылы, саралай және терең білім алуына жағдай жасайтын, оқу-тәрбие дамуын бағыттап отыратын ауыл мектебі.

Бүгінде біздің елімізде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын жүзеге асыру мақсатында шағын жинақты мектепке үлкен көңіл бөлініп, қамқорлық жасалуда. Оған дәлел:

1. Жалпы орта білім беру ұйымдарының (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) түрлері бойынша қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы ҚР білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі №375 бұйрығы;

2. Шағын жинақты мектептің негізгі нормативтік-құқықтық базасының

болуы;

3.«Білім туралы» Заңда шағын жинақты мектеп мәселелерінің белгіленуі;

4.«Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын арттыру мәселелерінің нақтылануы;

5. Шағын жинақты мектепте бала санының аздығына қарай:

-әр түрлі жастағы балалардың бір-бірімен толық қанды қарым

қатынасының орнауы;

-тілдің дамуына үлкен мүмкіндіктің болуы;

-әр оқушыны табысты оқыту;

-мұғалім мен оқушылардың тығыз ынтымақтастығы;

-оқытудың жеке әдіс-тәсілдерін ұғымдық түрімен ұштастыруға

мүмкіндіктің тууы.

6. Педагогикалық оқу орындарында шағын жинақты мектеп үшін

педагог кадрларды дайындауға деген бетбұрыстың жасалуы;

7. Педагог кадрларының біліктілігін арттыруды бюджеттік

қаржыландыру (шағын жинақты мектеп педагогтарын түгел біліктілікті арттырумен қамту).

Шағын жинақты мектеп мәселелері еліміздің барлық өңіріне тән жағдай.

Мемлекет тарапынан шағын жинақты мектептерді дамыту мен оның жұмыс жүйесінің назарға алынуы, қолдау көрсетілуі – еліміздің рухани-мәдени ошағына айналған ауыл мектебін сақтап қалуға қосқан үлес деуге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Ғылыми-әдістемелік «Ұстаз» журналының қосымшасы №1, 2012 ж

«Қазақстан мектебі» журналы, №10, 2015 ж

«Қазақстан мектебі» журналы, №11, 2015 ж

«Қазақстан мектебі» журналы, №10, 2012 ж

«Қазақстан мектебі» журналы, №11, 2013 ж

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.



Жайнагуль Қазбекова,

Ғ.Малдыбаев атындағы «Жаңажол» орта мектебі КММ-нің

директоры

Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Жаңажол ауылы

10 ақпан 2022 г. 17 240 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 372 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 940 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930