» » Дивергентті ойлау: түйінді идеялар, қорытынды

Дивергентті ойлау: түйінді идеялар, қорытынды

Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің басты міндеті ғылым мен тәжірибенің жетістіктері негізінде алған білімді нақты жағдайда пайдалану икемділігін меңгерген, өз бетінше дұрыс тиімді шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа формация мұғалімі-рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған әдіснамалық, зерттеушілік,-коммуникативтілік, ақпараттық, проблеманы шешу құзыреттілігі  жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, азаматтық жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға. Білім беру саласының барлық жағына жаңаша көзқарас, жаңаша қарым-қатынас, жаңа базистік оқу жоспарына көшу, білім мазмұнын жетілдіру, оқу әдістемелік кешендерге көшу,  жаңаша ойлау қалыптасуда.  Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.  Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін жəне əртүрлі салада қолдана білуін талап етеді.

  Менің ұстаздық жолымның кезеңдері: Мақсатты анықтау. Ізденіс кезеңі. Тәжірибе кезеңі. Нәтиже кезеңі деп бөліп қарастырдым.

  Мақсатты анықтау кезеңі:

1.Педагог ретінде шәкірт тұлғасын қалыптастыру мәселесін саналы түрде шешуге жол ашуға бағыт іздеу;
2. Алдымен шәкіртімнің өзіндік «Менің» ой елегінен өткізуге көмектесу жолдарын айқындау;

3. Әр баланың жеке ерекшеліктерін сақтай отырып, білім беру мен тәрбиелеуде дамытушылық маңызы бар әрекеттерді ұйымдастыру.

Оқушылардың дивергентті ойлау қабілетін қалыптастырудың  өзектілігі: оқушы бір мәселенің бірнеше шешімін іздеу арқылы шығармашылықпен  ойлауы дамиды, қажетті  дағдыларды дамыту бастауыш сыныптан бастап, яғни  кішкентай кезінен жүргізілсе  ең оңтайлы тәсіл болмақ.

 Тақырыпты таңдаудағы мақсатым: оқушыларымның шығармашылық ойлау әдісін, дүниетанымын  қалыптастырып, бір  проблеманың  бірнеше шешімін іздеуді,  өз бетінше ізденуін, өз ойымен өзгелердің ойын  сыни қарап, естігенің, білгенің талдап, салыстырып, реттеп, жүйелеп, білмегенің өзі зерттеп, дәлелдеп тұжырым  жасауға бағыттау, ойлау қабілетін  жетілдіру өз бетімен шығармашылық ойлауға, үйретуді көздеу.

Міндеттері:  

 оқушылардың  пәнге деген қызығушылығын арттыру;

жүйелі ойлап, қорытынды жасауға, өз ойын дәлелмен жеткізуге  мүмкіндік  жасау.

 Күтілетін нәтиже: Оқушылардың дивергентті ойлау қабілетін арттырады, жеке тұлғаның өздігінен ізденіп, ой-өрісінің жан-жақты дамуына жағдай туғызылады, білім сапасы артады.

Дивергентті ойлау қабілетін арттырудың ерекшелігі:

Оқушылардың бойында өз бетімен білім алу, өзін-өзі реттеу дағдыларын  дамиды.

Оқушының пәнді терең түсіну қабілеті дамып, алған білімдерін  сыныптан тыс жерде, кез келген жағдайда тиімді  пайдалана білуіне жол ашады.

Оқушының шығармашылық ойлауы артады, көкірегіне сенім ұялайды.

   Оқыту арқылы оқушылардың ақыл-ой қабілеттерін дамытуға баса назар аударған педагог-психолог, ұлы ғалымдар: Сократ, Аристотель, Декарт, Гегель, М.Монтессори, Ж.Пиаже, Л.В.Занков, И.Я.Лернер,   П.П.Блонский, Л.С.Выготский, Н.Ф.Тальзина, В.В.Давыдов, А.Н.Леонтьев, Ю.К.Бабанский, П.Я.Гальперин, А.В.Запорожец,  Н.Н.Семёнов еңбектерінде көптеген пікірлер айтылған.

    Д.Гилфорд, Л.Я.Дорфман, М.А.Холодная, А.Н.Поддяков, И.В.Блаубергтің  оқушылардың дивергентті  ойлау қабілетін дамытуға баса назар аударғаны тегін емес.

      Еліміз дамудың демократикалық жолын таңдап алған қазіргі заманда оқушыларды өз бетінше шешім таба білуге үйрету заңды құбылыс. Бұл күнделікті сыныптағы жұмыстарға да қатысты: бала сабақ кезінде менің  ойымызша белсенділік танытуы тиіс. Сондықтан оқыту әрекетінде мұғалім мен оқушының тығыз байланысы болуы, мұғалім бар күш-жігерін, педагогикалық шеберлігін оқушы бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашуға, үйлесімді дамытуға бағыттауы тиіс. Бұл міндетті оқытуда тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану  арқылы әр пәнде  іске асыруға болады. Мұнда білім беру үдерісінің нысаны бұрынғыша тек білім, оқу материалдары деп қаралмайды, ең алдымен оқу материалдары жеке тұлғаға бағытталып, оқушының психологиялық, шығармашылық коммуникативтілік қабілеттерін қалыптасытруға тікелей қызмет ететіндей құрылуы керек. Американдық психолог Джой Гилфорд ойлау және интеллект мәселелерін зерделеу арқылы адам ойлауы нақты бір алгоритм яғни конвергентті ойлау  көмегімен проблеманы бір вариантты шешуге бағытталуы мүмкін немесе ол бір мәселені шешудің кең ауқымдылығын қабылдауы мүмкін  яғни дивергентті ойлау қабілетін дамытуға баса назар аударған. Әртүрлі мәселелердің табысты шешілуі үшін дивергентті ойлау құндылығы мен оның маңыздылығы  оңтайлы шешім іздеуде, оның ішінде идеяларды қалыптастырудағы басты рөл ойлауға жатады. Ойлаудың мәні- жауап іздеуде және шындықты түсінуге деген ұмтылыста-делінген. Дивергентті ойлау  сөзіне қысқаша түсініктеме берсек,   дивергентті ойлау - латын тілінен Divergere-арасы алшақ кету-әдетте проблемалар мен мәселелерді шешу үшін қолданылатын шығармашылық ойлау әдісі. Дивергентті  ойлау – бір мәселенің бірнеше шешімін табу. Бұл әртүрлі бағыттардағы мәселені шешу мүмкіндігі. Оның негізгі көрсеткіштері-еркін сөйлеу, икемділік, өнімділік және даму. Осы көрсеткіштердің ықтимал үлесін ескере отырып, әр түрлі ақыл-ой инновациялық жолдар мен инновациялық идеяларды іздейді. Дивергентті  ойлау қабілетінің  көмегімен проблемаға жаңа шешім жасау үшін сананың компоненттерін пайдаланады деп қорытындыға келуге болады. Дивергентті ойлау қабілетінің белгілі бір ерекшеліктері бар: ол түсініксіздікті іздеуге, қолданыстағы стандарттардың шегінен асып кетуге, ерекше жолдарды іздейді, әдетте, белгілі бір проблемаға бірнеше шешімдерді табуға, белгілі және жаңа позициялардан құруға тырысады. Дивергентті ойлау қабілетінің  бұл қасиеттері, конвергентті, білімге бағдарланған, логикаға, белгілі бір дәйектілікке қарағанда, дәл, логикалық санаттармен жұмыс істейді және оларда бар мәселені белгілі бір ережелерге, заңдарға, формулаларға сәйкес шешуге тырысады.

  ІІІ Тәжірибелі кезең. Қазіргі  мектепте  білім алушыны өз білімдерін толықтыруға, ақпарат ағымына бағдарлауға, мектеп оқушыларының жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге, олардың танымдық қабілетін, білім алу қабілетін қалыптастыруға, өз бетінше ізденуге, жаңалық ашуға талпындыру керек. Сондықтан мектепте оқушының   шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жұмыстанып, шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Оқытуда  баланың дамуы-бұл білім берудің басты міндеті  болмақ.  Оқушыларды  бастауыш сыныптан бастап сабақтарда сындарлы, дивергентті ойлануға дағдыландыра отырып, оқушылардың пәнді терең түсіну қабілетін дамытуға, алған білімдерін кез келген жағдайда тиімді қолдана білуі қарастырылады. Сондықтан бастауыш сыныптан бастап, өскелең ұрпақтың білім деңгейін әлемдік стандарттарға  сәйкестендіру, оның ішінде бір мәселенің бірнеше шешімін іздеп  ойлануын яғни дивергентті ойлауын қалыптастыру арқылы кездескен кедергілерден тиімді жолмен  шыға білуге үйрету   кезек күттірмейтін көкейтесті мәселе болып табылады.

 В.Грязевой-Добшинскаяның «Ерте зияткерлік және шығармашылық дарындылықты тестілеуінде ұсынылған тапсырмалардың мысалдары: 1-тапсырма: «Тышқанға қарағанда мысық қорқақ. Итке қарағанда мысық батыл. Бәрінен батылы не?»

2-тапсырма: «Жылқы шыбыннан төмен. Ат керіктен биік. Бәрінен биік?»   

 2-сыныптың оқушыларына осындай есептерді шешуді ұсындым. Бір оқушы ғана ұзақ ойлана отырып, дұрыс жауап берді. Қалған балалар тапсырмадан ешқандай қиындықты  сезбей бірден «ит», «жираф» деп, тіпті кейбірі «Мен иттің ең батыл, жирафтың ең үлкен екенін білемін»  жауап берді. Олар бұл есептердің қандай да бір жолмен мүмкін болатын балама нұсқаларын іздемеді, логикалық тапсырмалар деп қабылдамады. Оқушылар  осы тапсырмаларға жауап бергеннен кейін, олардан осы тапсырмаларда қулықтардың бар-жоғын жақсылап ойлау сұралды. Оқушының қабілеті даму деңгейі мұғалімнің жетекші сұрақтарының нәтижесінде анықталатындығы белгілі. 24 оқушының екеуі   ғана осы кеңесті қолданды. Олар тапсырманың шартты екенін, нағыз жирафтар мен иттерге қатысы жоқ екенін көріп, жауаптарын өзгерте алды.  Көбіне оқушылар  сұрақтарға жауап бергенде немесе шешім іздегенде жаттанды үлгілерге сәйкес әрекет етеді. Сондықтан ұстаз үнемі бағыт беріп, оқушының өз ойын дәлелдеуін талап еткені жөн. Сонда ғана нәтижеге жетуге болады.

3.«Атауға болмайтын сандар» Мақсаты: оқушылар  сұрақтарға жауап беру үшін ойлана отырып айтылған санды қайталамай айту үшін басқаша мүмкін  жауаптарын ойлайды яғни бір мәселенің бірнеше шешімі болатына көз жеткізеді.

  • 2 және 4  санын айтуға болмайды.
  • бір рет айтылған санды қайталап айтуға болмайды.

Сұрақтар:

1. Бір қолда неше саусақ бар?

  • 2. Итте неше аяқ бар?
  • 3. Тауықта неше аяқ бар?

4. Сен неше жастасың?

5. Аспанда қанша жұлдыз бар?

6. Екіге екіні қосқанда неше болады?

7. Бегемотта неше көз бар?

8. Үшке екіні қосқанда қанша болады?

Мүмкін жауап нұсқалары: 1. бес; 2. мысықта қанша болса, итте сонша аяқ; 3.жұп; 4. аз; 5. өте көп; 6. 3-ке бірді қосқандағы сан шығады; 7. менде қанша көз бегемоттада сонша көз;  8. үшке үшті қосып, бірді алғанда шығатын сан

 4. Фигураларды қолдана отырып қызықты сурет салуды байқап көріңіз.

    Оқушылар суретті әртүрлі бейнеде салып, өз ойының әр түрлі деңгейін көрсетеді. Бұл тапсырманы орынауда оқушылар  дивергентті ойланады, өзбетімен жұмыстанады, сабаққа белсенділігі артады. Өмірмен байланыстыра отырып суретті әр түрлі бағытта бейнелейді. /Кесте-1/

     Қазақ тілі пәнінен оқушының жеке оқуға берілген сөйлемдерді оқудан және оның мазмұнын ұжымдық талдауға тапсырмалар беріп отырамын.  Оқушылар қойылған  сұрақтарға жауаптарын дәлелмен жауап беруін талап етіп отырамын. Сабақта оқушыларға тапсырмаларды түрлендіріп отырамын. Оқушының ой-өрісінің ұшқыр болуына көмектесу мақсатында мысалы:   «Сөз құрастыр» атты тапсырманы  /2-кесте/ беруге болады.

   5.   «Сөз құрастыр» 2-кесте

е,ш,т,б,р,ә,і,н,и

Би, ер, тер, іш, би, ет,Әбіш, әр.

 к ,е,у,с,е,р,т

Ес,кес,кет,ту, ет,,есе,ер, кер,ек.

Ө,к,е,ш,д,е

Көшеде, көше, көш, кеше, ек

6..«Ойды аяқта» қазақ тілі пәнінде ертегі не мәтін аяқталмай беріледі. Оны оқушы өз ойы бойынша аяқтайды.

7. «Ұйқасын тап»  /2-кесте/ өлең шумақтарын аяқтау үшін ұйқас табуға ойланады.

             Баға

 Біз мектепке барамыз,

  Жақсы баға аламыз.

  Мұны көріп анамыз,

  Қуанады даламыз.

      Амангелді Н

Аппақ қыс

         Ақ көрпеге оранып,

         Қыстың сәні қар болды.

         Тау, төбелер қар болып,

         Ақ күпіге оранды.

Тасбай Ә  

    







Әдебиеттік оқу пәнінде оқыған мәтін бойынша мазмұнын айтқызып қана қоймай,оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, мысалы, «Кір жаятын жіп» әдісі оқушыларға мәтін мазмұнына бойынша сурет салғызып, салған суреттерін оқиға желісі бойынша орналастыру тапсырылды. Оқушылар өз түсінігі бойынша бейнелерді орналастырды. Бұдан шығатын қорытынды оқушының мәтіннің мазмұнын қаншалықты дәрежеде меңгергенін көруге болады.

       Оқушылардың дивергентті ойлау қабілетін арттыру арқылы  оқушылардың  бойында өзгерістер оң нәтиже беруде. 

Оқушы бойында сыңаржақтылықтың болмауы, әртүрлі көзқарастарға көңіл бөлу, өзіндік сана сезім – өз эмоцияларын көзқарастарын білдіріп отырды.

Оқушылар сабақта белсенді, олар сұрақтар қойып, мағынаны анықтау үшін стратегиялар қолданып, әртүрлі тапсырмалармен жұмыстана отырып, сыни ойланады.

Оқушының жан дүниесі кеңейтуге, ауызша, жазбаша тілі, есептеу дағдысын,  ойлау, елестету қабілетін қалыптастыруға,  өзінше баға беріп, ой түйіндеуге баулу, креативті  идеяларға   жол ашу, сын тұрғысынан ойлауды дамытады,  табысты оқуға қол жеткізеді.

Нәтижесінде оқушылардың  сабаққа белсенділігі артып, түрлі шараларда өз нәтижелерін көрсетпеді.  

 Нәтиже кезеңі. Оқушылардың дивергентті ойлау қабілетін арттыру арқылы  оқушылардың  бойында өзгерістер оң нәтиже беруде. Облыстық, қалалық  пәндік олимпиада және  шығармашылық конурстар жеңімпаздары болдық. 2021жыл «Қызықты Математика және Логика» атты YII Республикалық онлайн олимпиада жеңімпаздары: Серік А, Айткалиева А, Темирбаева Ж. І орын, Гапурова А. ІІ орын; 2020жыл республикалық «Ақбота  интеллектуалды марафоны»  Айткалиева А , Серік А, Темирбаева Ж. ІІІ орын; 2020жыл облыстық «Green time»  қашықтан өткен ЭКО ертегі конкурсы  Айткалиев А. ІІ орын;  2019 жыл Халықаралық «Жас ғалым»  қашықтық ғылыми жоба байқауы Сағидоқас М. ІІІ орын; 2019 жыл облыстық мәнерлеп оқу сайысы  «Өлеңнің тау тұлғасы-Қадыр ақын» Серік А.  «Алғыс хат»; 2018жыл  республикалық   (авторлық өлең)  байқауы «Менің алғашқы ұстазым» Ерболат А. І орын; 2018 жыл республикалық авторлық өлең байқауы «Табиғатым-байлығым» Ерболатова Г. І орын; 2018 жыл республикалық  Эссе  байқауы «Табиғатты сүйемін Жаксылыков Э.  І орын және «Асыл анам»  Ерболат А. І орын;  2018 жыл облыстық мәнерлеп оқу сайысы  «Балғын, жыр балауса жүрек» Серік А. «Алғыс хат»; 2018 жыл қалалық «Үздік эсее» байқауы Ерболоатова  Г. ІІ орын; 2018 жыл қалалық математика пәні олимпиадасы Ерболат А. «Алғыс хат»;  2018 жыл қалалық «Ғылыми жоба» байқауы  Сағидоқас М. «Алғыс хат»; 2017 жыл Халықаралық Эрудит” интеллектуалды байқауы Жаңабайқызы М. ІІІ орын; 2017 жыл қалалық  «Мазмұндама сайысы» Жаңабайқызы М. ІІ орын, 2017 жыл  Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар кітапханасы Қ. Жұмағалиев өлеңдерін мәнерлеп оқу Ерболоатова  Г. «Алғыс хат»; 2017 жыл қалалық Қазақ тілі пәнінен олимпиада Жаңабайқызы М. ІІІ орын; 2017 жыл қалалық «Intel-logik» интеллектуалды турнир Ерболат А. І орын, YII облыстық “Intel-Logik-2016”   интеллтуалды турнирі Ерболат А. «Алғыс хат»; 2017 жыл қалалық  “Тәуелсіздік  тірегім – Қазақстан жүрегім”атты қалалық  авторлық өлеңдер байқауы Ерболоатова  Г. І орын.

 Сөзімді қорытындылай келе:  Егер бастауыш сыныптан бастап оқушыны дивергентті ойлауын қалыптастырсақ, ол оқушы болашақта:  

Өзгелермен өз ойларымен және идеяларымен бөліседі.

 Ақпаратты тез шешеді, алынған ақпаратты сыни түрде түсінеді.

Жаңашылдықты білуді, күрделі сұрақтарға жауап іздеуді ұнатады. Есеп қиынырақ, шығармашыл  болған сайын оны шешуге қызыға кіріседі.

Үнемі ізденісте болады.

Өзгелер үшін түсінуге қиын нәрселерлі оңай түсінеді .

Жаңашылдар. Олар жаңа идеяларды сынауға қызығушылықпен кіріседі және болашақта бәсекеге қабілетті болады.

  Дивергентті ойлауы қалыптасқан оқушылар болашақта креативті тұлға болады деуге болады.

   Психологтардың пікірі бойынша креативті адамдар-батыл адамдар. Креативті адамдар әзілкеш келеді, олар жаңашылдықтан қорықпайды. Ондай адамдар шеңбер мен шектерді ұнатпайды. Ондай оқушылар жоғары сыныптада  үнемі дүниетанымын кеңейтіп, жаңа көзқарастарды іздестіреді. Оқушы бойында сыңаржақтылықтың болмауы, әртүрлі көзқарастарға көңіл бөлу, өзіндік сана сезім – өз эмоцияларын көзқарастарын білдіріп отырды. Жалпы оқушылар сабақта белсенді, олар сұрақтар қойып, мағынаны анықтау үшін стратегиялар қолданып, әртүрлі тапсырмалармен жұмыстана отырып, сыни ойлана алады десем болады.

«Әр сабақтарымда оқушыларды дивергентті ойлату арқылы  оқушылардың ой-әрекетін жоғары деңгейіне көтеріп, пәнді терең түсінуіне жол ашамын!»










Автор: 

Ержанова Асемгул Есенамановна

№43 жалпы орта білім беру  мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,

зерттеуші-педагог, педагогика ғылымдарының  магистрі.

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы
21 мамыр 2021 г. 2 611 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 022 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 806 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930