» » Жаңартылған оқу бағдарламасының оқушы дарындылығын дамытудағы рөлі

Жаңартылған оқу бағдарламасының оқушы дарындылығын дамытудағы рөлі

Жаңа дәуір қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандықтарға «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын стратегиялық жоспарын жолдаған болатын. Жолдаудың мақсаты – елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру.

            Жолдау барысында Елбасы Үшінші жаңғырудың негізгі бес басымдығын айқындап берді. Олар:

экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруы;

дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру;

еңбек нарығын жаңғырту, макроэкономикалық тұрақтылық;

адами капитал сапасын жақсарту;

институционалдық өзгерістер, қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес [1].

            Аталмыш бес басымдық бірімен-бірі тығыз байланыста дамып отырады. Осылардың ішіндегі төртінші басымдық «адами капитал сапасын жақсарту» деп көрсетілген. Әрине, жаһандық бәсекеге  қабілеттілікті арттырудың басты факторларының бірегейі адами капитал сапасын дамыту, игілендіру болып табылады. Ал адами капитал сапасын дамытудың бірден бір қозғаушы механизмі ол – білім. Жалпы, білімнің адам өмірінде, адамның жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын айқындауда алатын орны ерекше.

            Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 2014 жылдың 17 қаңтар күнгі Қазақстан халқына жолдауында «Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек» деп жаңартылған оқу бағдарламасын енгізудің маңыздылығын айтқан болатын. 

            Жаңартылған білім беру бағдарламасы 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Республика бойынша 1-сыныптарға енгізілген болатын. Биылғы 2017-2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7-сыныптарға енгізіліп отыр. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты білім мазмұнын жаңарту, критериалды бағалау жүйесін енгізу, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолданудың тиімділігін арттыруды көздейді.

Жаңартылған оқу бағдарламасының:

әлемдік стандартқа сай білім беру,

бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу,

табысты өмір сүру дағдыларын қалыптастыру;

әлем азаматын тәрбиелеу,

тәжірибелік дағдыларды дамыту;

функционалдық сауаттылықты арттыру,

мұғалімнің кәсіби шеберлігін жетілдірудегі үлесі жоғары.

            Елбасымыз атап көрсеткендей: «Білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.» Яғни, мемлекетіміздің экономикалық өсуін көздеу үшін білім беру бағытын заман талабына сай өзгерту, экономика мен білімнің байланысын нығайту басты назарға алынып отыр. Өйткені, бiлiм беру жүйесi қоғамның әлеуметтiк-экономикалық дамуында жетекшi рөл атқарады, сондай-ақ оны әрi қарай айқындай түседi. Ал бүгінгі озық экономика білім беру мақсаттарын «білетін адамнан» «шығармашылықпен ойлайтын, әрекет ететін, өзін-өзі дамытатын адамға» ауыстыруды талап етеді. Осы тұста жаңартылған оқу бағдарламасының осыған дейінгі дәстүрлі оқытудан ерекшелігіне тоқсалсақ.

            Біріншіден, білім алушылар дәстүрлі оқыту бойынша мектеп қабырғасында сапалы, дәйекті білім алады, бірақ оларды өмірлік жағдаяттарда қолдану дағдылары қалыптаспаған. Теориялық ілімді практикамен ұштастыруда қиындық тууда.

            Екіншіден, дәстүрлі оқытуда оқушылар үшін мұғалім мен оқулық дайын ақпарат көзі болып келді. Оқушының сол білімді өз бетімен алу, талдау, яғни іздену дағдысы болмады.

            Үшіншіден, дәстүрлі оқытуда оқушы білімі күндегісін күнде стандартты түрде бағаланды. Бұл бағалау жүйесі оқушылардың бірде дайындалып, бірде дайындалмай келуіне әкеліп соқтырды. Яғни оқушының бағаға бағыныштылығы артты десек те болады. Ал критериалды бағалау жүйесі осы мәселенің шешімі болады деген сенімдеміз. Критериалды бағалау негізінде оқушылардың үлгерімі алдын-ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Баланы жан-жақты ізденуге ынталандырады. Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдер оны оқушылардың жетістіктерін өлшеп, алдағы сабақтарын жоспарлау үшін қолданады. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша жүргізіледі.

            Төртіншіден, жаңартылған оқу бағдарламасына спиральділік қағидаты енгізіліп, жаңа сабақ мазмұны тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым әрекеті арқылы беріледі. Бұл бойынша тақырыптар әртүрлі деңгейде қайталанады, кейде бір тоқсан аясында, кейде әр тоқсанда. Тақырыптар әрбір келесі деңгейде алдыңғыға қарағанда анағұрлым күрделі әрі тереңдетіліп оқытылады. Деңгей жоғарылаған сайын тақырыптың күрделілігі артып отырады.

            Тағы бір ерекшелігі – тілдердің үштұғырлылығы енгізіліп отыр. 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 10-11-сыныптарда «Химия», «Физика», «Биология», «АКТ» пәндері ағылшын тілінде оқытылмақ. Білім сапасының артуында «үштілділіктің» енгізілуінің алар орны ерекше. Өйткені, үштілділік – заман талабы. Үштұғырлы тіл саясатын енгізудегі басты мақсат: қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білу, ресми тіл орыс тілін қолдау, ағылшын тілін әлемдік экономикаға бірігу құралы ретінде үйрену. Өйткені, Қазақстанның ғаламдық прогреске жетуінде ағылшын тілін білудің маңызы зор. Қазіргі кезде ақпараттың басым бөлігі ағылшын тілінде жарияланады. Толыққанды ақпарат алу үшін ағылшын тілін білмек лазым. Жаһандық ақпаратты білмей, алға қадам басу қиынға соғады. Өйткені, жаңа технология, жаңа өндіріс, жаңа экономиканың тілі – ағылшын тілі. Кей азаматтардың ағылшын тіліне басымдылық берілсе, ұлттық сананың жойылуына әкеп соғады деген пікірлеріне айтарымыз, «үштілділік» үдерісінде тек қана ағылшын тілі басымдылық алмайды. Қазақ тілінің де басымдығы сақталады. Қазақ тілінің дамуына зор көңіл бөлінуін Елбасымыздың өзі міндеттеп отыр. «Жеті жұрттың тілін біл» демекші, тіл игеру арқылы сол елдің озық мәдениетін, озық білімін, озық технологиясын игереміз. Осы арқылы жаһандануға қол жеткізу жақындай түспек.

            Және де жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша үй тапсырмасын орындауға жұмсалатын уақыт шығынын ескеріп, тапсырманың көлемі бойынша нормативтер өзгертілді. Үй тапсырмасын орындау 2-сыныпта 50 минуттан, 5-6 сыныптарда 90 минуттан, 7-9 сыныптарда 110 минуттан, 10-11 сыныптарда 130 минуттан аспауы тиіс. Бұл да оқушы жағдайын оңтайландыруға жасалған қадам.

            Дәстүрлі оқыту мен жаңартылған оқу бағдарламасының ерекшеліктерін саралай келе, жаңартылған оқу бағдарламасының оқушы тұлғасын дамытудағы маңыздылығын түсінеміз. Өйткені, оқушының:

білу және түсіну,

білімді қолдану,

ақпарат іздеу,

өңдеужәне талдау,

топ ішіндегі ынтымақтастық және жеке жұмыс,

тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым,

зерттеу жүргізу,

функционалдық сауаттылық,

тұжырымдама жасау, рефлексия сынды дағдылары қалыптасады және дамиды. Осы дағдыларды қалыптастыру арқылы білім алушының дарындылығын шыңдау мақсаты орындалады.

            Сонымен қатар, жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша мұғалім оқытуда түрлі инновациялық технологиялар мен оқыту әдістемесімен қарулану керек. Яғни білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқу процесі оқушылардың өздерінің белсенді қызметімен сипатталатынын атап өткен маңызды. Әсіресе, дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы білім берушінің алдындағы басты назар аударатын негізгі міндеттердің бірі – дарынды балаларды анықтап, оларға адамгершілік қасиеттерді дарыту, шығармашылыққа үйрете отырып, терең біліммен қаруландыру, сол білімді өмірлік жағдаяттарда қолдануды үйрету. Бүгінгі таңда «дарынды оқушы», «дарындылық» деген ұғымдарға берілген анықтамалар бірізді емес. Бұның бір себебі, «дарындылық» ұғымын әр ғалымның әртүрлі аспектіде қарастыруы болса, екінші себеп аталмыш ұғымның кең ауқымдылығы. Дарындылық — адамның өз бейімділігі арқылы, шығармашылықпен жұмыс істеуі арқылы қалыптасатын қасиет. Қазіргі таңда барлық оқушы дарынды оқушы. Бұл қасиетті байқап, оның бар екеніне көз жеткізіп, бойындағы дарынын одан әрі дамытуға, ұштауға, қоғамның беткеұстар азаматы болуға мүмкіндік жасау мұғалімге артылатын үлкен жауапкершілік.

            Орыс ғалымы С.В.Кузнецова «оқушы дарындылығы» деген ұғымға келесідей анықтама береді: «Оқушы дарындылығы — осы білімді кез-келген жағдайға қолдана алатын, білімнің кеңдігі, жас ерекшелігіне сәйкес жоғары белсенділігі, психикалық процестерінің дамуының жоғары деңгейлігі, дұрыс ой-түйіндерге сүйене отырып, жұмысты жемісті орындауды қамтамасыз ететін психикалық қасиеттерінің жиынтығы [2].» Яғни дарындылық – баланың алғырлығы, зерделігі, қабілетімен дамып отыратын үздіксіз процесс. Осы дарындылықты дамыту әдістерінің бірегейі сын тұрғысынан ойлау, проблемалық оқыту әдісі. Дарынды балалармен жұмыс жасайтын пән мұғалімдері өз жоспарларына PBL зерттеу жобасын қосқаны абзал. PBL дегеніміз мұғалімнің бағыттауымен оқушылардың жасаған жобасы. Жобаның көлемді болуы міндет емес, үлкен жоба шағын жобадан бастау алады. PBL дегеніміз білім мен тәжірибені ұштастыру арқылы белгілі бір мәселенің шешімін табу. PBL  арқылы оқыту келесідей міндеттер негізінде жүзеге асырылады. Алдымен, мұғалім өз пәні бойынша оқушылармен бірлікте жоба тақырыбын белгілейді. Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жоспар құрылады. Жоба тақырыбы аясында негізгі сұрақ, яғни мәселе сұрақ анықталады. Сол сұрақтың шешімін табуға қажеттіліктер тізімі жасалады. Қажеттіліктер анықталғаннан кейін негізгі зерттеу жұмысы жүргізіледі. Бұл зерттеу жұмысының барысында мұғалім тек жол сілтеуші, қадағалаушы қызметін атқарады. Ол жоба аясында оқушының идеясын, пікірін ескеру қажет. Сонда ғана оқушының бұл жобаны жүзеге асыруға қызығушылығы артады. Бұл тұста авторитарлықтықтан ынтымақтастық оқуға көңіл бөлген жөн. Мұғалім оқушымен кері байланыс орнатуы керек. Егер оқушының жаңылысқан жерлері болса, түзетіп отырғаны абзал. Алайда жұмысқа тек сыни пікірлер айтылмай, мұғалім тарапынан мақтау әрекеті де болу керек. Бұл оқушыға мотивация береді. Уақыт таяп, жоба дайын болған кезде жұмыс тобы өздерінің жүргізген зерттеу жұмысын алдын ала белгіленген аудитория алдында қорғап, жұмыс нәтижесін көрнекілік түрінде ұсынады. Жобаның көлеміне қарай уақыты белгіленеді. Ескеретін жайт, егер жоба шағын көлемді болатын болса, уақыт көлемін бір айдан асырмаған дұрыс. Және де жобаны берерде топтағы оқушы саны он оқушыдан кем болмағаны жөн. Бастысы, оқушылардың жобаны кімге ұсынатындығы маңызды. Егер жоба сынып көлемінде болса, оқушы оған немқұрайлы қарауы мүмкін. Аудиторияны таңдаған кезде сырттан қонақ шақырып, мектеп көлемінде қорғайтын болса, оқушылардың да соғұрлым жауапкершілігі артады. Жобаның салмақтылығын сезініп, бар ынта-жігерімен бірлікте жұмыс жасайтын болады. Осы жерден PBL-дің оқушы дарындылығын дамытудағы үлесі зор екендігін ұғамыз. Яғни, PBL оқушының теориялық білімін практикамен ұштастыру дағдысын жетілдіреді, ғылымға деген қызығушылығын арттырады, топта бірлесіп жұмыс жасау әрекетін қалыптастырады, ізденімпаздық, зерттеушілік қасиетін дамытады, инновациялық білімін толықтырады, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін жандандырып, мектеп қабырғасында алған білімді өмір жағдаяттарында қолдану әдісін үйренеді. Бүгінгі таңда әлемнің озық мемлекеттерінің білім беру жүйесінде PBL арқылы оқыту үздіксіз процеске айналған. Біз де озық отыз мемлекеттің қатарына қосылу үшін PBL арқылы оқытуды жаппай өз тәжірибемізде қолдануымыз керек деп білемін. Жоғарыда айтылған мақсаттар мен міндеттер Қазақстанның жаңғыруында білім үлесінің басымдығын көрсетеді.

            Сөз соңында айтарымыз, әр мемлекет ғасырлар тоғысында рухани жаңғырып, жаңарып отырады, жаһанданады, ғаламдық прогреске ұмтылады. Біз де өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап, жаһандық жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді меңгерген адам сонша елдің білімін игереді. Озығы мен кенжесін саралайды, керегін сараптап, мемлекет мүддесі жолында пайдаға жаратады. Яғни, елі мен жеріне сүйіспеншілігі мол, ұлттық құндылықтарға бай, рухы мықты, тілі мен діліне, әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына, ұлттық салт-дәстүріне деген құрметі зор, ғаламдық жаһандануға ұмтылысы жоғары, еліне адал қызмет ететін жас буын қалыптастыруда ұстаздарымыға зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Елбасымыз айтпақшы, «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс.» Біз де еліміздің игі мүддесі үшін әлемдік прогреске қарай табандылықпен, қарқындылықпен ілгерілей береміз.


Табиғат Уатхан,

Ақмола обылысы, 

Шортанды ауданы,

Мықтыкөл негізгі мектебінің

тәрбие ісі жөніндегі директордын орынбасары

18 сәуір 2018 г. 13 991 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 13 709 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 334 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930