БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢАРТУДЫҢ НЕГІЗІ – БІЛІМ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢА ПАРАДИГМАСЫ МЕН МҰҒАЛІМНІҢ КӘСІБИ ДАМУЫ
Білім беру жүйесін жаңартудың негізі – білім жүйесінің жаңа парадигмасы мен мұғалімнің кәсіби дамуы
Қазіргі кезде әлемде болып жатқан өзгерістерге сай білім беру саласына өзгерістер қарқынды еніп жатыр. Осы мақсатта көптеген елдерде жүргізілген білім реформаларының өзіндік тарихи аспектілері мен ерекшеліктері бар.
Мысалы, Германия Федеративті Республикасында білім реформасы әр он жыл сайын жүргізіліп отырады. Германияда білімнің сапалы болуы ондағы жүргізілген білім реформаларының нәтижесі.
педагог кадрларды даярлау;
мектептердің инфрақұрылымдық жүйесін жетілдіру;
жоғары оқу орындарының сапасын әлемдік деңгейге көтеру;
ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігі;
Германияда оқығысы келетіндерге мүмкіндік жасау;
үздіксіз білім беру;
жоғары білімнің тұтас стратегиясы мен бұқаралық жүйесін жетілдіру т.б. Аталмыш жағдайлардың барлығы ФРГ-ның әр он жылдық білім реформаларында қарастырылып, өз шешімін тауып отырады.
Ұлыбританияның білім жүйесінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Олар білім реформасын жүргізуде жетістіктерге жету үшін бірнеше міндеттерді алға қойды: міндетті білімнің көлемін қысқарту, оқытушылардың білігін көтерудің жүйесін жетілдіру, білім беруді басқару мен мамандарды даярлаудың бір ортаға шоғырлануы, білімге қаржының көп бөлінуі, мектеп ісінің дамуына қоғамның үлес қосуы,т.б.
Бұл аталған мемлекеттердің барлығының білім жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ, барлық дамыған мемлекеттердің арасында Жапонияның білім жүйесі ерекше. Жапон елінің білім жүйесі батыстық үлгіде жасалғанымен, нақты бір елдің жүйесін емес, керісінше батыстық педагогиканы ұлттық педагогикамен үйлестіріп, өзіндік білім жүйесін жасауға қол жеткізді. Сондықтан да Жапон елінің білім реформасы бірнеше рет өзгерді. Әр реформаның нақты өзіндік тарихи аспектілері бар. Себебі, жапондардың тарихы мен ұлттық-әлеуметтік құндылықтары шетелдік үлгілерді игеруге кедергі келтірді. Жапондықтар ең алдымен өздерінің ұлттық құндылықтарын жоғары бағалайды. Олар қашан да білімге құштарлықпен танылған ұлт, ондағы білім жүйесі оқушылар бойында да тиісті адамгершілік ережесін қалыптастырып, ұлттық сипаттағы қасиеттерді дамытады. Бұны біз әр жылдары жүргізілген білім реформаларынан анық аңғарамыз. (www.rusnauka.com/6PNI)
Жапон елінде 1872 жылы білім туралы заң қабылданды. Заңда «өмірдегі жетістіктердің кілті оқуда, оны ешкім жоққа шығара алмайды және болашақта бірде-бір отбасы, бірде-бір адам сауатсыз болмауы керек»- деп айтылады. Көптеген жетістіктермен қоса білімнің батыстық жүйесі жапон халқына пайда келтірмеді. Себебі, батыстық білім жүйесінің негізінде оқытқанда, олардың негізгі пәні, негізгі ұстанымдары әдеп қағидасы ұмытылды. Император Мейдзи 1879 жылы елді аралау сапарында халық арасында тәрбиеге байланысты көптеген олқылықтарды байқады. Сол кемшіліктерді түзету үшін «Білімнің ұлы ұстанымдары» атты қаулы қабылдады. Ол қаулыда «Халық ең алдымен өзін рухани жағынан тәрбиелеп және әдеп ұстанымдарына жүгінуі керек. Осылар орындалғаннан кейін өздерінің қабілеттеріне қарай пән таңдауға болады»,- делінген. Барлық оқу орындарында Мейдзи білім реформасы негізінде 1881 жылдан бастап әдеп пәні жүргізіле бастады. Шет тілі пәнінің сағаты қысқарды. Сонымен реформаның нәтижесінде: Біріншіден жапондықтар өздерінің дәстүрлерін қайта жандандырды. Екіншіден көп аймақтарда Еуропалық білім кең тарады. Үшіншіден мектеп ұжымдары тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Төртіншіден бұл реформа Жапонияны көптеген дамыған елдердің білім жүйесімен теңестірді. Жапония әлемдік нарықта алпауыт елге айналды.
Қазіргі кезде экономикасы қарқынды дамып жатқан мемлекеттерге - Жапония мен бір қатарда тұрған Сингапур, Оңтүстік Корея, Гонконг, Қытайды айтуға болады. Бұл мемлекеттердің жер көлемі шағын, қазба байлық мөлшері не мүлдем жоқ, не көп емес. Сингапурдың тіпті тұщы су мен құмды да Индонезиядан алатыны баспасөз бетінде бірнеше рет жазылды. Осы сияқты мысалдарды аталған кез келген мемлекет жайлы айтуға болады. Алайда олардың дамуы қарқынды. Сондай-ақ бұл елдерде тәрбие де өте жоғары деңгейде. Батыстағыдай жеткіншек ұрпақ нашақор болып кетті, жеткіншек ұрпақ отбасын құрмай жатыр немесе былтыр отбасылы болған жастардың пәлен пайызы ажырасып кетті деген сияқты айғайды да олар жақтан не мүлдем естімейсіз, не өте сирек беріледі. «Сонда қалай? Бұлар ненің есебінен қарқынды дамып жатыр?» - деген сұрақтар әркімнің санасында туады. Ал сарапшылар «бұл мәселенің кілті – адам» деген қорытынды жасап отыр. Яғни «ХХІ ғасырда экономиканың дамуы үшін ең негізгі фактор мемлекеттің қазба байлығының мөлшері, мемлекеттің географиялық ыңғайлы орналасуы және т.б. мәселелер емес, экономиканың алға басуының негізі – адам, оның денсаулығы, білімі, кәсіптік деңгейі, икемділігі...» (www.alashainsy.kz/person/)
Қазіргі ақпараттар тасқыны кезінде кез келген жағдай ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз тұруы мүмкін емес. Бұған қоса білім деңгейі әлем елдерінде әртүрлі. Мысалы, мәліметтерге қарасақ, Африка және Таяу Шығыс елдері оқушыларының бір пайызы ғана орташа немесе өте жақсы Сингапур оқушысы деңгейінде білім алады екен. Бұл елдер алға ұмтылмаса, осы орындарында қала бермек. Міне, осындай себептермен бүкіл әлемде, әсіресе жоғары дамыған елдерде білім беру реформалары үнемі жүріп жатыр. Қазір дүниежүзілік білім кеңістігінде мемлекеттердің білім деңгейін саралау мақсатында бірқатар халықаралық зерттеулер жүргізіледі. Мұндай зерттеулер көптеп саналады, бірақ солардың ішінде анағұрлым маңызды PISA болып табылады. Оқушылардың білімі мен білігін бағалаудың PISA зерттеулері мектеп бағдарламасын меңгеру деңгейін анықтауға емес, оқушылардың мектепте алған білімі мен білігін өмірлік жағдаяттарда қолдана алу қабілетін бағалауға бағытталған. PISA зерттеулерінде оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық және ғылыми-жаратылыстану сауаттылығы бағаланады.Бұл зерттеулердің қорытындысы ретінде білім беру дәрежесі туралы дүниежүзілік табель жасалады. PISА-2009 жылғы зерттеу қорытындысы бойынша оқу сауаттылығынан Қазақстан 59 орында болса, математикалық сауаттылық бойынша 53-ші орында, ал жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бойынша 65 елдің ішінен 58-ші орында тұр. Бұл сандар біздің еліміздің білім саласында басқа елдерден қалыс қалып жатқандығынан хабар береді. PISA зерттеулері бойынша жоғарғы көрсеткіш көрсетіп, алдығы қатарда тұрған Шанхай, Финляндия, Сингапур,Жапония, Гонконг, Оңтүстік Корея елдеріндегі білім реформаларынан білім сапасын көтеруге себепші болатын бірқатар маңызды факторлардың айтарлықтай ілгері деңгейде жүзеге асырылатынын көреміз.(А.Құсайынов,2013ж) Осы факторлардың ішінен мыналарды бөліп көрсетуге болады:
* білім беру стандарттарының халықаралық талаптарға сәйкестігі;
* педагог кадрлардың мәртебесі мен кәсіби деңгейі;
* бағалаудың дұрыстығы;
* өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеу тиімділігі;
* білім беруді басқару жүйесінің тиімділігі.
Бұл маңызды факторлардың біздің елімізде қандай деңгейде іске асырылып жатқаны бізге белгілі жайт. Алысқа бармай-ақ өз мектебімнен бұған дәлелдер жетіп артылады. Мысалы: бірінші алаңдататын мәселе- педагог кадрлардың сапасы. Көп жағдайда білім жүйесінің сапасы онда жұмыс істейтін мұғалімдердің жұмыс сапасынан жоғары бола алмайтын ескерілмейді. Мектепте өздері әзер үлгеретін оқушылар жоғары оқу орнын бітіріп, мұғалім болып жатады. Ал білім беру жүйесінде жетекші елдердің барлығында бұл мәселе бірінші орында. Ол жүлдегер- елдерде мұғалімдер мәртебесі жоғары, сондықтан анағұрлым талантты адамдар ғана мұғалімдікке келеді және мұғалім біліміне қойылатын академиялық талаптар күшейтілген, тіпті кей елдерде мұғалімдердің магистр дәрежесі болуы талап етіледі.
Келесі мәселе-бағалау жүйесі: Қазақстан Республикасының білім жүйесінде оқушылардың жеке жетістіктерін нормалармен немесе оқушылардың көпшілігінің нәтижелерімен салыстыруға негізделген дәстүрлі бағалау жүйесі пайдаланылады. Мұндай жүйені қолдану әрбір оқушының дайындық деңгейін анықтауға және олардың қызметін ынталандыруға мүмкіндік бермейді, оқудағы жеке прогрессті қамтамасыз етпейді, оқу бағдарламасының тиімділігін бағалау үшін және білім беру үдерісінде барлық қатысушылармен кері байланыс орнату үшін ақпарат бере алмайды. Осы міндеттерді шешу үшін біздің мектептерге бірыңғай критерийлерге негізделген мектеп бағалауының айқын, анық және объективті жүйесі қажет.
Келесі фактор - менің мектебімде жеке оқушыларға қолдау көрсету үшін мектеп деңгейінде түзету шараларының жоқтығы.
Ал Финляндияда бұндай шараның тиімділігі жоғары жүйесі жасалған. Онда даярлықтан өткен арнайы мұғалімдер артта қалушылар санына қосылуы мүмкін оқушыларға жекелей көмек көрсетеді. Жеке оқушылардың сабақ үлгеріміне жедел араласу арқылы сәтсіздіктер мен соған байланысты ауыр күйзелістің алдын алуға болады. Сингапурде мұғалім оқу күні аяқталған соң оның көмегі аса қажет оқушыларға қосымша сабақ өткізу үшін мектепте бірнеше сағатқа жиі қалады. Ал Жаңа Зеландияда оқу дағдысы нашар оқушыларға қосымша көмек көрсететін Reading Recovery бағдарламасы жүзеге асырылады. Білім берудің мемлекеттік бағдарламасында білім беру ісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер еңгізілуіне байланысты бүгінгі заман талабына сай білім беру жүйесінің халықаралық талаптарға сай дамыту міндеті тұр. Бұл міндетті жүзеге асырудың бірден-бір жолы–педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жүйесін жаңашаландыру, яғни өмір бойы үздіксіз білім алуға көшу және мұғалімге мектеп жүйесін жан-жақты дамыту үшін қажетті білімдер мен дағдыларды беру болып табылады. Соған байланысты еліміздің түкпір -түкпірінде педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасы бойынша қарқынды жұмыс жасап жатыр. Бұл бағдарламалар негізінен сындарлы оқыту теориясына негізделген. Себебі орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясына негізделген тәсіл кең тараған. Сыни тұрғыдан ойлай білетін мұғалім ғана сыни тұрғыдан ойлаушы оқушыны «азықтандырады».
Бұл заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі – оқушыға дайын ақпараттар беріп, оны қайта мазмұндауға үйрету емес, оқушының кез-келген ақпараттарды өздігінен түсініп, өңдеп қолдануына мүмкіндік тудыру және оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару, ақпараттық технологияларда құзырлылық таныту болып табылады, ал 21 ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында.
2012 жылдан бері арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінен білікті мамандарды педагогикалық шеберлік орталығының шаңырағына жинап, Кембридж университетінен келген шетелдік әріптестер біздің кәсіби іс-тәжірибемізді өзімізге зерттетіп, жетістіктері мен өз кемшіліктерімізді талдатып, өздерінің озық ойлы идеяларын біздің ұлтттық менталитетке сәйкестендіруге, өз іс-тәжірибелеріндегі ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындауға ұмтылыс білдіріп, алғашқы қадамдар жасалуда.
Бұл жақсы бастама республикамыздағы біз сияқты шағын жинақты мектептерге кішкене де болса өзгеріс әкеп, оқушыларды оқуға тартуда, білім сапасын көтеруде, мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдауына, болашақта тіпті мектеп құрылымының өзінің өзгеруіне әсер ететіні сөзсіз.
Қазіргі таңда біз әлі үйренудеміз, бақылап зерттеудеміз. Дегенмен де, біздің мұғалімдерден де білім берудің озық әдістемесін үйренетін күндер алыс емес. Бұл бәріміз бірлесіп атқарып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асатынына кәміл сенеміз.
Пайдаланылған әдебиет тізімі:
1. «Педагогикалық диалог» журналы №1,2 2013 жыл.
2. Қайыңбаев Ж.(2011) «Білім берудің мақсаты адам капиталын дамыту болуы
керек?» (www.alashainsy.kz/person/21383/). 2013 жылы 15 қазанда алынды.
3.Көзжанов Б.Қ. (2012) «Қазақстан Республикасы 12 жылдық білімберу үлгісіне
көшу мәселелері» (www.rusnauka.com/6PNI). 2013 жылы 15 қазанда алынды.
4.Құсайынов А. (2013) «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы»
Жумагельдина Дидар Серикбековна,
«Е.Рахмадиев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп» КММ-нің
Биология пән мұғалімі
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Мәдениет ауылы