» » Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылық тұлғасы

Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылық тұлғасы

     Бүгін халқымыз Қазақстан Респуб­ликасының тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өтіп жатыр. Бұл – халықтың өз Елбасымен, ал Елбасының өз елімен біте қайнасқан құбылыстың айқын дәлелі болып табылатын жалпыұлттық мереке. 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланған тұста ҚР парламенті мәжілісі депутаттарының бастамасымен белгіленген бұл мерекенің елдік тарихымызда алатын орны айрықша деп хабарлайды, edunews.kz Ақпарат Агенттігі.

Еліміздің жарқын келешегі, тұғырлы тәуелсіздігі жолындағы үкілі үмітін жүзеге асыруда саналы ғұмырын сарп еткен ұлт перзенттеріміз аз емес. Олар алты Алыштың басына күн туған небір жаугершілік замандарда жауына қарсы жай оғындай атылған жаужүректеріміз саңлақ сенім, серпінді бастамаларымен ел тізгінін уысынан шығармады. Дәуір доңғалағымен ілгері өрлеп келе жатқан сол ұлы көшті бастап келе жатқан ерендеріміздің ерлік істері тарихымыздың беттерінде самаладай сайрап жатыр. «Елдік те ерлік сияқты, сын сағатта танылады» дегендей уақыт сынының өзі бұл құбылысты үнемі жаңғырықтырып тұрады.       

         90-шы жылдардың «тоқырауы»  тарихымыздағы сынағы өткір кезең болды. Бодандықтың күні бітіп, бостандықтың таңы атқан бастапқы сәттегі экономикасы есеңгіреп, руханияты әлсіреген,  қол артар қазына қорынан құралақан жағдайдағы еліміздің жағдайы қайсар қазақтың төзімін тағы бір сынаққа салғандай еді. Осындай арты ойран, алды – беймәлім күйге қарамастан Тәуелсіздігіміздің туын желбіреттік. Жас сәбидің алғаш қаз тұрып, қалт-құлт қадам басқанындай сол бір шешуші тұста өмір мектебі болаттай шыңдалған нағыз Ердің қолына елдігіміздің тізгіні сеніммен табыс етілді. Содан бері сарабдал саясаткер ретінде сырт ел, сыншыл көзқарастардың назар-қаһарынан қаймықпай, қиындықтарға қарсы батыл қадам, байыпты шешімдерімен жол бастап келе жатқан Елбасымызды халық қаһарманы деп бағаласақ артық болмаса керек.

          Өткенімізге ой жіберсек 1991 жылдың 1-ші желтоқсанындағы, ел азаматтарының 88,23 %-ы қатысқан Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы тұсындағы жоғары көрсеткіш – жаңа тарихи асуымыздың кіріспесі, жалпықазақстандық тұтастықтың айқын дәлелі ретінде әсер қалдырды. Сол жолы Н.Ә.Назар­баев­қа қазақ­стан­дықтардың 98,78 %-ы дауыс беруі, дәуірлер тоғысындағы халқымыздың Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел басқарудағы бай тәжіирибесі мен іскерлік шеберлігіне деген нық сенімінен туған құбылыс болатын.  

           Сол кезеңнен бастап небір асуларды бетке алған тұңғыш  Президентіміздің ел басқару ісіндегі алғырлығы мен табандылығы әлем саясаткерлері мен көшбасшыларын тәнті етіп келеді. Ол түркі мемлекеттерінің ішінде алғашқы болып күллі түркі тектінің  қасиетті Тұран жерінде қайта қауыштыруға қадам жасап, арадағы бауырластық, туысқандық көпірді қайта жаңғыртты. Елбасымыздың осындай ұлағатты ұстанымдары ұрпақтар сабақтастығындағы өшпес өнегеге айналды. Ел тізгінін басқаруда тереңінен толғап, алыстағыны болжай білетін Елбасымыздың бұдан басқа да толағай табысты бастамалары бүгінгі жаңғырған қазақ қоғамының келбетінен көрініс тапуып отыр.

          Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылық тұлғасына тән белгілер ұлтымыздың бас идеологы - Абайдың өзекжарды ой-толғамдарынан да табылады. Әр тармағы теңдессіз ой иірімдерін құрайтын қара сөздердің отыз тоғызыншысы халқымыздың ел басқарудағы ерекшелігі жайында. Отаршылдық саясат ұлттық қалыбынан айнытқанқа дейінгі дәстүрлі ел басқару жүйесінде тұлғаның  Елбасы, Топбасы мәртебесіне ие болуы табиғи-демократиялық сипатымен ерекшеленген. «Әуелі ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады, көші-қонды болса, дау жанжалды болса, билік соларда болады екен олар сайланбайды, оны халық қалайды» Ондағы басты күш - қалың қауымның ыстық ықыласы мен қалтқысыз қалауы. Яғни билік тізгіні тұлғаның қадір-қасиеттеріне, ақыл-парасатына, азаматтық позициясына, батылдығы мен батырлығына, көсемдігі мен шешендігіне, т.б осы сынды кемел бітім, көрнекті қасиеттеріне байланысты халық атынан сеніп тапсырылады. Осы құндылыққа болыстық билік тәртібін ендіру арқылы патша үкіметі балта шапты. Салдарынан ел ішінде алауыздық жайлап, ұлттық намыс аяқасты болды.   

Ұлт көшбасшысын «Тұңғыш Елбасы» деп ұлықтауымыздың өзі сол байырғы елдік қалыбымызға оралудың  айғағы. Ұлттық сананың қайта түлеуіне орай тәуелсіздік тұсындағы Топбасымыз көптің қалауымен тұғырына қонды. Тұңғыш Президентіміз осы тарихи миссияны Елбасыға тән даналықпен және өз халқы­на деген перзенттік сүйіс­пен­шілікпен, намысшылдықпен атқарып келеді. Оның бағдарлы идеялары ел сенімін қанаттандырып, әр азаматтың зият­керлік қуат-қажыры мен қарымын тарихи ұлы істерге, көп диаспоралы мемлекетіміздің мызғымас тұтастығына жұмылдыра білді. Осыдан 29 жыл бұрын ол тарихи тағдыр тоғыстырған түрлі ұлт өкілдерінен тұратын он бес миллион қазақстандықтардың татулық пен келісімде өмір сүруі ғана жақсы болашаққа бастар жолдың ашылатындығына  сендіре алды. Байтақ жерінің қадір-қасиеті бойына ентеп сіңген нағыз азамат ретінде Елбасымыз өз халқының құндылықтарын – бейбіт­ сүйгіштік пен тағаттылықты, жаңа білім мен дағдыларға деген ашық­тық­ты, дәстүрлі арнамен жалғасын тауып келе жатқан рухани жомарттықты, азаттық рухты  сенімді серік ете білді. Тәуелсіздік халқымыздың баға жетпес бақыты болса, көк байрағын желбіретіп, халықты «Нұрлы жолмен» «Мәңгілік Ел» - бақытты болашаққа бастап келе жатқан тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елдігіміздің тұтқасына айналды! 

Халықаралық сарапшылар Назарбаевты әлемдік саясаттағы ерекше тұлғалар Франклин Делано Рузвельт, Мұстафа Кемал Ататүрік, Махатма Ганди, Шарль де Голль, бүгінгі Ли Куан Юмен, Махатхир Мохаммадпен қатар бағалайды. Бұған дәлел боларлық нанымды деректер де қыруар. Жетпіс жылдық кеңес үкіметінен қалған қирандының орнына жаңа мемлекет құрып, қалыптастыру – инемен құдық қазғанмен бірдей. Нұрсұлтан Әбішұлының өз сөзімен айтсақ: «Ел болудың, мемлекет болудың жөн-жобасын көрсетіп, көмекке келген ешкім болған жоқ. Біз бәрін де тыңнан бастап, халқымызбен бірге қалыптастырдық. Жоқтан бар жасадық, барды берекеге айналдырдық. Сол ырысты өсу мен өркендеудің негізі етіп алдық».  Қазақстан дамуының өзіндік моделі туралы Президент: «Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз» дейді.

Бүгінгі Қазақстан – эконо­ми­калық, саяси, әлеуметтік, инновациялық,  рухани, пассионарлық әлеуеті зор тәуелсіз, тұрақты, құрметті және әлем жұртшылығы алдында беделді мемлекет. Сондықтан тәуелсіздігіміздің тарихын Тұңғыш Президенттіміздің көш­бас­шылығынан бөліп қарауға болмайды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – ХХІ ғасырдағы әлемдік үдерістер тарихындағы кемеңгер тұлға. Ол мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыздану саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары өредегі халықаралық деңгейде танытқан тұлға. Едбасының тікелей басшылығымен құрылған ұлт жоспарында мемлкеттік идеяның түптаған қазығы ашып көрсетілді. еліміздің Онда «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» белгіленіп,  «Мәңгілік ел», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» идеялары болашақ дамуымыздың бағдаршамына айналды. «Ұлы даланың жеті қыры» анықталып, Тәуелсіз Қазақстанның шекарасы заң жүзінде нақтыланып, іргесі бекітілді.

Бұл бетбұрыстардардың тарихи-идеологиялық, стратегиялық мәні мен маңызы жайында Елбасы: «Уақыт бізді таңдады! Біз сол уақытқа өзіміздің мемлекеттік мөріміз – тәуелсіз Қазақстанның атын жаздық. Өйткені, біз жаңаша армандауды, жаңаша жол табуды үйрендік. Ел мен қоғамды дамытудың нақты міндеттерін алға қоюды үйрендік. Біз үйрене отырып, үлгілі жолға түстік. Бұл жол – енді біздің жол, Қазақстан жолы. Ғасыр мен ғарышты қатар игеріп келе жатқан Тәуелсіз Қазақстан «Нұрлы жолмен» «Мәңгілік Елге» нық сеніммен аршындап бара жатқан жол!

 «Мәңгілік Ел» дегеніміз – әлем тарихының буырқанған ағысында өзін өзі танытуға ұмтылған халқымыздың ғасырлық арман-мүдделерінің орындалуы. «Мәңгілік Ел» дегеніміз – біздің басты жетістігіміз – біздің жүрегіміздің төрінен орын алған сүйікті еліміз» деген толғамын айтты.        Елбасымыздың айтулы бастамасы ретінде қолға алынып отырған «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық идеясында ұлттық сананы қайта қалыптастыру мәселесіне басымдық берілу жағдайына кеңірек тоқталып өткім келеді.

         Зымыран жылдамдықпен шарықтаған ғылыми-техникалық прогресс ХХІ ғасырдың ғаламат жетістігі. Тарихи жады тәуелсіздікке дейінгі дүрбелең дәуірлердің таптаурынына ұшыраған қазақ елі бұл бағытта рухани зәрулікті шешуші мәнде қарастыруы заңды. Сондықтан «ұлттық код» өзекті желі ретінде белгіленген «Рухани жаңғыру» бағдарламасында Әл-Фарабидің парасатты қоғам принципі мен Абайдың «Толық адам» ілімінің сабақтастықта қарастырылуы методологиялық жаңашылдығы. 

       Рухани жаңғыру - тарихи тағылым тармақтарының ұрпақтар сабақтастығында жаңа сапаға бой ұруы.  Сол себепті «Рухани жаңғыруда»  «ұлттық код» ұлттық идеологияның ұйтқысы ретінде белгіленіп: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады» деп атап көрсетілді. «Ұлттық код» - халқымыздың дүниетанымы, оның ұлттық моделі,  интеллектуалдық әлеуетіне қатысты. Осыны байыптау әуелі өзімізді танудың, сосын өзгелерге танылудың кілті екендігін жете сезінуіміз қажет. Өйткені жаратылыс сырларын табиғаттың тыныс-тербелісінің ыңғайынан зерделей білген халық даналығының интеллектуалды базалық методологиясы тарихи факторлардың кесірінен жойылды. Содан келіп ұлттық мирастарымыздың кодтық мәнін ұғынудан қалдық. Оның үстіне қазақтың сана бостандығынан қауіптенген  отаршыл жүйе рухани-интеллектуалдық ойлау механизмдерімізден жаңылдырудың әдістерін қолданды. Бұл трагедияның табы әсіресе, ұлттық ойлау дәстүріндегі шорқақтығымыздан қатты сезіледі.     

        Сол деградацияға ұшыраған  ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ «Рухани жаңғыру» идеясындағы серпінді маңызын ұлт ұстазы – Абай әлемі өрісінде саралап, қорытындылаудың қажеттігін Елбасы көтерді. Жалпы Абайды ұлттық идологиямыздың темірқазығы ретінде ұстану идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымызлың Түркістандағы зиялылармен кездесуінде кеңінен ашып айтылған.

           Қалың елінің қамын жеп, келешегінің жарқын болуы  жолында табандылығымен танылып отырған Елбасымызбен бірге  алар асуларымыз бұдан да биіктей берсін!


 


Тұрсынай Рыстайқызы Әбдіқадырова  

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,

педагогика ғылымдарының докторы 

30 қараша 2020 г. 48 178 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 198 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 606 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031