ЕҰУ-дың білім беру платформасында 2000 онлайн-дәріс қолжетімді
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өз платформасы негізінде онлайн білім беруді белсенді түрде дамытып, сертификаттау жүйесін әзірлеуде. Қазіргі уақытта білім беру ресурсында 2000 дәріс жүктелген. Оларды екі жылдың ішінде 40 мыңға жуық адам тыңдаған, деп хабарлайды edunews.kz ақпарат агенттігі Д.Н.ГУМИЛЕВ атындағы ЕҰУ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. ЕҰУ білім беру платформасында 132 пән бойынша дәрістер қолжетімді. Жаппай онлайн курстар негізінен студенттер мен оқытушыларға арналған. Олардың бір бөлігі барлық ниет білдіргендер үшін де ашық. Онлайн-дәрістер студенттер арасында кеңінен сұранысқа ие.«Қазіргі таңда біздің университеттің білім беру платформасында үздіксіз білім беру тұжырымдамасына сәйкес сертификаттау жүйесі әзірленуде. Келесі жылы тыңдаушылардың курстан өтіп, сертификат алуына мүмкіндік ұсынылады. Қазір бұл бағытты мықтап қолға алып, техникалық процестерді пысықтауға кірістік. Сонымен қатар, оқытушылар мен университет қызметкерлерін цифрлық дағдыларға оқытуды жалғастыру жоспарлануда. Өйткені цифрландыру жоғары сапалы контенттің қолжетімділігімен, кәсіби жабдықпен және адамдардың цифрлық дағдыларымен байланысты», - деді ЕҰУ цифрлық даму және қашықтықтан оқыту департаментінің директоры Гүлмира Бекманова.Онлайн білім беру ЖОО-ның 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясы шеңберінде іске асырылуда. Университет 2018 жылдан бері осы бағыттағы бұқаралық ашық онлайн курстарын (ЖАОК) дамытып келеді. Бүгінде олар ЕҰУ онлайн-курстарының Еуразиялық платформасында орналастырылған. Платформаға пандемия жылдарында аса үлкен сұраныс болды. Сол кезеңде онлайн курстардың стандарттары әзірленіп, кәсіби жабдықтар сатып алынған болатын.