» » Қызылордада оқушылардың жасыл академиясы жылыжай шаруашылығымен айналысады

Қызылордада оқушылардың жасыл академиясы жылыжай шаруашылығымен айналысады

Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы және облыс орталығындағы №15 мектеп-лицей жанынан «Ізденіс» жасыл академиясы құрылған. Нәтижесінде оқушыларға ғылыми-өндірістік жұмыстармен айналысуға мүмкіндік ашылды. Бұл туралы «Edunews.kz» Ақпараттық Агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс орталығындағы алдыңғы қатарлы білім ордасы - №15 мектеп жанында жылыжай жұмыс жасайды. Онда бүгінде қызанақ, қияр өсіп тұр. Қазіргі күндері бүлдірген өсімдігін өсіруге назар аударылуда. Келешекте 30 түрлі өсімдік түрін егуге көңіл бөлінбек. Жақында сол жылыжайда істеліп жатқан ғылыми-өндірістік жұмыстарды насихаттау мақсатында симпозиум өткізілді. 

Аталмыш шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынды.

Симпозиумға білім саласының, кіші және орта бизнес өкілдері, ғалымдар, ғылыми жоба жетекшілері, заманауи инновациялық технологияларды игерумен, өзін-өзі жетілдірумен, білімділігінің деңгейін арттырумен айналысатын мектеп оқушылары қатысты.

Симпозиумда мектеп директоры К. Серекеева қонақтарды тәжірибе алаңымен таныстырды. Биология ғылымдарының кандидаты, профессор Р. Құрманбаев «Жасыл академия - оқушыларды ғылыми ізденушілікке баулу мүмкіндіктері» тақырыбында тәжірибе алмасты.
«Жылыжайдағы ғылыми-тәжірибелік жұмыс - еліміздің экономикасына жаңартылған білім мазмұны негізінде заман талабына сай бәсекеге қабілетті түлектерді дайындауға бағытталған үлкен кешенді жұмыс. Жылыжайды мектеп оқушыларына теориялық білімін тәжірибе жүзінде қолдануға бос уақытында өсімдіктерді баптауға үйренуге, ғылыми жобалармен айналысып, пәндік олимпиадаларға дайындалуға, бизнес білімін қалыптастыруға мол мүмкіндік жасайтын ғылыми-тәжірибелік алаң.

Бұл алаңда заманауи білім алған оқушылар келешекте ауыл шаруашылығына маңызды гендік инженерия, молекулалық биология, селекция, тағы басқа да мамандықтардың иесі болатынына сеніміміз мол» - деді Рахат Құрманбаев.

Республикалық олимпиаданың бірінші орын иегерлері, Дубайда өткен халықаралық ғылыми конференцияның бас жүлдесін иеленген жас ғылыми ізденушілер Аймерей Байғабылова, Дана Айдарбек: «Жылыжайдағы ғылыми-эксперименттік жұмыстар көп оқуға, көп ізденуге, қызығушылығымызды өрістетуге, шыдамдылыққа, болашақта мамандықты таңдауға көп септігін тигізеді және көбісі мектебімізде «Ізденіс» жасыл академия бар екендігіне таңғалады», - деді. 


Автор: Әділжан Үмбет,


Дереккөз:inform.kz.
07 мамыр 2019 г. 3 961 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 11 663 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031