Атырау лицейінде әдеби кеш өтті
Атырау қаласындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектеп-лицейде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атыраулық ақын, прозашы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Тарас Наурызәлінің шығармашылығына арналған «Сағынышым - Сарайшық» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды "EDUNEWS.KZ" ақпараттық агенттігі.
Мектеп кітапханасы ұйымдастырған бұл шараға мұғалімдер де белсене атсалысты. Мектептің озат оқушылары Өтеген Дәулет пен Сәрсенбаева Лиана жүргізушілік еткен кеште алғашқы сөз мектеп директоры Қожахметова Гүлнәр Өсерқызына беріліп, ол қаламгердің шығармашылығы туралы жылы лебіз білдірді.
Бұдан соң әдеби-музыкалық монтажға кезек беріліп, 10 "а" сынып оқушылары Дауысова Дильназ, Бақтиярова Феруза, Баймұратова Камила, Айболқызы Аяжан, Шәкиева Әсем, Жұмашева Луиза, Дакимова Анель, 9 а сынып оқушылары Сағадинов Диас, Алшын Нұрслан, 8 "э" сынып оқушысы Нұрсұлтанова Гүлжанар ақынның «Ана туралы жыр», «Ұстазым», «Сарайшық кештері», «Жыр сүйген жүрек», «Тұщықұдық» және басқа өлеңдерін өте шебер, жүрекке жеткізе оқыды.
Сонымен қатар, Баймұратова Камила орындаған «Қазақ биі», Бисенбі Қарақаттың орындауындағы Ықыластың күйі «Жезкиік», Мақсотов Нұрлан орындаған Құрманғазының күйі «Балбыраун» тыңдарман қауымды риза қылды. Кешке арнайы шақырылған ақынның рухани достары, №1-қалалық кітапхананың қорды пайдалануды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Әлия Ихсанғалиева, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың кітапханашысы Гүлжан Ескендірова, №5-қалалық балалар кітапханасының кітапханашысы Жаңылсын Есмырзақызы, оқушыларды әдеби монтажға дайындаған 10 а сыныбының жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өзипа Рахымжанова қаламгердің шығармашылығы жайлы өз лебіздерін білдірді.
Әдеби кешке мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары Айгүл Төлегенова, Арай Нұрманова, Айгүл Менешқызы, Базаргүл Адамиқызы, ұстаз Гүлнәр Өмірбаева, директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Мәншүк Қабдирова және қаламгердің келіні Әсем мен кіші ұлы Мирас қатысты. Оқушылар қаламгерге өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, оған тұщымды жауап алды. Кешті мектеп-лицей кітапханасының меңгерушісі Ақкүміс Шарипова қорытындылап, қаламгерге алғыс сезімін білдіріп, ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Әдеби-музыкалық монтаж дайындаған оқушылар мен олардың ұстаздары «Алғыс хаттармен» марапатталды.
Дереккөз: "EDUNEWS.KZ" ақпараттық агенттігі.