» » Алматы облысында 1200 балаға жаңа мектеп ашылды

Алматы облысында 1200 балаға жаңа мектеп ашылды

 Жаңа оқу жылының қарсаңында Алматы облысы Жамбыл ауданында 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Елбасының "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында іске қосылған білім шаңырағының ашылу салтанатына Алматы облысы әкімі Амандық Баталов қатысып, тұрғындар қуанышына ортақтасты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі. 
 Алматы облысының басшысы Амандық Ғаббасұлы ұстаздар мен оқушыларды және ата-аналарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. Халықтың пайдалануына беріліп отырған бұл игілік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде биылғы жылдың өзінде облыста 49 000 бүлдіршіннің 1 сынып табалдырығын аттайтынын жеткізді. "Осы жылы облыста 49 мың бала бірінші сыныпқа барады. Өңірімізде 35 мектеп салынып жатыр. Соның 24 мектебін Білім күні, қалғанын жыл аяғына дейін ашатын боламыз. Жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастағалы отырған сіздер қандай бақыттысыздар. Осындай жағдай жасалуына жауап ретінде жақсы оқыңдар. Ұзынағаш ауылындағы орта мектеп сіздердің білімді азамат болып қалыптасуларыңа жол ашсын. Ұстаздар мен ата-аналарыңды үнемі үздік бағамен қуантып жүріңіздер", - деді облыс әкімі. Ата-аналар атынан ардагер ұстаз Алтынжан Нүсіпәлиева Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асырып отырған облыс басшысына, аудан атқамінерлеріне алғыс айтты. Әсем ғимарат тұрғызып, халықтың игілігіне ұсынған құрылыстың бас мердігері "Риголит" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сейдула Сарсеков мектеп директоры Серік Тілепбергеновке нысанның символикалық кілтін тапсырды. Ауданның айтыскер жас ақыны Айтуған Жетебаев домбырамен арнау айтты. Аудандық мәслихат депутаты, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Әскербек Абаев көпшілікке бата берді. "Жас ұлан" оқушылар үйінің жас бишілері би билеп, бірінші сынып табалдырығын аттағалы отырған бір топ бүлдіршін ортаға шығып, өлең оқыды. Облыс әкімі Амандық Баталов, мәслихат депутаты Әскербек Абаев және ардагер-ұстаз, ата-ана Алтынжан Нүсіпәлиева лента қию рәсімін орындап, әжелер шашу шашты. Облыс басшысы бастаған құрметті қонақтар мектеп ішімен танысты. Заманауи үлгіде бой көтерген білім ордасына 1 млрд. 924 миллион теңге жұмсалған. 15 мың шаршы метр ғимараттың іші қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған. Екі спортзал бар. Оның бірі 168 шаршы метрлік гимнастика залы, екіншісі 648 шаршы метр волейбол, баскетболға арналған. Ғимаратта барлық материалдық-техникалық базамен қамтылған 60 оқу кабинеті, соның ішінде арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған 2 химия, 2 физика, 2 биология, 2 ЛМК, 4 информатика кабинеттері бар. Сонымен қатар 2 кітапхана, 2 технология кабинеті, 230 орындық асханасы да бар. Тиісті пән кабинеттері, кітапхана, шеберхана бар. Мектеп ауласының жалпы жер көлемі 4 гектар құрайды. Бүгінгі күні оқушылар саны - 850. Оқушылар 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілген. Аудан орталығының шетінде кейінгі жылдары жаңа тұрғын үйлер орамының пайда болуымен бірге әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік те туындаған болатын. Оны шешудің жолдары біртіндеп жүзеге асырылып келеді. Соның бірі осы білім ұясының қолданысқа берілуі. Жалпы, биыл аудан бойынша бес мектеп ғимараты бой көтерді.
  
30 тамыз 2017 г. 3 249 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 222 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 610 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031