Жетісуда шілдеде ашылған балабақша жұмыс істемей тұр

Бұл балабақшаның іске қосылуын қосөзендіктер көптен күтті. Мәселен, осы ауылдың тұрғыны Айдангүл Қарлыбаеваның төрт баласы бар. Ең кішісі екі жаста. «Үйміздің іргесінен балабақша ашылғанда қатты қуанып едік. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Енді, міне, үйде бала бағып, жұмысқа шыға алмай отырған жайым бар», – дейді ол.
Айдангүл Қарлыбаева, ауыл тұрғыны: - 1 маусым – балалар күнінде ашылады деп еді. Онда да жоқ. Шілде, тамыз өтті. Енді қыркүйекте нақты ашылады деген, тағы жоқ қой.
Мұндай жас отбасылар Қосөзенде өте көп. Бұл елді мекен Алматыдай алып шаһардың тап іргесінде орналасқан. Тұрғындарының көбі қалада жұмыс істейді. Ауылда екі жеке балабақша бар. Мемлекеттік балабақша пайдалануға берілсе, ауылдағы балалардың барлығы мектепке дейінгі мекемемен қамтылар еді.
Данияр Казербаев, Қараой ауылдық округінің әкімі: - Ескі балабақша. Бұрыннан салынып, кезінде бітпей қалып, кіреміз деп отырған кезде, су ағып кетті. Бұрын жасағандар терезелерін дұрыс салмай кеткен. Аудандық әкімдіктегілердің айтуынша, балабақшадағы күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы басталыпты. Алайда тендерді ұтып алған мердігер компания банкрот болған. Одан кейін өзге мердігер келіп, құрылыс жұмыстарын аяқтады.
Ержан Тұрысбаев, Іле аудандық құрылыс бөлімінің басшысы: - Қыркүйек айының аяғына дейін балабақшаны қабылдаймыз. Сосын оны әділет басқармасында тіркейміз. «Бұл балабақша алдағы қазан айында жұмыс істей бастайды», – дейді жергілікті атқамінерлер.