Инклюзивті білім беру - өмір қажеттілігі
Әр, халық, әр мемлекет болсын ғасырлар бойы жаңарып отырады. Рухани жаңғыру мен жаңаруда білім беру үлкен рөл атқарады. Біз өзіміздің ерекшеліктерімізді ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістерді қабылдай алуымыз керек. Әр адам өз жері мен оның байлығын көру үшін, жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша білім алып, жаңаша заман талабына сай өмір сүруге тиіс. Ғасыр, жылдар, күндер өткен сайын еліміз көркейіп, дамыған ел қатарына кірудеміз.
Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынадай анықтама береді: инклюзивтік білім беру дегеніміз - барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және психологиялық, әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтары «Қазақстан Республикасының балалардың құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзетуге ықпал ету туралы», «Арнайы әлеуметтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарында, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген. Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы - барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және колледж, ЖОО - да өмірлерінде белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілді.
Инклюзивті оқыту- негізгі принцептері:
1. Адам құндылығы оның мүмкіндігіне қарай қабілеттілігімен, жеткен жетістіктермен анықталады.
2. Әрбір адам сезуге және ойлауға қабілетті.
3. Әрбір адам қарым қатынасқа құқылы.
4. Барлық адам бір-біріне қажет.
5. Білім шынайы қарым-қатынас шеңберінде жүзеге асады.
6. Барлық адамдар құрбы-құрдастарының қолдауы мен достығын қажет етеді.
7. Әрбір адам үшін жетістікке жету-өзінің мүмкіндігіне қарай орындай алатын әрекетін жүзеге асыру.
8. Жан-жақтылық адам өмірінің даму аясын кеңейтеді.
Инклюзивті білім беру баршаның сапалы білімге қол жетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған білім беру жүйесін тарату процестерінің бірі болып табылады. Ол балалардың дене, психикалық, зияткерлік, мәдениэтникалық, тілдік және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, сапалы білім беру ортасына айрықша білім алу қажеттіліктері бар балаларды қосуды, барлық кедергілерді жоюды, олардың сапалы білім алуы үшін және олардың әлеуметтік бейімделуін, социумге кірігуін көздейді.
Біздің өмір сүріп жүрген қоғамымызда мүмкіндігі шектеулі жандар да бар, яғни мүгедектер. Ол кісілердің ой-санасы сау адамдардікімен бірдей, керісінше артық болмаса кем емес. Рухани байлықтары мол жандар. Және де қазіргі таңда ол кісілердің құқықтары сау адамдардікімен тең. Оларда қалаған оқуларын оқи алады, қалаған жұмысына тұра алады. Қоғамымызда олардың құқықтары бәрімен тең.
Бірде, университетте лекция оқып жатқан кезімде, топта мүмкіндігі шектеулі жанның барын байқадым. Әңгімелесе келе, оның өмірге құштарлығын, бойында жігер барын сездім. Кейіннен сұрастыра келе, мұндай жандардың университетте көптігі анықталды. Оларға мүмкіндік туғызу, қолайлы жағдай жасау үшін не мен өзімнің қандай үлесімді қосуым керек? Міне, осы ой мені көптен мазалап жүрді.
«Бәріне арналған мектеп» Білім беру қоғамдық қоры және «Жігер» мүмкіндігі шектеулі адамдардың жастар ұйымы", Фридрих Эберт атындағы Қордың Қазақстандағы Өкілдігі «Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуы» тақырыптарында ұйымдастырған тренингтерге қатысқаннан кейін, көзқарасым өзгеріп, тәжірибе жинақтап, әріптестермен байланыс орнаттым. Университет басшылығына мүмкіндігі шектеулі студенттердің саны жылдан жылға артып келе жатқанын айта отырып, олардың әлеуетін көтеру, шығармашылығын дамыту, өзін-өзі танытуға жәрдемдесу үшін арнайы орталық ашу туралы ұсынысымды айттым. Осы орталықтың аға үйлестірушісі болған менде, алға қойған мақсатымның орындалуына мүмкіндіктер ашылды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде 2016 жылдан бастап инклюзивті білім беруді жүзеге асырып келеді. 2018 жылы қаңтар айында университет ректорының бұйрығымен «Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу» орталығы ашылды. Университетте 2016-2017 оқу жылында мүмкіндіктері шектеулі 20 студент және 2 магистрант білім алса, 2017-2018 оқу жылы 34 студент, 2018-2019 оқу жылында 43 студент, 2019-2020 оқу жылында 61 студент білім алуда.
Орталық қызметінің негізгі мақсаты:
Мүмкіндігі шектелген студенттерді сүйемелдей отырып, көмекші бағдарламамен қамтамасыз ету. Арнайы әдебиеттермен қамсыздандырып, ғимаратқа кіруге, оқу материалдарына, дәрістерге, тесттер мен емтихандарға студенттер үшін барынша оңтайлы түсінікті тұрпатта қолжетімділік орнату және ЖОО-дағы білім беру үдерісіне интеграциялау арқылы білім беруге қолжетімділік деңгейін жоғарылату бағытында жағдай жасау.
Инклюзивті білім беру бойынша Түркияның Арел университетінде және Берлин (Германия), Москва (Ресей), Бішкек (Қырғыстан) және Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Қызылорда, Қарағанды, Шымкент қалаларында өткен біліктілікті жоғарылату курстарын тәмамдадім.
Қазіргі таңда университетте «Инклюзивті білім берудің психологиялық-педагогикалық қолдауы» 11.01.2017. ережесі қолданысқа еніп, мүмкіндіктері шектеулі студенттерді жалпы білім беретін ортада бірігу нысандары анықталып, ЖОО-да мүмкіншіліктері шектеулі студенттерді қолдау орталығы туралы ережесі әзірленді. «Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар» факультетіне «Инклюзивті білім беру негіздері» пәні енгізілді. Инклюзивті білім беру бойынша кітаптарға тапсырыс берілді.
Қазіргі таңда университетте «Инклюзивті білім беруді психологиялық-педагогикалық қолдау» ережесі қолданысқа еніп, мүмкіндіктері шектеулі студенттерді жалпы білім беретін ортада бірігу нысандары анықталып, ЖОО-да мүмкіншіліктері шектеулі студенттерді қолдау орталығы туралы ережесі бекітіліп, «Инклюзивті білім беру негіздері» пәні енгізілді. Университеттің оқытушыларына инклюзивті білім беру тәсілдері мен әдістерін үйрету мақсатында «Инклюзивті білім беру технологиясы» курсы ашылды. Жүргізілген эксперименттер мен зерттеулер негізінде оқу құралдары жазылды және магистранттардың диисертациялық жұмыстарына арқау болды. Студенттер үшін емтихандардың барлық түрі осы орталықта ұйымдастырылады.
Орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Мен өмірге құштармын» атты байқауда мүмкіндігі шектеулі студенттердің өнерге деген құштарлығы жоғары екендігі байқалды.
Біз орталықта тек студенттер үшін ғана емес, сонымен қатар олардың ата-аналары үшінде арнайы тренигтер ұйымдастырудамыз. Алдағы уақытта университеттің қоғамдық жұмысына белсене аралсу үшін мүмкіндігі шектеулі студенттердің арнайы клубын ұйымдастыру көзделуде.
Біздің мақсатымыз сапалы білім бере отырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға күш-қуат беріп, рухани әлемдерін кеңейтіп, өмірге деген көзқарастарын жақсарту болып табылады. Мұндай жандарға қамқорлық көрсету баршамыздың парызымыз деп білемін.
Барлық адамның бақытты болуға хақы бар!
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда әр студент жеке тұлға ретінде қарап, саналы тәрбие сапалы білім беру өмір талабы болып табылады. «Бәріне бірдей мүмкіндік», «Сапалы білім - барлығы үшін» деген ұстанымды қолдаймын.
Үсенова Сандуғаш Мейрамбекқызы
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
«Инклюзивті білім берудегі психологиялық бейімделу»
орталығының аға үйлестірушісі