» » ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі басталды

ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚазҰУ қалашығы құрылысы ІІ кезеңінің басталуына байланысты естелік капсула салынды.

2022 жылы 1 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келіп, қызметімен танысты.

 Сапары барысында Президент ҚазҰУ қалашығы құрылысы ІІ кезеңінің Бас жоспарына үлкен қолдау білдіріп, бекіткен болатын.

ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңін бастау шарасына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, бизнес және ғылым өкілдері, еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары,  ірі компания басшылары қатысты.

Жиында сөз алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  бүгінгі бастаманың тарихи оқиға екенін айтты.

«ҚазҰУ-дың тарихы тереңде. Оқу ордасы алғаш академиялық қалашық моделімен салынған болатын. 1974-75 жылдардан кейін университетке кең көлемде инвестиция құйылмаған. Сондықтан бүгінгі шараның маңыздылығы өте жоғары. Жоспарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдап отыр. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың екінші тынысы ашылды деуге болады», – деді министр.

Шара барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары  Әлішер Әбдіқадыров сөз сөйлеп, ҚазҰУ ұжымы мен білім алушы жастарын айтулы күнмен құттықтады.

Өз кезегінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңін жүзеге асыру студенттер үшін жасалып жатқан бастама екенін жеткізді.

«ҚазҰУ еліміздегі іргелі, көшбасшы оқу орны ретінде әлемге танымал. Еліміздің және шетелдің көптеген жастары заманға сай білім алу үшін Қазақ ұлттық университетін таңдайды. Бүгінде оқу ордасында 24 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Оның ішінде 50-ге жуық мемлекеттен келген 3 мыңнан астам шетелдік студент бар. ҚазҰУ QS WUR әлемдік рейтингінде 150-орынға көтерілді. Мемлекет басшысы бұл жоспарды өткен жылы университетімізге жұмыс сапарымен келгенде көріп, барлық бастамаларымызға қолдау көрсетті. Бүгіннен бастап Президент бекіткен жоспар бойынша ҚазҰУ қалашығының ІІ кезеңін іске асыру жұмыстары басталады», – деді ректор.

Кейін Саясат Нұрбек, Әлішер Әбдіқадыров және Жансейіт Түймебаев келешек ұрпаққа жолдау жазылған хатты капсулаға салып, қалады.

Болашаққа жазылған хатта: «Біз ҚазҰУ-ды жаңғыртудың жаңа дәуірі қарсаңында тұрмыз. Бұл – университет үшін тарихи сәт. Міне, бүгін құрылысы басталғалы тұрған студенттер қалашығын жаңғыртудың ІІ кезеңінде жасалатын жұмыстың бәрі сіздердің игіліктеріңіз үшін. Осы жатақханада тұрып, оқу корпустарында біліммен қаруланып, ертеңгі күні елге қызмет етеді деген үлкен үмітіміз, зор сеніміміз бар. Өйткені ел болашағы сіздердің қолдарыңызда», – делінген.

Жоспар бойынша қалашықта 14 700 орындық оқу ғимараттары, 12 мың шаршы метр әкімшілік корпустар, 35 000 шаршы метр емхана, 3000 шаршы метр спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк және студенттер мен магистрларға, докторанттарға үш гектар жерге 12 мың төсек-орынға арналған жатақханалар бой көтереді.

Сондай-ақ қолданыстағы жатақханалар, оқу корпустары мен әкімшілік ғимараттар күрделі жөндеуден өтетін болады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Баспасөз қызметі

8-727-377-31-48

e-mail: farabipress@gmail.com

 

 

14 сәуір 2023 г. 11 368 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 205 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 607 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031