» » ІТ саласында қазақ қыздарының көбейгенін қалаймын – дәрігер дипломымен басқа мамандық таңдаған Жадыра Қожамұратова

ІТ саласында қазақ қыздарының көбейгенін қалаймын – дәрігер дипломымен басқа мамандық таңдаған Жадыра Қожамұратова

«Мен дәрігер болуды бала күнімнен армандап, медицина университетін аяқтадым. Бакалавр дипломым бар. Бірақ ақпараттық технологияларға, яғни ІТ саласына, мүлдем басқа бағытқа бет бұрып, қиын шешім қабылдадым. Оңай болған жоқ. Дегенмен қолымнан келді».

Бүгінгі кейіпкеріміз – Жадыра Қожамұратова. Ол – өзің қалаған іспен айналысу және білім алып, жаңа мамандықты меңгеруге ешқашан кеш емес деген ұстанымның дәлелі.

Жадыра Қожамұратова – 90-жылдардың соңында дүниеге келген қазақ қызы. Қарапайым отбасыдан шыққан бала мектеп кезінде дәрігер болып, адамдарға көмектесуді армандайды. Ол арманына жетеді.

Талдықорғанда дүниеге келіп, орта білімді сонда алдым. Туған қалам менің жан-жақты, ашық, саяхат сүйгіш, жаңалыққа ұмтылғыш, қайсар қыз етіп өсірді. Мектеп қабырғасында жүргенде медицинацаға қызығушылығым жоғары болады. Туған-туыс сұрағанда: өскенде дәрігер боламын деген балалардың бірі болдым. Сол арманның жетегімен Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түстім. Аман-есен аяқтап, дәрігер деген дипломымды алдым, – деп бастады әңгімесін Жадыра Қожамұратова.

Бірақ Жадыра студент болып жүргенде анализ жасау, логикалық тапсырмаларды орындау, жаңа технология туралы кітаптарды оқудан қол үзбейді. Оның үстіне мектепте математикадан жақсы болған. Сөйтіп бастағанды аяқтағаннан кейін – бакалавр дипломын алған соң алдағы өмірін бір саралайды. Өзін дәрігер ретінде емес, басқа бағытта сынап көрейін деп бел буады.

Бұл бір сәтте қабылданған шешім емес. Диплом алғаннан кейін де біраз ойландым. Дәрігер болу да оңай емес. Адамның өміріне жауаптысың. Оқу да ұзақ әрі қиын. Керісінше мен медицинаға рақмет айтамын. Мені тұлға ретінде қалыптастырып, ішкі түйсік пен қызығушылықтан бас тартпай, тәуекелге баруға үйретті, – деп қосты Жадыра.

Жадыраның шешемі ата-анасын да таңғалдырғаны анық. Бірақ олар қызын барынша қолдап, шешіміне құрметпен қараған.

 Ең бірінші қолдаған ата-анам. Менің таңдауымды түсінді. Қолдау көрсетті. Бұл менің жауапкершілігімді одан әрі күшейтті. Қаншалық сенімді болып, басқа салаға ауысамын деп тұрсам, соншалық қорқыныш та болды. Жасырмаймын. Дегенмен кейде өмірде өзіміз тәуекел етіп, өз игілігіміз үшін шешім қабылдай білуіміз керек, – деп бөлісті ол.

Енді қателесуіме болмайды деген принциппен Жадыра тестілейтін және бағдарлама жасайтын мамандықты меңгеріп алған. Бүгінде әлемнің кез келген жерінде отырып жұмыс істей алады. Бұл да оның қалауы болған. Себебі саяхатты да жақсы көреді.

Расында да бұл мамандық менің сенімділігімді арттырды. Тәуекел етіп, үйренсек, оқысақ, білім алсақ, еңбек етсек – түпкі мақсатқа жететінімізді дәлелдеді. Сонымен қатар, үлкен бонусы бар – мен кез келген жерде отырып, жұмыс істей аламын. Әзірге әлемнің 20-дан астам елінде болдым. Оның ішінде Түркияда бір жыл тұрып келдім, – дейді кейіпкер.

Қалай дегенмен Жадыра бала күніндегі арманы адамдарға көмектесу – дәрігер ретінде болса да, ІТ маманы болса да айныған жоқ. Себебі ол ІТ арқылы қоғамға қажетті бағдарламаларды әзірлеп, қандай да бір қиындықты, проблеманы жойып қоймай, оның алдын алуға септігін тигізеді. Тіпті болашақта медицина бағытында ІТ бағдарламалар әзірлеуі мүмкін, кім білсін?! Ал, алдағы уақытта ІТ саласындағы жетекші мамандардың тәжірибесін меңгеріп, АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттегі «акулалардан» үйренгісі келеді.

 
Мен мұнымен тоқтамайтыным анық. Себебі бұл сала күнделікті дамуды, анализді қажет етеді. Содан кейін әлі білетінім 1 пайыз, білмейтінім 99 пайыз. Үйренерім көп. Сонымен қатар, Америкадағы ІТ мамандарының тәжірибесін көргім келеді. Солармен бірге жұмыс істегім келеді. Сондай-ақ, бұл салада жүрген қазақ қыздары да аз. Солардың қатары көбейгенін қалаймын, – деп Жадыра Қожамұратова.

Әсіресе, Жадыраның мақсаты адамдарға пайдалы және маңызды міндеттерді шешетін өнімдер жасау. Бұл мақсатына жету үшін Кремний алқабында тәжірибе жинау деген арманы да бар.

Мен үшін тек технологияны дамыту ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы болу маңызды. Мен Кремний алқабында жұмыс істеуді, олардан үйрену, кәсіби өсу және бәсекелестік жоғары және сапа бағаланатын ортада болу үшін ең жақсы мамандардың қатарында болуды армандаймын. Менің мақсатым – Қазақстанға жаңа идеялар мен тәсілдерді әкелу, біліммен бөлісу және қоғамның дамуына көмектесу. Менің өнімдерім мен тәжірибем жаһандық деңгейде де, үйде де игілікке қызмет ететіні маңызды, – деп түйіндеді сөзін ІТ маманы.
   
16 қаңтар 2025 г. 125 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 20 237 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 22 403 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031