» » ҰБТ – 2017 дауы. Түлектердің құқығын таптаған Білім министрі Омбудсменнің назарына ілінді

ҰБТ – 2017 дауы. Түлектердің құқығын таптаған Білім министрі Омбудсменнің назарына ілінді

 Қазақстанда "грант" дауы саябырсыды. Бірақ, Білім министрі заң бұзғанын мойындауға асығар емес. Ал, келер жылдың түлектеріне айтар пайдалы кеңесіміз бар.

 Даудың басы Жонтаеваның жалған ақпараты еді

2017 жылдың 13 наурызында сол кезде БҒМ (Білім және ғылым министрлігі – авт.) мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры болған Жаңыл Жонтаева, БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки және Ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов тест орталығына ақпарат құралдарын емес, бір топ блогерлерді жинап алған еді. Жиынның мақсаты – Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматын түсіндіру болды.Сол жиында Рамазан Әлімқұлов биылдан бастап "Алтын белгі" иегерлерін министрлік емес, мектептің өзі анықтайды деген ақпаратты алғаш рет жария етті. Блогерлерге ғана арналған жиынға аяқ асты кіріп кеткен мен "Алтын белгіні" мектеп берсе, олардың саны күрт артып кетпей ме, білім гранттарының да көбі соларға бұйырмайтынына кім кепіл?" деп сұраған едім.Сол кезде Жаңыл Жонтаева "Сұрағыңыздың жаны бар. Бірақ, мына бір жайтты қаперде ұстаңыздар. "Алтын белгі" иегері мен басқа оқушының балы бірдей болған жағдайда ғана, грант "Алтын белгі" алған балаға беріледі" деп жауап берген болатын. Бұл сөзді кейін Білім министрі Ерлан Сағадиевтің өзі де осы уәжді талай рет қайталаған еді. Бірақ, көрдіңіздер, олай болған жоқ. Өте жоғары балл жинаған түлектердің грантын алғашқы тізімде "Алтын белгі" иегерлері алып кетті.

Бұл әрекетіне түсінік берсін деген оймен Білім министрлігіне, атап айтсақ, мектепке дейінгі және орта білім департаментінің атына оншақты күн бұрын ресми сауал жолдаған едік. Жауап әлі келген жоқ.

Ресми мәліметтер бойынша 2016 жылы "Алтын белгіге" ұсынылған 4831 үміткердің тек қана 2453-і ҰБТ кезінде осы талапты ақтап шыққан болатын. Ал биылғы 2017 жылы "Алтын белгі" иегері атанған мектеп түлектерінің саны 5656-ға жетті.


"Кешіріңдер, балалар! Заң қабылдап үлгермей қалдық..."

"Алтын белгіге" басымдық бермейміз деп алып, керісінше әрекет еткен министрлік бұл жағдай жаппай көрініс алған соң, өз тарихында алғаш рет гранттың екінші тізімін жасауға мәжбүр болды. Халық алдында міне, тура осылай, "заң қабылдап үлгермей қалдық" деген сылтау айтты. Бір қарағанда, абсурд болғанымен, биыл білім гранттарының қайта бөлінуінің себебі осы. Білім саласының белсендісі, ф.ғ.к., Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде кафедра доценті Мырзантай Жақып заңды кім және неге қабылдап үлгермей қалғанын бүге-шүгесіне дейін баяндап берді.

"Алтын белгі" туралы ережені бекіту жөніндегі ҚР Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 19 желтоқсандағы № 532 бұйрығы бар. Бұл бұйрық ҚР Әділет министрлігінде 2015 жылы 21 қаңтарда № 10115 болып тіркелген.

Бұған дейін "Алтын белгі" иегерлері ҰБТ нәтижесі бойынша мектептердің, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің, облыстық, Астана және Алматы қалалық білім басқармаларының ұсыныстары негізінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен марапатталып келді.

Жоғарыда аталған бұйрыққа ҚР Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 13 маусымдағы № 278 бұйрығымен өзгеріс енгізілді. Бұл бұйрық ҚР Әділет министрлігінде 2017 жылғы 18 шілдеде № 15346 болып тіркелді.

Осы өзгеріске сәйкес "Алтын белгімен" мектеп түлектерін марапаттау білім беру ұйымдарының, яғни мектептердің, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің басшыларының бұйрығымен жүргізілетін болып белгіленді.

Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 26-бабының 5-тармағына сәйкес "Алтын белгімен" марапатталған адамдардың конкурс бойынша білім беру гранттарын алуға басым құқығы бар.

Бірақ, Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 26-бабының 5-тармағына өзгерістер енгізіліп, "Алтын белгі" иегерлерінің осы артықшылығын алып тастап, оларға басқа талапкерлермен көрсеткiштері бiрдей болған жағдайда ғана басым құқық беру көзделген болатын.

Алайда мұндай өзгеріс туралы арнайы Заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізу туралы ҚР Үкіметінің № 229 қаулысы 2017 жылғы 28 сәуірде ғана қабылданды.

Ал 30 маусымда Парламент Палаталарының бірлескен отырысында алтыншы сайланған ҚР Парламентінің екінші сессиясы өз жұмысын аяқтап, депутаттарымыз парламенттік каникулға кетті", – дейді Мырзантай Жақып.

Осылайша түлектерге қажетті Заң қабылданбай қалды.

Заңды ерте енгізбеген министрлік, қабылдамай кеткен Парламент, жылап қалған жас түлек

Заң әлі қабылданбаса да, министрлік "айтылған сөз, атылған оқпен тең" демекші, "Алтын белгі" иегерлерінің біразынан грантты "тартып" алып, біреулеріне басқа жерден тегін білім тауып беріп, мемлекеттік білім гранттарының жаңа тізімін жасауға мәжбүр болды. Бірақ, бұл әрекеттері арқылы қолданыстағы заңды бұзғанын білді.




Мырзантай Жақыптың айтуынша, Білім министрлігі "Талапкер-2017" науқанында бір емес, бірнеше заңды бұзған.

"Биыл "Талапкер-2017" науқанында Білім және ғылым министрлігі талапкерлермен және ата-аналармен жұмысты ұйымдастыру ісінде өзінің нағыз біліксіз екенін көрсетті.

Ең бастысы – Білім және ғылым министрлігі "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 401-V ҚРЗ Заңының талаптарын бұзды. Өйткені, азаматтардың қол жеткізуіне шектеу қойылмаған ақпарат – білім берудің жағдайын дер кезінде жеткізе және түсіндіре алмады.

Екіншіден, "Алтын белгі" иегерлеріне берілген мемлекеттік білім гранттарын кері қайтарып алуы – барып тұрған заңсыздық. Өйткені, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-ші тарауы, 26-шы бабы, 5-ші тармағы бойынша Бiлiм беру гранттарын алуға, сондай-ақ техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi және жоғары бiлiмдi кадрлар даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдауға арналған конкурсты өткiзу кезiнде "Алтын белгiмен" марапатталған адамдардың басым құқығы бар.

Яғни, "Алтын белгі" алған талапкерлердің ешқандай да кінәсі жоқ.

Барлық кінә – заңға тиісті өзгерістерді дер кезінде енгізіп үлгере алмаған Білім және ғылым министрлігінің, Үкіметтің және сол Заң жобасын жедел түрде қабылдап үлгермей, жазғы демалысқа кетіп қалған Парламент Мәжілісі депутаттарының өздерінде", – дейді Мырзантай Жақып.

"Мойындаймыз, кінәліміз..."

Ал informburo.kz тілшісімен әңгімелескен Білім министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсәриев болса, министрлік кінәсін мойындағандықтан, қосымша грант бөлді дейді.

"Осы сұрақ (білім гранттарының қайта бөліске салынуы – авт.) министрлікке бірнеше рет қойылды. Әрине, біз қателігімізді мойындаймыз. Заңға тиісті өзгерістер енгізіп үлгермей қалдық. Осы мәселені шешу үшін барлық резервті жинақтап, қосымша грант шығардық", – дейді Өрсәриев.

Биыл жоғары оқу орындарына түсуге, резервті қосқанда, 34 907 білім гранты бөлінді. Медицина мамандықтары бойынша барлығы 3794 грант бар. Соның ішінде "Алтын белгі" иегерлеріне – 4664, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға 551, мүгедектерге 367 грант берілген. Сонымен бірге биыл алғаш рет физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын болашақ мұғалімдерге 642 білім грантын бөлу ұйғарылды.




Өрсәриевтің айтуынша, мемлекеттік гранттардың екінші тізімі шыққан соң, "Алтын белгі" иегерлерінің көбі бірінші таңдаған оқу орнына емес, қалған үш оқу орнының біреуіне түскен. Олар автоматты түрде сол оқу орындарына бөлініп отыр.

Гранттың екінші тізімінде көбіне медицина мамандықтарын таңдаған "Алтын белгі" иегерлері алдыңғы гранттарынан айырылған. Білім министрлігінің жауапты хатшысы медицина мамандықтарының грантын Денсаулық сақтау министрлігі бөледі дейді. Бірақ, ҚР Денсаулық сақтау минстрлігінің Астана мен Алматы қалаларында медициналық жоғарғы оқу орындарына бөлген 220 грантының күші жойылып кеткен. Міне, жоғары балл жинаса да, кейбір түлектердің өзі таңдаған медициналық оқу орнына түсе алмауының себебі осы.

Омбудсмен де Қазақстандағы білімнің болашағына алаңдаулы

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Білім министрлігінің бір заңды уақытында бекіттіріп алмауынан елу мыңға жуық бала әбігерге түсті. Олардың көбі қазір жаппай адам құқықтары жөніндегі Омбудсменге шағым түсіріп жатыр екен. Сондықтан болар, адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров сол заң бұзушылықтарды тізіп, Ерлан Сағадиевке үндеу жариялады.



Омбудсмен – атқарушы биліктегі органдар мен лауазымды адамдардың қызметіндегі әділдікті, азаматтардың белгілі бір тобының мүддесін сақтауды қадағалайтын азаматтық, ал кейбір мемлекеттердегі мемлекеттік лауазым иесі. Қазақстанда бұл қызметті Асқар Шәкіров атқарып келеді.

Жалпы, талапкерлер мен ата-аналар Омбудсменге білім беру грантын тағайындау мен оны таратуда әділетсіздік орнады деп шағымданған.

"Омбудсмен осы мәселе бойынша БАҚ-та жиі жазылып жүрген ақпараттарға, жалпы, оның атына келіп жатқан азаматтардың шағымдарына қатысты алаңдайды. Қоғамдағы жағымсыз реакцияларды ескере отырып, Омбудсмен гранттарды бөлу тәртібінде құқықтық реттеу саласының әлі де жеткіліксіз күйде екеніне назар аударды", – деп хабалап отыр Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі.

Болары болып, бояуы сіңді. Енді не істеу керек?

Грантқа ие бола алмаған талапкерлер қайда барып, кімге шағымданса да, кеше, 28 тамыз күні жоғарғы оқу орындарына құжат қабылдау уақыты аяқталды. Ендігі үміт әкімдер мен әрбір жоғары оқу орындарындағы ректор грантында. Биыл грант дауы ушыққан соң, Білім министрлігі жергілікті атқарушы органдардан қосымша білім гранттарын тағайындауды сұраған. Алғаш рет әкімдер өз облысына қажетті мамандықтарға тегін білім алуына қаражат бөлгелі отыр.

Әзірге Атырау облысында 222, ШҚО-да – 200, Қызылорда облысында – 150, Ақмола облысында– 100, Алматы облысында – 100 білім гранты бөлінген.

Астананың әкімі те болашақ ұстаздарға грант бөлуге әзір

Бірақ Әсет Исекешевтің жоғары оқу орындарына қоятын бір шарты бар екен.

"Сөзсіз, мектептің саны артқан соң ұстаздар да артуы керек. Соңғы бес жылда елордадағы мұғалімдердің саны екі есеге артып, биыл 14 мың 322 мұғалімге жетті. Дефицит 150 педагогты құрайды. Алдағы үш жылда 3 мың мұғалім мен 1000 тәрбиеші керек болады деген болжам бар. Қазір Астанадағы жоғарғы оқу орындары тәрбиешілер мен бастауыш сынып ұстаздарын даярламады. Егер Білім және ғылым министрлігі осы мәселені қарап, бізге қажет осы екі мамандықты ашса, мен жергілікті бюджеттен жыл сайын 200 студентке грант беруге дайынмын", – дейді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.

Ал, Қаржы орталығы қарызға оқы дейді

Білім министрлігіне қарасты "Қаржы орталығы" болса, грантқа түсе алмаған, қалтасында ақшасы жоқ студенттерге кредит негізінде білім алуға болатынын хабарлады. "Қаржы орталығының" баспасөз қызметі хабарлағандай, білім кредиті жылына 10 пайыздық үстемақымен, кепілсіз түрде және 12 жылға беріледі. Тіпті, оқу кредитін кейін төлеуге болады деп сендіріп отыр. Яғни, оқу кезінде және оқуын аяқтағаннан кейінгі алты айда студент тек несие пайызын төлесе болады. Ал негізгі соманы келісімшарт негізінде кейін төлей алады.

Білім несиесін алу үшін Қазақстан Республикасының азаматы болу шарт. Сондай-ақ, ҰБТ немесе кешенді тестілеуден кемінде 50 балл жинау керек. Ең бастысы, жаныңызда тұрақты табысы мен зейнетақы қорында ақшасы бар қосымша қарыз алушы болу керек.

Келесі жылы қаперде ұстайтын бес жағдай

Мырзантай Жақыптың айтуынша, талапкер жоғары балл жинағанмен, "грантқа түсемін" деп көңілді кеңге салмауы керек. Өйткені, мамандықты дұрыс таңдамаса, грантқа ілінбей қалады.

"Грантқа іліне алмаудың басты себебі – білім гранты өте аз бөлінген мамандықтарды таңдайтын "Алтын белгі" иегерлері де, басқа талапкерлер де шамадан тыс өте көп болады. Сол себепті мамандық таңдаған кезде де он рет ойланып, жүз рет толғанып, мамандықтарға бөлінген білім гранттарының саны мен Сертификаттағы балл деңгейін барынша саралап, сараптап алып барып, құжат тапсырған дұрыс дер едік".

Мырзантай Жақып әрбір талапкер мен ата-ана білім гранты конкурсына құжат тапсырудан бұрын мына бес жағдаятты есінде сақтау керек дейді.

Біріншіден. ҰБТ немесе кешенді тестілеу тапсырғаныңыз туралы Сертификатта жазылған бейіндік пәндер бойынша өзіңіз таңдайын деп отырған мамандықтардың тізімімен және олардың шифрларымен өте мұқият танысып алғаны жөн. Бұл мамандықтар бакалавриат мамандықтары деп аталады және олардың саны – 175.

Екіншіден. Еліміздегі жоғары оқу орындарының тізімімен танысып шығыңыз.

Үшіншіден. Таңдаған жоғары оқу орнында Сіз қалаған мамандық бар ма, жоқ па, соны анықтап алыңыз. Талапкерлер білім грантының конкурсына факультеттер бойынша емес, мамандықтар бойынша қатысады. Білім гранттары да факультетке емес, мамандыққа беріледі. Қосымша мәліметтер Астана мен Алматыдағы және облыс орталықтарындағы ЖОО-ның Қабылдау комиссияларында болуы тиіс. Немесе ЖОО-ның Интернеттегі сайттарынан да көп ақпарат алуға болады.

Төртіншіден. Сіз таңдап отырған мамандыққа қанша білім гранты бөлініп отырғанына назар аударыңыз.

Бесіншіден. Интернеттегі "Электрондық үкімет – Ашық үкімет" порталында "Жоғары медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы" туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі бұйрығының жобасы жарияланды. Дәрігер боламын деген түлектің сол бұйрықпен міндетті түрде танысып алғаны жөн.

Дереккөз:informburo.kz
29 тамыз 2017 г. 2 551 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 226 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 613 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031