» » ҰБТ – ұлттық бірыңғай тәлкек

ҰБТ – ұлттық бірыңғай тәлкек

 Жылда осы: айқай-шу, өзіне-өзі қол салу, сауатсыз сұрақтар, жылаған жас, күрсінген ата-ана, реформашыл министр. Қанша жыл өтсе де, бірде-бір рет тыныш тестілеу өткізе алмай-ақ қойдық. Министрлік «дұрыс таңдау жасамады» деп талапкерді кінәлайды, ата-ана министрлікті кінәлайды. Ақыры кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін айырудан қаласың. Болашақтың таңдауы емес, құдды жүйке тестілеу жүйесі дерсіз. Жүйе демекші, елдегі жаңармақ түгіл, жаңғырмаған жүйенің әлдеқашан сыр бере бастағанының бір көрінісі де осы – ҰБТ. Әйтпесе мектеп бітірушілерді жыл сайын тәлкекке салмай, тым құрығанда тестілеуді бір жүйеге түсіруге болар еді. Мәселен, биыл 84 041 талапкер тестілеуден өтіпті. Айналдырған 84 041 баланың оқуға түскен яки түспегенін анықтауды білдей министрлік грант тізімін екі қайтара жариялап жүріп әрең шешті. Осымен шешіле қалса, әрине.

ЖҮЙКЕ СЫНАҒЫ – 2017
Ә дегенде биылғы тестілеу бұрынғы жылдармен салыстырғанда тып-тыныш өтіп жатқандай болған-ды. Алдыңғы жылдары тестіден өте алмаған өрімдей жастардың өз-өзіне қол салып, өмірін қиған оқиғалар жиілеп кетіп еді. Оның сыртында сауатсыз сұрақтар талапкерді ғана емес, тестіні бақылаған қалың жұртқа да тегін басқатырғыш болғаны бар. Биыл жаманат хабар да жоқ, қисық сауал да жоқ, тест төңірегі тыныштыққа арбалғандай күйде еді. «Шынымен бір жүйеге түскен екен-ау» деп сенер-сенбесімізді білмей, ақсарбас атауға сәл-ақ қалғанда шу ете қалды. Бәсе...
Тамыздың 10-ы күні Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары жарияланды деген хабар тарады. Іле желідегі жұрт бір-бірін құттықтасып, мәз-мейрам болды. Өгіз де аман, арба да аман, әйтеуір, өттік-ау десті. Бірақ жоғары балл алып, «Алтын белгі» иеленіп, ойша оқуға түсіп үлгергендер төмен балмен грантқа түсіп кеткендерді тізімнен көргенде «бұ қалай болғаны сонда, әділдік қайда?» десіп министрліктен бір-ақ шыққан. Баланың болашағы сынға түскенде кім болса да аянып қалмасы анық қой. «Үштілділік» реформасына ғалымдар, сарапшылар, өзге де көзіқарақты жұрт жаппай қарсы болғанда, бұлғаң салып ұстатпаған Сағадиев баласын жетектеп ызаға булыққан, тау қопарардай екпінмен жетіп барған ата-аналарды көргенде дереу кабинетінен шығып, грант төңірегіндегі дауды түсіндіріп, «Алтын белгі», жоғары балл алған ешбір бала оқусыз қалмайды» деп сендіріпті. Жұрт қолдан келер қайран жоқ екенін біліп, министрдің сөзіне амалсыз сеніп тарқасқан.

ДАУДЫҢ БАСЫ – «АЛТЫН БЕЛГІ»
Даудың шығу себебі – 2017 жылғы тест қорытындылары сарапталмай, қажетті категориялар бойынша бөлінбей тұтас жарияланып кеткен. Мәселен, ол жарияланымда арнайы жеңілдік қарастырылған жетімдер, мүгедектер, ауыл квотасы сынды категорияға жататын талапкерлер жалпы тест қорытындысында бөлекше көрсетілмей, көптің ішінде кеткен. Содан келіп «Алтын белгі» иегерлері мен жоғары балл жинағандар тұрғанда, төмен балл алғандар қалайша оқуға түсіп кетеді деп шу шыққан. Ал 14 тамызда жарық көрген екінші тест қорытындысында жоғарыдағы категорияларға жататындар бөлекше көрсетілген. Сөйтіп, бір даудың басы қайырылады. Бірақ мұнымен мәселе түбегейлі шешіліп кеткен жоқ. Ол – грантқа іліне алмай қалған «Алтын белгі» иегерлері. Қолданыстағы заңға сәйкес, «Алтын белгі» алған оқушы грантқа түседі. Бұрын солай ың-шыңсыз жүзеге асып келген. Ал биыл «Алтын белгі» алғандардың біразы грантқа ілінбей қалды. Тап осы жерден дау үдей түсті. Министрлікке барып, әділдік талап еткен де, негізінен, осы «Алтын белгі» иегерлері. Бұл дауды министрлік әрбір арыз-шағымды республикалық комиссияның талқысына салып, қосымша гранттар үлестіріп әрең шешті. Сөйтіп, «Алтын белгі» алып, оқуға түсе алмадық деп шағымданғандар енді университеттердiң, бiлiм және ғылым министрлiгi мен денсаулық сақтау министрлiгi қаражаты есебiнен оқитын болды. Нәтижесiнде биылғы гранттар саны бастапқысынан 1487-ге көбейді. Ал, жалпы, биылғы оқу жылына мемлекеттен 37 932 білім гранты бөлініп, оған ілінуге 84 041 талапкер білім сынына түскен. Ортадан «Алтын белгінің» дауы қосылып, грант саны 3,5 пайызға өсті. Осымен ата-аналар үшін биылғы жүйке сынағы, талапкерлер үшін ұлттық бірыңғай тәлкек аяқталғандай.

«АЛТЫН БЕЛГІ» НЕМЕСЕ МИНИСТРЛІКТІҢ МИБОТҚАСЫ
Шынтуайтында, ҰБТ-ның биылғы дауын министрлік өзі жасады. Сағадиев «реформасы» ә дегенде тестілеудің кезеңін екіге бөлді және «Алтын белгіні» анықтауды мектептің құзырына берді. Тестілеудің бірінші кезеңінде мектеп бітіруші орта білім аттестатын алу үшін мектепте тест тапсырды. Одан кейін екінші кезеңге өтіп, ҰБТ-ға қатысты. Мектеп әкімшілігі өз ішінде ешкімді аттестатсыз қалдырмайтыны белгілі. Ал мәселе «Алтын белгіге» келгенде мектеп пен ата-аналар «құдай бердіге» балап, аспаннан алтын жаудырғанға ұқсайды. Мысалы, бұрнағы жылдары «Алтын белгіге» ұсынылған оқушылардың 49 пайызы белгіні қорғаған болса, биыл бұл көрсеткіш 94 пайызға бір-ақ барған. «Алтын белгі» аспаннан жауды деп отырғанымыз – осы. Бұл баяғы «қолыңда барда қонышыңнан бас» дейтін ағайынның мінезі. «Алтын белгінің» тым көбейіп кеткені күдік тудырып, министрлік төмен балл алған белгі иелері оқыған мектептерді тексереміз деп белсеніп отыр. Министрліктің белсенгеніне болайын, бәленің бәрін өзі бастап беріп, енді келіп тексермекші. Жарайды, тексерсін, тамыр-таныстық, жеңұшынан жалғасқан жемқорлыққа сәл де болса сабақ болар. Бірақ айналып келіп комиссияның шешімімен «Алтын белгі» иегерлеріне қосымша грант үлестірді ғой. Сөйтіп, министрлік өз тұзағына өзі тұтылып отыр. «Алтын белгіге» қатысты министрліктің миботқасы мұнымен бітпейді. Министрлік ҰБТ басталмай тұрып «Алтын белгіге» жеңілдіктер болмайды» деп жар салды да, құжат қабылдау кезең басталғанда барып «Алтын белгінің» артықшылығы сақталатынын айтты. Сөйтіп, «Алтын белгі» иегерлеріне грант таратып шықты. Министрлік неге түлкібұлаңға салып, елді шатастырғанына әлі нақты түсініктеме берген жоқ. Ал біз министрліктің басқатырғышын өзімізше шешіп көрейік. Қолданыстағы заң бойынша «Алтын белгі» алып, оны қорғап шыққан талапкерге артықшылық беріледі. Ал әлі жоба күйіндегі заңда бұл артықшылық алынып тасталған көрінеді. Министрлік бекітілмеген заң жобасына сүйеніп, «Алтын белгіге» жеңілдіктер болмайды» деп ақпарат таратқан. Соған қарағанда Сағадиевтің кеңсесі заңды парламентсіз өздері қабылдап жібере жаздаған сияқты. Өйткені қолданыстағы заңда көрсетілген «Алтын белгі» артықшылықтары болмайды деп жобаға иек артып хабар таратудың өзі заңға қайшы – жалған ақпарат тарату болып саналады. Алайда аңдамай айтылған сөзді соңында жуып-шайғандай болып, «Алтын белгі» иегерлеріне заң бойынша артықшылықтарын ескеріп, қосымша грант берді. Егер «Алтын белгі» беруді мектептердің құзыретіне бермей, бұрынғы жолымен жүргенде қосымша грант бөліп, бюджетті шығындамас еді. «Алтын белгі» алып, аз балл жинаған түлектер оқыған мектептерді тексереміз» деп министрліктің тепсініп отырғаны жіберген қателіктерін енді түсініп жатқаны болса керек. Әрине, кінәлі біреуді табатын да шығар. Сөйтіп, Сағадиев кеңсесі өзін ақтап алар. Ол жағына келгенде біздің министрліктер алдына жан салмайды. Әзірге тек қай мектептің соры қайнайтыны ғана белгісіз. Осылайша білім және ғылым министрлігі елді шатастырып қана қоймай, өзі де шатасып, қолданыстағы заңның емес, жоба күйіндегі заңның сөзін айтып, заңға қайшы ақпар таратып жұртты әбден әбігерге салды. Бұл әбігердің аты бар: ол – Сағадиевтің білім реформасы деп аталады.

БАСТЫСЫ – БІЛІМ АЛУ ЕМЕС, «МОДНЫЙ» МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ
ҰБТ-ның тағы бір бітпей келе жатқан жыры бар. Ол – мамандық таңдау. Биылғы талапкерлердің бұрынғылардан өзгеріп кеткен ештеңесі жоқ екен. Талапкерлердің көбі сол баяғы «заңгер», «экономист», «халықаралық қатынастар», «құқық қорғау қызметі», «қаржы», «маркетинг», «жалпы медицина» қатарлы мамандықтарды таңдапты. Ал мемлекеттік гранттардың көбі нарық қажет етіп отырған техникалық мамандықтарға бөлінгеніне қарамастан, талапкер мен ата-ананың таңдауы «модадан» түспей келе жатқан мамандықтарға ауады екен. Біздіңше, талапкер таңдауына жүйе қалыптастырған бүгінгі қоғамда әсер етіп отыр. Мәселен, «заңгер», «экономист», «халықаралық қатынастар», «құқық қорғау қызметі», «қаржы» дейтін мамандықты жұрт ақшаның ортасы деп ойлайды. Өйткені экономисті оқып, елдің емес, өзінің экономикасын өсіріп жүргендердің өмірін көреді, заңгерді бітіріп алып, құқық қорғау органдарына жұмысқа тұрып, шылқып байып кеткендерді де біледі, аталған мамандықпен оқығандарды қарап тұрса, бәрі бастық, бәрі бай. Содан жас баланың есі кетеді де. Байлық бар құндылықтың бастауы болып тұрған заманда жас талапкердің таңдауына таңғалмайсыз. Ата-анасын да сөге алмаймыз. Сондай таңдау жасауға жеткізген жүйені жазғырмасаңыз... Таңдаудың өзі бұлай болғанда, білім бәсекесіне түсер болашақ туралы ойлаудың өзі артық сияқты... Білім емес, мода қуудан әлі арыла алмай келеміз.

Өміржан Әбдіхалықұлы
"Жас Алаш" газеті
16 тамыз 2017 г. 2 259 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 13 747 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 350 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930