Білім министрі балаларын жаңа оқу жылына қалай дайындағанын айтты

«Олар мектепте тамыз айының ортасынан бастап дайындалды. Онымен өзім айналысып, мектепке белігілі бір деңгейде білім алып барларына, әліппемен, сөздермен таныстыруға тырыстым. Жалпы, ата-аналар дайындықты сәл ертерек бастағаны жөн болар. Тым болмағанда, оларға оқуға кітап, математикалық тапсырмалар беру керек. Сонда бала жаңа оқу жылында ары қарай іліп әкетеді», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Сонымен қатар Сағадиев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. «Біз жылдың соңына дейін 17 кітапты аударып бітеміз. Аударылатын оқулықтарды қоғам қайраткерлері, лингвистер, философтар, ғалымдардан тұратын комиссия іріктеп алды. Бүгінгі күні жұмыстар 80-85 пайызға аяқталды. Жылдың соңына дейін аталған 17 кітапты толық аударып бітіріп, жарыққа шығарамыз. Жалпы 100 кітап аударылады. Бұл жұмыстар үш жылдың ішінде жүргізіледі», - деді ол.