» » Грант дауы: БАЛЛ ШАБА МА, БАҚ ШАБА МА?

Грант дауы: БАЛЛ ШАБА МА, БАҚ ШАБА МА?

 Оқуға түсу оңай емес. Оған биыл да бой көтерген грант бөлінісіндегі даулы оқиғалар мысал бола алады. Тамыз айының басында ҰБТ қорытындылары шыға салысымен жинаған балы жетіп тұрса да, таңдаған оқуына іліне алмай қалған талапкерлер мен «Алтын белгі» иегерлерінің грантқа түспей қалғаны дау болған. Содан грант бөлінісі мәселесін арнайы комиссия құрып, бірнеше министрлік бірлесе отырып шешті. Мемлекеттік білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық конкурстық комиссия биылғы оқу жылына жоғары оқу орындарына түсуге, резервті қосқанда, 34 907 білім грантын бөлді.

 Мұның сыртында медицина мамандықтарына жалпы саны 3794 грант тағайындалыпты. Соның ішінде «Алтын белгі» иегерлеріне – 4664, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға – 551, мүгедектерге – 367, жеңілдіктері барлармен теңестірілгендер және соғысқа қатысқан кепілдігі бар ата-ананың балаларына 42 грант берілген. Ал 642 білім гранты физика, химия, биология және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын болашақ мұғалімдерге делініп биыл алғаш рет беріліпті. Тағы бір жаңалық – облыстардың жергілікті бюджет есебінен тағайындалған гранттар. Гранттардың мұндай түрі де тұңғыш рет іске асып отыр. Сөйтіп, биыл Атырау облысында – 222, Шығыс Қазақстанда – 200, Қызылордада – 150, Ақмолада – 100, Алматы облысында 100 білім гранты тағайындалып, иелерін тапқан. Осылайша ата-ананың да көңілі тыныш, талапкердің де жүрегі орнына түсіп «уһ» деп тынышталғандай. Грант иегерлерін 28 тамызға дейін жоғары оқу орындары қабылдап алды. Демек, студенттердің жаңа легі оқуды бастап кетуге даяр. Үкіметтің және аймақтардың бөлген оқу гранттарын қоса есептегенде, сан жағынан көп сияқты көрінгенімен, биылғы мектеп бітірушілердің жалпы санының 30 пайызы ғана грант иегері атанған. Ал оқысам деп ұмтылған, қатарынан қалғысы келмейтін жас талапкер не істейді, қайда барады? Ақылы оқуға әркімнің шамасы жете бермейді. Әркім емес, көптеген отбасының баласын ақы төлеп оқуға беруге жағдайы келмейді. Елдегі тұрмыстық-әлеуметтік жағдайдың шын көрінісі көпке мәлім: қымбатшылық, жұмыссыздық, табыстың аздығы т.б. Енді қайтпек керек?
ГРАНТҚА ІЛІНБЕГЕН ТАЛАПКЕРДІҢ ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?
Үкімет ақылы оқуға шамасы келмей тарығып отырған талапкерлерге несиеге оқуға кеңес береді. Несиенің не екені айтпаса да түсінікті. Білім несиесінің бір-ақ артықшылығы – болашағыңа жол ашады, білім алуыңа мүмкіндік береді. Тұрмыстың қажеттілігіне деп миллиондап алған несиеден білімге деп алынған несиенің жалғыз артықшылығы осы болса керек. Несиесін алу үшін білім беру кредиттерін кепілдендірудің мемлекеттік бағдарламасы аясында талапкер өз атына студенттік несие ала алады. Бұл несиенің жылдық пайызы 10 пайыздан басталады. Кепілсіз. Несие 12 жылға беріледі. Студент оқып жүріп немесе оқуды аяқтаған соң алты ай ішінде несиенің пайыздарын төлейді. Әрі қарай несиенің негізгі сомасы өтеледі. Тағы бір шарт – студенттік несие алу үшін төлем қабілеті бар қоса қарыз алушы болуы керек. Бұл, айналып келгенде, ата-анаға салмақ салатыны айтпаса да түсінікті. Ата-анасы тұрақты жұмыс істемейтін, зейнетақысына ай сайын аударым жасай алмайтын, үкіметтің есебінде өзін-өзі қамсыздандырушы болып тіркеліп тұрған отбасылардан шыққан оқуға ынталы баланың несие шарттарын орындай алмайтыны рас. Демек, биылғы мектеп бітірушілердің арасынан жұмыссыздар қатарын толықтыратындар да аз болмайды деген сөз. Яғни білім несиесін де әркім ала алмайды.
ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ ШИЕЛЕНІСЕ БЕРСЕ ШИҚАН БОЛАДЫ
Грантқа ілінбей, несие де ала алмай оқудан күдерін үзгендер ауыл-ауданда қалмай, қалаға ағылады. Сөйтіп, қала жағалап, қара жұмыс істейтін қазақ жастарының қатары көбейе береді. Мұның соңы әлеуметтік теңсіздікке апарады. Ал оның ақыры күні кешегі «Абу Даби Плаза» құрылыс алаңындағыдай шетін оқиғаларға соқтырмайтынына ешкім кепілдік бермейді. Тіпті білім несиесін алып оқуға түскен жастардың қандай білім алып шығатыны да дүдәмал. Мысалы, несиені қалай жабуды уайымдаумен жүрген жасты жарытып білім алады деуге де болмайды. Әйтеуір, оқыған деген аты болмаса... Ата-анаға салмақ салмас үшін студенттердің жалданып жұмыс істеуге баратыны да содан. 2016 жылы Cinema Tauers бизнес орталығында шыққан өрттен өрімдей студент жастардың қаза тапқаны белгілі. Мұндай қайғылы оқиғаға себеп болған да несие, студент тұрмысының қиындығы. Әрбір студенттің қиындығының артында оның отбасының әлеуметтік жағдайының күйі жатыр. Сондықтан да биыл мектеп бітіріп оқуға түсе алмаған жастардың мәселесін үкімет жіті назарында ұстап, олардың мәселесін шешуге ұмтылыс жасауы тиіс. Жастар өміріндегі шешілмеген әр мәселе жиналып келіп, шиқан болып бір күні жарылатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Оның сыртында студентті оқудан тыс жұмыс істеуге мәжбүрлейтін мәселенің бірі – жоғары оқу орнындағы жемқорлық. 2015 жылы студенттер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, жоғары оқу орындарында пара алу деңгейі тым жоғары болып шыққан. Мәселен, сауалнамаға қатысқан студенттердің 90 пайызы оқу орындарында жемқорлықтың бар екенін жоққа шығармаған. Мысалы, сол жылдары жалпы республика бойынша сессияны тапсырудың орташа бағасы 29 мың теңге, ал бір сабақтың мәселесін шешу 5000 теңге болған екен. Екі жылдың ішінде жоғары оқу орындарындағы жемқорлық мәселесі түбірімен жойылып кетпегені белгілі. Демек, биыл студент атанған жастар да оқу орындарындағы жемқорлықпен бетпе-бет келеді. Бұл өз кезегінде студентті қосымша қаражат табуға мәжбүрлейді. Сөйтіп, ол жұмысқа жалданады, оқуға көңіл бөлуге уақыт тапшы бола бастайды. Ақыры білімі төмен кадрлар еңбек нарығына келеді. Осылай бір-бірімен тығыз байланысып жатқан тізбекті жіті көңіл бөліп қарасаңыз, ел болашағы картинасының сұлбасы көз алдыңызға келе қалады. Жемқорлықсыз әрі сапалы білім жүйесі қалыптаспайынша, грантпен, несиемен, ақылы оқыса да, жемқорлыққа жұтылатын болашақ маманның білімі мен біліктілігі ойдағыдай болмайды.

"Жас Алаш" газеті
06 қыркүйек 2017 г. 2 504 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 253 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 621 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031