» » Түркістан облысында мұғалімдер директордың қатысуынсыз жұмысқа орналасады

Түркістан облысында мұғалімдер директордың қатысуынсыз жұмысқа орналасады

Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіледі және аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қойылатын жауапкершілік жоғарылайды. 

Бұл туралы бүгін Түркістан облысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау туралы мәжілісінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Edunews.kz AA Baq.kz cайтына сілтеме жасап.


Өңір басшысы парақорлыққа, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатаң шара қолданылатынын айтып, қызметкерлеріне ескерту жасады. Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппараты мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы Н.Ешенқұловтың баяндамасы тыңдалды. Ол Елбасы Жолдаулары мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту міндеті жүктелгеніне тоқталды.


Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, бірқатар деректерді баяндады. Биыл 8 ай көлемінде облыста 170 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелсе, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың 25 мемлекеттік қызметкері сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпталған. Оның 18-і пара алу дерегімен жауапкершілікке тартылса, 4-еуі алаяқтыққа жол берген. Дегенмен, соңғы жылдары жергілікі атқарушы орган қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық фактілері төмендеп келеді. Мәселен, 2016 жылы 44 оқиға тіркелсе, 2017 жылы 40 оқиға тіркелген. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстардың басым бөлігі Сарыағаш, Сайрам және бұрынғы Мақтаарал ауданына тиесілі. Аудан әкімі аппараты қызметкерлеріне қатысты 7 оқиға тіркелсе, әкімдердің үстінен сыбайлас жемқорлыққа байланысты 6 дерек анықталған.


Атқарылған жұмыстарға қарамастан әсіресе, білім саласында жемқорлық деректері жиі кездесіп жатыр. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Садықованың айтуынша, өңірде коррупцияның алдын алу үшін басқарма тарапынан бірқатар қызметтерді цифрландыру шаралары қолға алынған. Мәселен, мектепке дейінгі білім беру ұяларына жолдама беру және кезекке қою автоматтандырылып, 12 мыңнан астам бала балабақшаға орналасқан. Яғни, адами фактор азайып, өтініштер электронды түрде реттелген. 902 орта мектеп mektep.sitcen.kz жүйесіне қосылып, оқушылар осы арқылы мектепке қабылданып жатыр. Бүгінде 53031 оқушы электронды түрде 1-сыныпқа қабылданған. Сонымен қатар, 902 білім ұясында jumys.sitсen.kz жүйесі енгізіліп, 2718 өтініш келіп түскен. Жүйе қызметі арқылы 321 мұғалім жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда жүйеде 652 бос жұмыс орны туралы мәлімет тұр. Енді ұстаздарға директорға немесе басқаларға жолықпай жұмысқа орналасу жүргізілуде. Ал, техникалық қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды мектеп директорының құзіретінен алып тастап, аутсорсингке өткізу ұсынысы қарастырылып жатыр.


Жиында жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар да талқыланып, сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссияның жұмысын күшейту керектігі айтылды. Облыс әкімі Ж.Түймебаев басқарма басшыларының есебін тыңдап, елге шынайы отаншылдық сезіммен адал қызмет ету керектігін айтты.


«Сыбайлас жемқорлық - қоғамның індеті. Сондықтан халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары қолға алынып, білім беру ұйымдарында мәдени-ағартушылық жұмыстары атқарылсын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы жанынан ішкі талдау жұмыстарын жүргізу үшін жұмысшы тобы құрылуы тиіс. Мемлекеттік мекемелер ашық әрі елге жақын болып, сапалы қызмет көрсетсін. Сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген әрі осы індетке қарсы тиісті дәрежеде қадағалау жүргізбеген лауазымды қызметкерлердің мәселесі қатаң қаралатын болады», - деп, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөнінде тапсырма берді.



05 қазан 2018 г. 2 323 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 766 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 056 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031