» » Төзімі таусылған ана Ерлан Сағадиевке хат жазды

Төзімі таусылған ана Ерлан Сағадиевке хат жазды

 Qamshy.kz ақпарат агенттігінің поштасына әр түрлі хаттар легі келіп жатады. Бұл жолы үш баланың анасы Г. К. (есімін жасыруды өтінді) ақпарат агенттігі арқылы ҚР Білім және ғылым министрлігіне хат жолдады. Хат мазмұны төмендегідей (мазмұны өзгермеген):

 «Бұл хатты жазбас бұрын көп ойландым. Жазсам, дұрыс болар ма екен, ертеңгі күні балаларыма зияны тиіп кетпес пе екен деп... Сол себепті есімімді де, балаларымның да есімін жасыруды жөн көрдім. Жасым 40-тан асса да, әлеуметтік желіде жиі отырамын. Жұмыс істегендіктен теледидар көруге уақытым жоқ. Сол себепті Qamshy.kz сынды сайттарды жиі оқимын, әрі тұрақты оқырманы болғандықтан хатымды осы сайт арқылы жеткізуге бел байладым. Осы сайт арқылы мен секілді барша ата-ананың зары Білім министрлігінің құлағына жетіп қалар.

Өзім – 3 баланың анасымын. Үлкен қызым универсиетте оқиды, екінші ұлым 11-сынып оқушысы, кенжем бұйырса алдағы жылы мектеп табалдырығын аттайды. Балаларымыздың болашағы үшін күйеуім екеуміз жанталасып жұмыс істейміз. Солар ештеңеден құр қалмаса екен, білім алса, жоғарғы оқу орнына түссе, қыдырып та үлгерсе дейміз. Жалпы, қатарларынан қалдырмауға барынша тырысып келеміз. Бірақ та оқушылар үшін жасалып жатқан реформаға көңіліміз толар емес. Ол реформа шынымен оқушылар үшін жасалған ба? Балаларымның болашағы біз үшін маңызды, олар үшін мемелкет не істей алады, қандай мүмкіндіктер қарастырған, бәрін бақылап отырамыз. Енді, міне, елдің бәрі қарсылық танытып жатқан білім саласындағы жаңа реформаға біз де қарсы екенімізді айтқым келіп отыр. Құрметті, Ерлан Сағадиев мырза, түсінесіз бе? Ата-аналардың көбі сіз енгізгелі отырған реформаға қарсы.

Үштілділіктен бастадыңыз. Иә, балаларымның ағылшын тілін жетік меңгеріп шығуына қарсы емеспін, тіпті керемет болатын еді. Алайда, оның басқа да жолдары бар ғой. Әр бала ең алдымен өз ана тілін толық меңгеруі тиіс. Біз ауылды аймақта тұрамыз, ал қалаға бара қалған жағдайда балалардың 80%-ы дерлік орыс тілінде сөйлеседі. Ол балаларға ағылшын тілін терең оқытсақ, қазақ тілінен мақрұм қалмай ма?! Керісінше, мектептердегі қазақ тілін дамытуға күш салсаңыз болар еді. Жоқ, үштілділікті айтып қоймайсыз. Оқысын, оқиды да, тек қосымша пән ретінде. Оның үстіне, ата-аналардың 95%-ы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға келісті депсіз. Қайдан білдіңіз оны, бізден ешкім сұраған жоқ қой, сауланама жүргізген жоқ. Әлде сауалнама тек қалада жүргізілді ме? Ауылды аймақтың ата-аналары, балалары кім болғаны?

Қазақстан тарихын оқу орындарынан алып тастапсыз. Мұны естігенде-ақ есімнен тана жаздағам. Әр бала тілінен кейін аса қастерлеуі тиіс құндылық – елінің тарихы. Иә, мектептегі 5-6 жыл жетеді деп ойлаған шығарсыз. Жоқ, кез-келген ұлттың адамы өз елінің тарихын өмір бойы оқуы тиіс.

ҰБТ-дағы ретсіздіктер ше? Қаншама түлектің көз жасына қалдыңыз. Ұлым 11-сыныпты бітіреді биыл. «Мама, мен бітіргенде қандай болар екен?» деп қазірден уайымдайды. Бұл оқушылар ҰБТ қалай өтер екен деп уайымдамаулары тиіс қой. Бар назарын білімге аударып, грантқа түсуге тырысып бағу міндеттері. Ал бұлар «осы жылдағыдай ретсіздік орнайды бәрібір, несін дайындаламыз» дейді. Мұны кім реттейді?

Кітап мәселесі де бар. 11-сыныпта оқитын ұлымның 5 кітабын өзіміз сатып алдық. Ұлымның анасы да, әкесі де қызметте болғандықтан, кітап сатып алуға міндеттепті. Оған қоса ҰБТ-ға дайындалатын кітаптары бар, қосымша сабақтары бар. Әр апта тапсырып отыратын өтпелі тесттері бар. Күйеуім екеуміздің айлықтарымыз 70 мыңнан аспайды. Несиелеріміз бар. Университетте оқитын қызым 11-сынып болғанда, әр ай сайын айлығымыздың тең жартысы қызымның сабағына кететін. Бұл жолы да солай болмақ па?! Ең болмағанда оқушылар кітаппен толық қамтамасыз етілмеген. Әлде тек ауылдық аймақтарда сондай ма? Бірақ, неге кітап базарлар мен баспаларда бар да, мектепте жоқ. Бір айтқаныңызда, оқушыларға кітап жеткілікті дегенсіз. Онда неге 15 мың  теңгені баламның кітабына жұмсадық. Бұған мектеп кінәлі ме, әлде қалай?

Кеше ғана Шымкентте орын алған жағдайды оқып, тіптен жүрегім ауырды. Хат жазуыма түрткі болған да – осы мәселе. Зорланған қызды мектептен қумақшы екен. Ол қыздың жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Бар ойлағаны мектептің абыройы. Сонда ол бүлдіршіннің құқығын кім қорғайды? Қай мектепке барса да, қабылдамайтын көрінеді. Бөлек оқығаны дұрыс дегендері де бар екен. Сұмдық... Жақсы, бөлек оқысын. Ал ондай орын бар ма? Білім саласының мамандары, айтыңызыдаршы? Ол қыз өз Отанында,өз жерінде өмір сүріп, қорланып отыр. Бұл қыз желіге шығып отырған алғашқысы ғана, ал үнсіз отырғандар қаншама. Зорлық деген дүние бітпей, мұндай қиындықтар да бітпейді. Ал сол зорланған қыздарымыздың құқығын кім қорғайды, мектебінің өзі ол оқушыдан бас тартып отыр емес пе?

Оқушылардың тағдыры ойыншыққа айналдырмаңыз, министр мырза! Олар бүгін нені көріп өссе, ертең еліне соны істейді. Ал мен балаларымның дұрыс білім алып, еліне тек пайдасын тигізер азамат болып өскенін қалаймын. Әр ата-ана секілді...

Құрметпен: Үш баланың анасы, Г. К»

28 қыркүйек 2017 г. 5 183 0

Жаңалық тізбесі

Оралда 7 мектеп салынады

16 қазан 2018 г. 21 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031