Сириядан келген босқын қыз Ресейде мектепті алтын медальмен бітірді
Сириядан келген босқын Иман Хассун Ресейде мектепті алтын медальмен бітіріп шықты. Ол орыс тілі бойынша емтихан тапсырып, 91 ұпай жинады.
Бұл туралы lenta.ru хабарлады.
Хассун — аталған мектепті үздік бітірген жалғыз түлек. Ол ата-анасымен және сіңлісімен бірге Ресейге 2015 жылдың жазында көшіп келді. Ол өмірін тіл үйрену, салт-дәстүр мен мәдениетті меңгеруге арнағысы келетінін айтты. Сириядағы соғыс аяқталғаннан кейін ол туған жері Идлибке оралуды армандайды.
Хассунға орыс тілінде сөйлеуді анасы үйретіпті. Басылымның хабарлауынша, анасы осы Чита өңірінде туып-өскен.
«Әкем екеуі Иркутсктағы медициналық университетте танысқан. Бірнеше жыл Ресейде тұрып, кейіннен әкемнің туған жері Сирияға көшкен. Соғыс басталғаннан кейін біздің қаламыз шабуылға ұшырады, сондықтан біз Читаға көшіп келдік», – деп түсіндірді бойжеткен.
Айта кетейік, Ресейде мектеп түлектері міндетті түрде орыс тілінен және математикадан ЕГЭ емтиханын тапсырады. Одан бөлек, оқушылар жоғары оқу орнына қажетті бірнеше пәнді өздері таңдап, сол бойынша сынақтан өтеді. Ал 2020 жылдан бастап барлық түлектер тарихтан емтихан тапсыруға міндеттелмек.
Еске сала кетейік, Сириядағы азаматтық соғыс 2011 жылы басталды.