» » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ — ИСІ ТҮРКІНІ БІРІКТІРГЕН ЖОБА

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ — ИСІ ТҮРКІНІ БІРІКТІРГЕН ЖОБА

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен оның жалғасы болып саналатын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген жобалар тек қазақ жұрты емес, исі түркінің басын біріктірген үлкен істерге ұласып отыр.
«Рухани жаңғыру» деген ұғымның өзі — жүрекке жылы тиетін, болашаққа деген үміт-сеніміңді нығайта түсетін, сәулелі ұғым. Табиғатынан руханиятқа жақын, оның үстіне кешегі кеңестік заманда тарихынан, рухани тамырынан ажырай жаздағаны көкірегіне ұлттық шер болып жиналған халқымыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын үлкен серпілістердің бастауы ретінде қабылдап, ол жарияланғаннан күннен-ақ іліп әкетіп, қолдау көрсетті. Әсіресе, мақалада: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі — олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас¬тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» — деп,  ұлттық кодты сақтай білу керектігі баса айтылып, ұлттық модельдің алға тартылуы ерекше қолдауға ие болды.
С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мақсатында арнайы орталық құрылды. Әр бағыт бойынша нақты іс-шаралар белгіленіп, жоспар бекітілген. Сол арқылы білім ордасының өз ішінде ғана емес, қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі көптеген шаралар қолға алынды. Мысалы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында Алтын Ордадан шыққан түркі халықтарының бәріне ортақ тұлға — Едіге бидің тарихтағы орнын айқындау бағытында ауқымды істер ұйымдастырылды. Университеттің мұрындық болуымен Ақтөбеде «Ер Едіге және ХХІ ғасырдағы ұлттық сана», «Едіге батыр» эпосы және ұлттық руханият» атты халықаралық конференциялар өтті. Байғанин ауданы аумағындағы Едіге жалы аталатын жерде Едіге би жерленген, бұл маңдағы топонимдер мен гидронимдер де осыған сәйкес келеді деген пікір бар. Қайткенде де, мұнда ХІV-ХV ғасырларға тән көне қорым бары анықталған. Сондықтан Едіге жалына ер Едігенің жерленгені туралы жазылған белгі орнатылды. Енді осы тұжырымды ғылыми айналымға енгізу көзделіп отыр. «Едіге батыр» эпосының Шоқан Уәлиханов жеткізген нұсқасы түрік тіліне аударылды. Бұл эпос — түркі әлемі руханиятының ең қымбат қазыналарының бірі. Едігетану мәселелеріне арналған жиын Түркияның Мерсин университетінде де өтті. Жиында біздің университеттің басшысы, профессор Бекежан Ахан баяндама жасады.
Жалпы, бағдарлама аясындағы істердің бір бөлігі Түркия, Әзірбайжан, Ресейдегі түркі халықтарының көрнекті ғалымдарымен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы барлық түркі халықтарының зиялы азаматтары жақсы біледі, біз осы бағдарламаға қаншалықты үмітпен қарасақ, олар да нақ сондай үмітпен қарап, атсалысуға әрдайым әзір.  
Біздің орталық Әбілқайырдың жары — Бопай ханымның өмір жолын зерттеу, оны мемлекет қайраткері, парасат иесі, абзал ана ретінде насихаттау мақсатында да бірқатар шараларға ұйытқы болды. «Әлиханойл-З» компаниясымен бірлесіп тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Алдағы уақытта Бопай ханым Сүйіндікқызы туралы кітап шығару да көзделіп отыр. Бұл үшін тарих ғылымдарының докторы, профессор Ирина Ерофеевамен келісім жасалды.
Мөңке би, Жалаңтөс баһадүр, т.б. ардақты тұлғалардың халқының игілігі жолындағы істерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жасалып жатқан жұмыстар көп. Ұлы даланың ұлы есімдерін ұрпақ жадында жаңғырту мақсатындағы істер алдағы уақытта да жалғасын таба береді.

Автор: Мұхтар МИРОВ,
С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті Рухани жаңғыру орталығының директоры,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент 


Дереккөз: "EDUNEWS.KZ" ақпарат агенттігі
23 желтоксан 2019 г. 1 643 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 766 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 056 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031