» » М.ӘУЕЗОВТЫҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» – АНАЛАР МЕКТЕБІ

М.ӘУЕЗОВТЫҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» – АНАЛАР МЕКТЕБІ

«Зере мен Ұлжан Абайдың емес,

 барлық халық анасы.» 

Б.Момышұлы

М.Әуезовтың атақты «Абай жолы» романына соғыс жылдары Б.Момышұлы жоғары баға бере отырып былай деген екен: «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген».[4. 217]

«Қазақтың сөз өнеріндегі  «Әуезов әйелдері» деп атауға болатын айрықша әсем образдар галереясы ұлы эпопеяның жан тебірентер ғажайып жаңа бейнелерімен толықты да молықты.

Әйел – ана ма, жар – жұбай ма, бұла бойжеткен бе... Әйтеуір қияпаты бөлек қазақ қызының мінез құлқын, іс-әрекетін, сыр-сезімін, қимыл-қылығын дәл, терең, нәзік суреттеуге келгенде М.Әуезов алдына жан салмайды. Сонда әрбір бейненің тастан қашалғандай бедер табатыны сондай, әрқайсысы - бір адам ғана емес, бір топ адамның жиынтық бейнесі боп оқырманның көз алдына тұрады да, есінде қалады. Сонда әр кейіпкер – тип; әркімнің қашанға таныс-бейтанысы боп шығады. Сонда бар ожданы тап-таза иманнан құйылғандай мейірім-шафхатқа толы Зере - әжелердің үлгісі; салқын қанды, сара да, дара да, сабырлы ақыл иесі Ұлжан - аналардың үлгісі; «Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен бар сыры мен назын Абайға  ғана құпия баян ететін «ақ еті атқан таңдай аппақ» ару Тоғжан – алыстан арайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат тақырыбының үлгісі; әні сәніне, сәні әніне астасқан асыл, аяулы Әйгерім – жас жігіттің нақ сүйер жарының үлгісі...»[5. 62-63]

«Абайдың шешендік ой өрбітуге барар жолда үлкен тәлім алған ортасы халық әдебиеті болды. Ол сол бұлақтан сусындап, ақынның өнерін ұштады, өлең өлкесін көркейтті. Бала кезінен ауылдағы көнекөз қариялардан, ақын-жыршылардан ертегі, аңыз-әңгіме, қисса, дастандар мен батырлық, ғашықтық жырларды көкірегіне тоқып, елдің қара сөзге жүйрік шешендерінің маңайына үйірсек болып өсті. Бұл қасиет оған ең алдымен ана сүтімен дарыды. Оның рухани оянуының бастауында әжесі мен анасы тұр. Шілде ана мен бесік жырын, ертегілерді зерделі Зере әже мен ұлағатты Ұлжан анадан тыңдаған.

«Данышпанды тәрбиелеген аналар. Бүкіл халқымыздың аналары. «Әкенің баласы – дұшпаның, адамның баласы – бауырың», - деп Абай өсиет етеді. Абайдың осындай өсиетті айту үшін көкірегіне нұр құйған екі ана емес пе?» [7.116]

«Ата-анаға көз қуаныш –алдына алған еркесі» деп ұлы ақын өзі айтқандай жас шағында екі анаға (Ұлжан, Айғыз) тел жанасып өсіп «Телқара» атанған, өзі теңдес құрбылары сияқты балалықтың хан базар барша қызығын ол да армансыз кешіп өскен. Зере әжей ата-анасы азан шақырып қойған «Ибраһим» есімін өзгертіп, өзі ерекше жан тартып, жақсы көрген, бауырындағы немересіне «Абай» деп бір түрлі нәзік, сезімді ат қойып, еркелете атауында үлкен мән жатыр.

Тегінде Абай атамыз халықтық педагогиканың бір саласы өскен ұядағы ата-ана тәрбиесінің маңыздылығына ерекше мән берген. Оған бір мысал ретінде баласы Тұраштың «Әкем Абай туралы» деген естелігіндегі мына бір жолдарды оқып көрелік: «Көз алдында қандай ойын ойнап, күліп отырсақ, тиіп-қақпай еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, жаман-жәутіктермен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп ұрысып, былайша айтып сөгуші еді: «Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады, ата-ана, ұстаз, құрбысынан, солардың ішінде қайсысын сүйсе, содан мол алады. Сендердің менен жақсы көріп барғыларың келіп отырған жақсы құрбыларың қайсы?» деп, қорғаштап өсіргісі келеді».

Абай атамыз да өзі айтқандай ата-анадан жұққан мінездер болмағы сондықтан да таң емес. Әсіресе, бала күнінен бауырында өскен мейірімді, балажан Зере әжесінің тәрбие ықпалы бір жосын бөлекше болғанға ұқсайды. Үш немерелерінің ішінде Ибраһимді алабөтен жақсы көрген. Абайды қойнына алып жатқызып, еркелете-еркіндете өсірген ақылды, зейінді, жұмсақ мінезді, мейірімді Зере немересіне Абай деп қойса, туған анасы мен кіші шешесі Ибраһимді – Телғара деп атаған. Ізгі жүректі, үлкен қамқор, кішіге пана бола білген үш әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізеді. Бұл туралы М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында шынайы суреттелген» [8. 267]

Эпопеяда Зере әжейдің Абай қалыптасуында әсерін анық көрсеткен. Жастайынан әжесінің әңгімесіне тоймаған Абай өміріндегі Зеренің орны ерекше еді. М.Әуезов осы жайытты шебер көрсете білген:

«Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесі бір түрлі шебер әңгімеші екен. Қызық сөйлейді. Әңгімесінің барлық жерін дәмді ғып, қызықтырып айтады. Әуелі Абай ауыра бастағанда бір күні кешке ұйықтай алмай жатып, әжесінен әңгіме айтуды сұрады. Сонда ол ойланып отырып:

- Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен ? – деп, кішкене тақпақтап бастап еді. Абай соны ұғып қапты. Келесі жолы әңгіме сұрағанда әжесін тізесінен ақырын қағып:

- Е-е... Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кім өткен ?- деп, тағы да әңгіме тілегенін білдіруші еді.

Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ-Жайық», «Жұпар қорығы», «Құла мерген» - бәрі де айтылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды.

Бертін келе есейген Абай болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел ішінде Зеренің жасынан бергі көргені, естігені жайындағы әңгімелер. Ел мен елдің шабысы, таласы жайында бірталай күндер айтты... Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын Найманның осы елге, осы ауылға шапқанын, сонда Бостанбек деген өзінің асыранды баласы өлгеннін және Найман қолынан осы ауылға тұтқынға түсіп, жыл жарымдай кісенде жатқан Қожамберді деген ақын жайын айтады. Соның көп өлеңін шұбыртады басқа да «Қарашор шапқан» сияқты шабысты, жортуылды айтады.

Тағы бір күндер Мамыр, Еңліктей қыздардың қайғыларын да айтып берді. Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын».[10. 56-57]

Осы айтылғандарды және ел есінде қалған басқа да естеліктеріне сүйенсек Абайдың сонау сәби кезінен қалыптасуына өзінің туған ата-анасымен қатар әжесі Зеренің тәлім-тәрбиесі, өнеге-үлгісі мол болғаны шүбәсіз шындық.

Әже, немере арасындағы осындай өмірде болған бірен-саран фактілер мен ел аузынан біртінде жазылып алынған әңгімелерден басқа Зере әже туралы нақтылы деректер сақталмаған. Қазақ қоғамында бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орыны өлшеусіз зор болған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» дегендей әрбір жанұядағы бала, немеренің болашақ азамат ретінде қалыптасуы, жақсы, жаман болмағы оның әке-шешесіне ғана емес, ата-әжесіне, тіпті ауылдас, рулас елдің шеңберінде тегіс сын болған. «Шөп шыққан жеріне шығады», «атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», «анасын көріп қызын ал», «әке көрген оқ жонар», «ұлың өссе - ұлықтымен, қызың өссе – қылықтымен көрші бол» дегендей мақал-мәтелдердің мазмұн-мағынасы да соған саяды.

Әсірісе, көп әйел алу салты, әмеңгерлік ғұрпы сақталып қалған қыр сахарасындағы ауыл өмірінде бәйбіше-тоқалдан тараған ұрпақтарды бір-біріне  алакөз қылмай тату-тәтті тәрбиелеу, күндестік сызынан қорғаштап өсіру ауыл анасы – Зере сықылды кемеңгер әжелердің парыз, қарызы саналған.

Эпопеяда ру ақсақалдарын құрмет тұту сияқты көріністерде байқалады. Мысалы, Құнанбайдың анасы – Зерені халықтың, иісі Тобықтының құрмет тұтуы, Ырғызбай руының кемеңгер қариясы ретінде сыйлауы, оған үлкен шаңырақ иесі ретінде табынуы қарт әженің әділдігі мен мейірімділігіне ғана емес, сонымен қатар, тіпті ең алдымен сол замандағы ежелгі дәстүрдің сақталынуына байланысты. Құнанбаймен татуласқан Бөжейдің Зеренің үйіне келіп отырып, оны «біздің анамыз», яғни тайпа анасы деп атауында да үлкен мән бар. Зере әжеміздің ескіше ата-баба шежіресі және кейінгі үрім жұрағатының тізімі былайшы түзілген. Матай, Кенже, Үмбет, Сұртай, Есен, Бақы, Төлеміс, Қойгел, Бектемір, Теңізбай. Мұнан бір ұл, бір қыз туған.

Ұлы ақын Абай Құнанбаев есімі бүкіл әлемге мәшһүр. Ал осы «Абай» есімі үшін әдебиет сүйгіш бүкіл қауым Зере апайға үлкен қарыздар. Абайдың рухани болып-толысуына араласқан жақындары көп болған шығар, бірақ мұнда Зере әженің алатын орны асқар таудай биік.  Абайдай ұлы адамның болмай жатқаны, мүмкін, Зередей әжелердің жоқтығынан шығар.

Қорытындылай келе, белгілі жауынгер Б.Момышұлының «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөздерінде үлкен мән жатқанын баса айтқымыз келеді. Отбасы – ана - ата – мектеп үштік ұғымы біріккенде сапалы білім мен саналы тәрбие болады.

М.Әуезов Абай жолы. 1 кітап. Жазушы. 2002 жыл

М.Әуезов Абай жолы. 2 кітап. Жазушы. 2002 жыл

М.Әуезов Абай жолы. 3 кітап. Жазушы. 2002 жыл

Ә.Марғұлан. Тарихи тұлғалар. Алматы: Ғылым, 1997ж. 


Автор: 

 

Даулеткуль Сейдахова,

М.Мәметова атындағы №27 орта метебінің 

қазақ тілі  мен әдебиетінің мұғалімі, фил.ғылымдарының магистрі

Тараз қаласы

17 сәуір 2020 г. 12 952 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 616 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930