» » Абайды білу парыз ойлы жасқа

Абайды білу парыз ойлы жасқа

Абай  -  тұтас  бір  әлем.  «Қазақ»  десе,  Абай, «Абай»  десе,  қазақ  деген  түсінік  қалыптасады. Қазақтың  бас  ақыны  Абай  -  дарқан  халқымыздың  бойтұмары. 

         Заман  ағымы  қанша  өзгерсе  де,  Абай  ілімі  өз  маңызын  жойған  жоқ. Қайта  жыл  сайын  жаңғырып,  жаңа  мәнге  ие  болып, өз  биігінен  орын  алып  жатыр. «Тау  алыстаған  сайын  биіктейтіні»  рас. Оған  куә -  насихатқа  толы  өлеңдері  мен  қарасөздері.  «Өлең  -  сөздің  патшасы,  сөз  сарасы»  деп   Абай  атамыздың  өзі  айтқандай, құдіретті  қара  өлеңнің  қасиетін  айқындап  берген    дана  ақынның  парасатты  ойы  көпке  үлгі,  адасқанға  шамшырақ,   ақылдыға   бағыт-бағдар.

         Өзге  елдер  Қазақстанды  Абай  арқылы  таниды. Ал Абайды  танымақ  -  өзіңді  танымақ.  Өзіңнің  бойыңдағы  мініңді  саралап,  кемшіліктеріңнен   арылу  үшін  Абайға  жүгіну  керек.  Өскелең  ұрпаққа  Абайды  білу  -  парыз.  Қазақтың  бас  ақыны  Абайдың  шығармаларын  біліп, ойына  ой  түйген  ұлағатты  ұрпақ  ғұмырын  мәнді  де  мағыналы  етіп  өткізеді.  Ақын  туындылары  тұнып  тұрған  ақыл,  ғибрат,  өнеге. Ойлы  жас  сөз  зергерінің  ой  тереңіне  бойлап,  сусындап,  ой-санаға  тоқуы  шарт.

         Қазақ  жастары  -  өнерлі  әрі  білімге  құштар.  Рухы  биік  халқымыздың  ұрпақтары  өз  ісіне  сенімді  әрі  ұлыларын  ардақтайтын  адал  ұл  мен  қыз  балалар. Өзге  елдермен  тереземіз  тең  болып,  бәсекеге  түсуіміз  үшін  жастарымыздың  жүрегі отқа,  бойы  намысқа  толы  болуы  керек  деп  ойлаймын. «Жылы  жүрек, ыстық  қайрат, нұрлы  ақыл»  ғана  ақылды  адамның  бойын  билемек. Жастар  -  болашақтың  кепілі. Ал  ойлы  жас  қоғамға,  мемлекетке  өз  пайдасын  тигізері  сөзсіз. Абай  сөзін  жүрегіне  қойып,  санасына  сіңірген  пенде  Адам  деген  ұлы  есімді  мақтанышпен   ардақтап  өтеді.

         Қазақстан  Республикасының  президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың    « Абай  және  ХХІ  ғасырдағы  Қазақстан» атты    мақаласында  «Біз  елді,  ұлтты  Абайша  сүюді  үйренуіміз  керек»  деген  сөзі  арқылы  көпшілікке  ой  тастады. Абай  өз  ұлтын  жан-тәнімен  сүйген  адам. Кемтігін  толтырып,  жақсылығын  асырған  ақын. Бірінші  кезекте,  Абай  -  тұлға. Екіншіден, азамат, үшіншіден, ақын. Үш  қасиет  тоғысып, Адамзаттың  Ұлы  Абайы  барша  қазақтың  маңдайына  біткен   қайталанбас  тұлғаға  айналды.   Осы  орайда ,  президентіміздің  «Ұлы  ақын  ұлтының  кемшілігін  қатты  сынаса  да,  тек  бір  ғана  ойды  -  қазағын,  халқын  төрге  жетелеуді  мақсат  тұтты»  деп  атап  өтті. «Дос  жылатып, дұшпан  күлдіріп»  айтады  емес пе!? Абай  сөзін  түсінген  әр қазақ  жақсылыққа  ұмтылып, жамандықтан  бойын  аулақ  ұстап, түзу  жолмен  жүруге  қалайда  үйренеді.

         Абай   қалың  ұйқыда  жатқан  қазағының  намысын  қайрап,  көкірек көзін  оятамын  деп  сан-саққа  түсті.  «Атымды  адам  қойған  соң, қайтіп  надан  болайын»  деп, өз-өзіне  шарт  қоя  отырып,  өзгелерден  де  соны  талап  етеді. «Адам  баласы  адам  баласынан  ақыл,  ғылым, ар,  мінез  деген  нәрселермен  озады. Онан  басқа  нәрсеменен оздым  ғой  демектің  бәрі  де  ақымақтық»  деген  ой  жалғастығы  байқалады.

         Әр  адамның  өз  идеалы  болады.  Абай  «мен -  қазақпын»  деген  әр  адамның  идеалы  болуы  керек  деп  ойлаймын. Себебі  Абай  сөзінен  бар  сұрақтың  жауабын  таба  аламыз. Жаратылыстың  сырын  ұғуға,  дүниені  түсінуге  және  өмір  атты  үлкен  мектепте  адаспай  жол  табуға  болатын  бірден-бір  шешім  -  Абай   сөзі.

         «Жігіттер,  ойын  -  арзан,  күлкі  -  қымбат»  деген  сөзі  ойлы  жастарға  үлгі-өнеге. «Жасымда  ғылым  бар  деп  ескермедім»  деген  өлеңінің  мағынасымен   астасып  жатыр. Абай  өнер-білімге  жас  күнінен  ден  қойды. Аз  ғана  ғұмырының  өзінде   жеткен  жетістіктеріне  көңілі  толмайды. Бұл   оның  өнерге,  білімге  деген  құлшынысының  жоғары  екендігін  көрсетеді. Жастар  жас  күнінде  мемлекет  ұсынып  отырған  бар  мүмкіндікті  пайдаланып,  қызуқанды  еңбекке  білек  сыбана  кірісіп,  жемісін  көруі  тиіс. Ойын  -  бір  күндік,  ал  еткен  еңбек  қоғамға  пайдалы. «Жұмысы  жоқтық, тамағы  тоқтық,  аздырар  адам  баласын»  ,  «сақалын  сатқан  кәріден  еңбегін  сатқан  бала  артық»  деген  нақыл  сөздері  көп  ой  салады. Қазақстан  Республикасының  президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  «Абай  -  еңбекқорлықтың  мотиваторы»  деген  сөзі  ақынның   болмысын  тұтас  ашады  деп  ойлаймын.  Себебі  ұлы  Абай   әр  туындысында  еңбекті  дәріптейді.  Еңбексіз  күнің  жоқ. Ойлы  жастың   тек  адал  еңбек  етіп,  мемлекетке  өз  үлесін  қосып, «сен  де  бір  кірпіш  дүниеге  ,кетігін  тап  та  бар,  қалан»  деген  ұстанымы  болуы  керек  деп  есептеймін.

         Абай  халық  арманын  айтқан  тұлға. Халқы  үшін  асыл  сөзін  еш  аямаған.

         Ойымды  қорытындылай  келе,  қазақ  халқының  біртуар  ақыны  Ахмет  Байтұрсынұлының   сөзін  тілге  тиек  еткім  келеді. «Қазақтың  бас  ақыны  Абай  Құнанбаев. Онан  асқан  бұрынғы-соңғы  заманда  қазақ  баласында  біз  білетін  ақын  болған  жоқ». Ахмет  Абай  Құнанбайұлын  оқшау  адам, яғни  ерекше , өзгеден  артық  адам  деп  атап  көрсетті. Абай  -  қайталанбас  тұлға. Ойлы  жас  Абай  әлеміне  шолып,  Абайша  өмір  сүрсе  ғана  еліміздің  еңсесі  биік  болмақ! 


Автор: 

Мөлдір Ажмұратова,

Қызылжар  орта  мектебінің 

қазақ  тілі  мен  әдебиеті  пәнінің  мұғалімі

Ақтөбе  облысы,  Қобда  ауданы

31 тамыз 2020 г. 4 910 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 13 705 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 333 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930