Оңтүстік Қазақстан облысынан майданға аттанған медбике әйелдердің қаһармандық істері
Қазіргі әскери медицина халқымыздың дәстүрлі медицинасымен, яғни, қазақ емшілігі немесе қазақ шипаргерлігімен байланысты. Әлемдік өркениетте денсаулықты сақтау жөніндегі алғашқы мәліметтер Шығыстың, Мысырдың, Қытайдың, Гректің, Тибеттің, яғни, Гиппократ, Аристотель, Ибн Сина, Корнелий Цельс, әл-Фараби сияқты ғалым-философтардың ежелгі қолжазбаларында көбірек ұшырасады. Тарихи таныммен зерделесек, қазақ шипагерлерінің тамыры тереңде жатыр. Ол – халқымыздың ататегін құрайтын сақтар, ғұндар, аландар, қаңлылар, үйсіндерден және одан да ерте заманнан бастау алады. Соғыста жараланған Сақ сарбаздарының жарасын таңатын емшілерді «жарықшы, қарықшы, таңғышы» деп атағаны тарихи деректерде кездеседі. Ал, ХҮ ғасырда Әз-Жәнібек ханның бас дәрігері болған ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиясы әскери медицинаның түп кітабы деуге болады.
Әскери медицинаның ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында өзіндік бастау алуы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, алғашқы әскери дәрігерлер – Санжар Асфендияров, Халел Досмұхамедұлы, Әли Көтібаров, қазақтың тұңғыш фельдшер-дәрігері Жәкула Күшікұлы сынды тұлғалардың ерен еңбектерімен тығыз байланысты. Бұл саланың әрі қарайғы қарыштап дамуы мен тәжірибе жинақтауы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарындағы 2000-ға жуық қазақстандық әскери дәрігерлер мен мейірбикелердің жанкешті қызметтері, елімізге соғыс аймақтарынан көшірілген эвакогоспитальдердің келуімен астасады. Атап айтсақ, мемлекеттің облыстары мен аудандарына Кеңес Одағының соғыс өрті шапшыған басқа аумақтарынан 34 100 төсек-орындық, 72 эвакогоспиталь көшіріліп, нәтижесінде 151 407 жарақаттанған офицерлер мен сарбаздар ем алып, оның 70 пайызға жуығы қайта сапқа тұрғызылған.
- Ұлы Отан соғысына Қазақстанның барлық аймағынан адамдар майданға аттанып, әр өңір республика экономикасын әскери жағдайда дамытуға өзіндік үлестерін қосты. Бұл соғысқа Қазақстанның оңтүстік өңірінен 140 мыңнан астам адам қатысты, олардың жартысы майданнан оралмады. 51 жауынгер Кеңес Одағының батыры, сегіз жауынгер Даңқ орденінің толық кавалері атағын алды. Сондай-ақ, мыңдаған ардагерлер жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды.
Соғысқа ерлермен бірге әйел адамдар да қатысты. Отандық тарихнамада қазақстандық әйелдердің соғысқа қатысуы мәселесі әлі де зерттеуді қажет етеді. Майдандағы күнделікті әскери өмір нәзік жандылардың мойынына ауыр жүк артты, бірі қару алып соғысса, бірі жаралы жауынгерлердің өмірін сақтап қалу үшін күресті. Қазақстан майданға медициналық қызметкерлерді жіберуде ауқымды рөл атқарады.
Шымкент қаласының «Жеңіс» саябағы ішінде орналасқан «Ерлік» мұражайына бардым. Мұражай құжаттарымен де таныс болдым.
Соғыстан кейінгі өмірі Шымкент қаласында өткен майдангер Новожилова Полина Ивановна майданға қалай аттанғаны туралы өз естеліктерінде былай дейді: «Мен 1941 жылы БАКСР Стерлитамак қаласындағы медучилищені тамамдадым. Бірінші емтихан 1941 жылы 22 маусымында өтетін болып бекітілді, ал таңертең соғыс жарияланды. Адамдардың барлығы соғыстың басталғанын сондай үреймен қабылдап, отбасыларында талқылады. 23 маусымда Стерлитамак қаласында аудандық әскери комиссариатқа келу туралы шақырту қағазын алдым. Бірақ, осы уақытта еріктілер көп болғандықтан мені емтихан тапсыруға жіберді. Соғыс кезінде Давлеканово қаласындағы ауруханада медбике болып жұмыс жасадым. Кейін, 1943 жылдың 4 қыркүйегінде, мен шақырту қағазын алдым, онда: Әскери комиссариатқа келу, өзімен бірге ауыстыруға керекті ішкі киімдер, қасық, ыдыс және 3 күнге азық-түліктің болу керектігі туралы жазылған».
Соғыс басталған кезеңде кеңес әскері қатарына әйелдерді бірден шақыртқан жоқ. 1941 жылы 17 қыркүйекте МҚК «КСРО азаматтарын жалпыға бірдей міндетті әскери оқу туралы» қаулы қабылдады, онда 16 жастан 50 жасқа дейінгі ер азаматтарды өндірістен қол үзбей міндетті оқыту туралы айтылды. Әскери сабақтар 110 сағаттық бағдарлама бойынша жүргізілді. Онда азаматтарды әскери жаттығуларға, қару-жарақтарды қолдана білуге үйретті.
Алайда, майданда әскери мамандардың, оның ішінде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі салдарынан әйелдерді де әскери іске тарту белсенді жүргізілді. Облыстардағы әскери комиссариаттар әскери мамандықтарға жоғарғы сынып оқушылары мен техникумдардың түлектері – қыздарды дайындауға ерекше көңіл бөлді. Соғысқа қатысқан әйелдер – майдангерлердің естеліктерінің көпшілігінде осындай әскери дайындықтан өткізілгендері жазылған.
Майдангер – әйелдердің естеліктерінен байқағанымыздай, жас қыздар болса да майдандағы қанды қырғыннан қорықпай, Отанға деген сүйіспеншілікпен өз еріктерімен сұранғандар көп болған. Олардың әрқайсының әскери өмір тарихы түрліше болған. Олар өліммен бетпе-бет келген, қасындағы жолдастарының өлімін көрген, адам өлтіру мен қан көрген. Соған қарамастан, ерекше қаһармандықпен қолына қару алып, майдандағы күнделікті өмірдің қиындығын мойымай көтеріп, соғысқаны таңданарлық. Соның ішінде, соғыстағы медицина қызметкерлердің, санинструкторлар мен фельдшерлердің еңбектері ерекше, олар өз өмірін қауіпке тіге отырып, жаралы жауынгерлердің өмірін сақтауға тырысқан. Төбеде атылған оқ пен жердегі жарылған снарядтарға қарамастан, олар еңбектей жүріп, жаралыларды тасыған, жараларын таңған. Соғыс жылдары медицина қызметкерлерінің көп қаза табуы да сол себепті.
Оңтүстік Қазақстаннан соғысқа аттанған майдангер қыздардың арасында көрнекті тұлға, медицина қызметкері Рәзия Шакеновна Искакованы атап өту қажет.
Ол 1936 жылы Шымкент қаласындағы фельдшер-акушер мектебіне оқуға түсіп, 1939 жылы фельдшер атағын алып, Шымкент ауданының Қызыл жар ауылдық кеңесінің медпунктінде жұмысқа жіберілген. Соғыстың осы ауыр кезеңінде, өз еркімен, 1941 жылдың қыркүйек айында Кеңес Армиясының әскер қатарына қосылды.
Қазақстандық жауынгер әйелдердің де жеңіске қосқан үлесі өте зор болды. Олардың әрқайсының ерлігі, мерген, медициналық қызметкер, басқа да әскери қызметкер болсын, жекелеген тарих болып жазылуға лайықты. Соғыс даласындағы мыңдаған ер адамдар үшін, олар өмірін сақтап қалушы ретінде үлкен рөл атқарған. Майдангер әйелдердің естеліктерінде жазылғандай, медбике әйелдер бірнеше түндер ұйқысыз операциялар жасап, күніне 300-1000 адамға дейін көмек көрсеткен. Жас дәрігер қыздар, медбикелер жаралылардың жарасын таңып, дәрі егіп қана қоймай, кезекшілікке тұрып, гопитальдардың мүлкін күзету, еденін жуу, басқа да ауыр қара жұмыстарды жасаған. Сонымен қатар, жаны қиналып, өлім аузында жатқан жаралыларға психологиялық көмек көрсетіп, өміріне араша түсуге тырысқан.
Елім деп еңіреген, ұлтым, халқым, Отаным деп жанын аямаған ұлы тұлғаларымыз, келешек ұрпақтың, яғни, біздердің жадымызда мәңгілік қалатынына сенемін!
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.М.Омарқұлова. «Соғыс жылдарындағы қазақ медицинасы». «Жәрдем». Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті. 11 май. 2014ж. zhardem.kz/news/6244.
2. Шымкент қ. саяси құғын-сүргін құрбандары музейі. КП№1ж., КП№1з.
3. https://egemen.kz/article/146304-alzhir-degi-alghashqy-muzey-tuni
4.https://astana.citypass.kz/kz/2018/06/19/muzeyno-memorialnyiy-kompleks-alzhir
10. ТГОА. – Ф. 537. – Оп. 14. – Д. 1. – Л. 1-8.
11.ТГОА. – Ф. 537. – Оп. 13. – Д. 1. – Л. 1-7.
12.ТГОА. – Ф. 537. – Оп. 14. – Д. 2. – Л. 1-17.
13. ТГОА. – Ф. 537. – Оп. 14. – Д. 3. – Л. 1-3.
Қалу Дастан Бахытғалиұлы
«Білім-инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты КММ
10 сынып оқушысы
жетекшісі: тарих пәні мұғалімі Нуртаева Р.Е.
Шымкент қаласы, Тұран ауданы