Саралап оқыту тәсіліндегі тереңдету принципін жүзеге асырудың тиімді жолдары
Қазіргі таңда оқушы нақты білімді тиісті деңгейде қолдана алмаса, ақпарат қажеттілігін жойып, бірте-бірте ұмытылуы мүмкін. Мектеп, ЖОО бітірген түлек қоғамда тиісті мәселені шеше алмайтын, өзіндік ойлау, талдау жасамайтын жай ақпаратты толық игерген маман ғана болатын. Қазіргі жаңа технологияның орнын кейін басқа да тәсілдер алмастыруы мүмкін. Оқыту жүйесіндегі басты бағыт - жеке тұлғалық қасиетке бағытталған білім беру жүйесі. Сондықтан оқыту процесі мазмұнды және іс-әрекетке бағытталуы тиіс, оған қоса қолжетімді және қызықты болуы шарт.
Саралап оқытудың тереңдету принципін жүзеге асыру кезде бастапқы теориялық мәліметтер қажеттілігі байқалды. Даму психологі және Гарвард университеті жанындағы білім берудің Жоғары мектебінің білім беру профессоры Говард Гарднер ойлауды лингвистикалық, логика-математикалық, музыкалық, дене-кинестетикалық, кеңістік, тұлғаралық, тұлғаішілік және табиғат зерттеуші деп сегізге жіктеген. Бұл оқушыларды қабілетттері бойынша бөлу үшін өте маңызды, яғни сәйкесінше оқушылардың оқуы, ақпаратты есте сақтауы, тапсырмаларды орындауы мен түсінуі әртүрлі деңгейде. Оның айтуынша, егер мұғалім оқыту мен бағалаудың түрлі әдіс-тәсілдерін пайдаланса, оқушылардың білім сапасы жақсарады. Бұл көп оқушыны қамтып, олардың мазмұнды игеруін жақсартады.
Мектепте гуманитарлық пәндерде әртүрлі қабілетпен, дайындық деңгейімен келіп отырған оқушыларға сабақ бере отырып, «өз шәкірттеріме не үйретемін?» сұрағын жиі қоямыз. Өз алдымызға келген оқушыларға жаңа ақпаратты меңгертіп қана қоймай, оған қоса сол ақпаратты басқа, тиімді жолмен ұсына отырып, өмірмен байланыстыруға да болады. Әрбір оқушыға кез-келген ақпараттарды тиімді түсіндіруге болады. Алайда оқушы тілін табудың ең тиімді жолы – бұл дәстүрлі әдіс-тәсілдермен қатар, жаңа тиімді әдістерді кең қолдану. Соның ішінде сыни ойлау дағдыларын дамытатын тәсілдерді ерекше атауға болады. Осыған орай саралап оқытудың тереңдетілген принципі бойынша сабақты қалай жоспарлауға болады, оқытудың қандай стратегияларын қолданған жөн, қалыптастырушы бағалауды қалай тиімді жүзеге асыруға болады деген сұрақтар туындады. Сондай-ақ алдымызда «Тереңдетілген принциптің тиімділігі неде?» деген басты сауал тұрды.
Зерттеу аясында 2 сабақ өткізілді. Бірінші сабақ қазақ тілі пәнінен өтсе, екінші сабақ Қазақстан тарихы болды. Әр сабақтың жоспары шығармашылық топтың талқылаулары негізінде құрылды, сәйкесінше сол топтың мүшелері сабаққа бақылау жүргізіп, соңында сындарлы ұсыныстар берді.
1-зерттеу сабағына «Суға қатысты ырымдар мен тыйымдар» тақырыбы алынды. Оқу мақсаты ретінде «8.ӘТН4.3. Шылау түрлерін ажырата білу, орынды қолдану» таңдалды.
Сабақты жоспарлаған кезде мұғалім сабақта бағалауды тиімді жүзеге асыруда қиындықтармен кездесті. Бағалауды жоспарлау кезінде әр тапсырмадан кейін кері байланыс беру қажеттілігі туады. Алайда тереңдетілген принцип бойынша оқушылар орындап болған тапсырмадан кейін келесіге көшеді, ал оқушылардың тапсырмаларды орындау жылдамдығы әр түрлі. Мұғалім тапсырманы орындап болған бірінші оқушының жұмысына кері байланыс беріп жатқан кезде екінші оқушы орындап болу мүмкін, екіншіден кейін үшіншіс, үшіншісінен кейін төртінші, т.с.с. Сыныпта 19 оқушы болғандықтан, әр оқушыға кері байланыс беру сапасы төмен болады, тіпті кей оқушылардың жұмысы бағаланбай қалады деген қауіп болды. Сондықтан мұғалім сабақта топтық жұмысты ұйымдастыруды ұйғарды.
Сабақтың басында мұғалім оқушыларға шылаудың 5 белгісін кезек-кезек көрсетіп оны жасырды. Деңгейі жоғары оқушылар 2-тұжырымнан кейін-ақ шылау екенін тапты. Орта және төмен деңгейлі оқушылар 5-тұжырымнан кейін сабақтың тақырыбы шылаумен байланысты екенін түсінді. Мұғалім сабақтың тақырыбы, оқу мақсаты мен бағалау критерийлерін түсіндіріп болған соң, мағынаны тану мақсатында әр оқушыға шылау түрлерінің ережесі берілді. Оқушылар мәтінді «Speed dating» стратегиясы арқылы меңгерді. Бұл мәтінді тез әрі сапалы меңгеруге мүмкіндік берді.
Ережені талқылап, шылаудың түрлерін анықтағаннан кейін, саралап оқыту басталды, яғни топтар тапсырмаларды өз деңгейлері бойынша орындады. Бірі ерте аяқтап, келесі тереңдетілген тапсырмаға көшсе, кейбір топтар белгілі бір тапсырмаларды орындауда қиналды. Нақтылап айта кетсек, 2-тапсырма Блум таксономиясы бойынша құрылды. Білу, түсіну деңгейі бойынша топтар берілген шылауларды түрлеріне жіктеді. Топтар бұл тапсырманы жоспарланған уақытта орындай алмады. Бұған себеп – сөздердің көп берілуі. Сондай-ақ шығармашылық топпен талқылағанда, алдыңғы жаттығуда ережені талдағанда, мысал сөздерді қосуға ұсыныс берілді. Бұл тапсырманы орындап болған топтар келесі қолдану деңгейіндегі тапсырмаларға көшті. Атап кететіні, барлық топтар бұл тапсырманы бір уақытты аяқтамады, сондықтан мұғалім әр топтың жұмысына кері байланыс және келесі тапсырмаға нұсқаулықты беруге үлгерді.
3 және 4-тапсырмаларда топтар меңгерген шылау сөздерді берілген мәтіндегі бос орындарға мағынасы бойынша дұрыс орналастыруы және мәтінде шылауы кездеспейтін 3 сөйлемді шылау сөзді қосу арқылы өз сөзімен қайтадан жазу (перфираз жасау) керек болды. Осы орайда бағалауда қиындықтар туды. Мұғалім топтардың жұмысына өзінің тарапынан кері байланыс беруді жоспарлады, алайда 3-тапсырманы аяқтап болған топтармен қатар 2-тапсырманы тәмамдаған топтар да бағалауды қажет етті. Бұл жағдай мұғалімнен мобильді жұмыс жасап, тез кері байланыс беруді талап етті. Шығармашылық топтың ойынша, барлық жұмыстарға тиімді кері байланыс беріліп, сындарлы ұсыныстар айтылды.
5-тапсырмада топтар талдау және баға беру деңгейі бойынша 3 сұрақтың бірін таңдап, 40-50 сөзден тұратын жазба жұмысын жазу жоспарланды. Бұл тапсырманы 5 топтан 2-еуі орындаса, қалғандары білу, түсіну, қолдану деңгейіндегі жаттығуларды толығымен орындап шықты. Сабақ «БББ» рефлексиясымен аяқталды. Рефлексия парағын саралағанда барлық оқушылар тапсырманы орындау барысында шылаудың барлық түрлерін меңгере алғандығын және сабақта өзін қолайлы ортада сезінгенін көрсетті.
Әдетте дәстүрлі қазақ тілі сабағында топтарға тапсырма берген кезде барлығына бірдей уақыт беріледі. Уақыт аяқталған соң топтар өз жұмыстарын ортаға шығып қорғап, мұғалімнен не сыныптастарынан кері байланыс алады. Осы орайда кей топтар тапсырманы тез, ал кейбіреулері баяу орындауы мүмкін. 1-зерттеу сабағында саралап оқытудың тереңдетілген принципін қолдану нәтижесінде жоғары және орта деңгейлі оқушылардың қажеттіліктері ескерілді. Әр деңгейдегі оқушылар тапсырманы сапалы орындады. Шығармашылық топ тарапынан білу, түсіну, қолдану деңгейінде бағалау кезінде тапсырманы орындап болған топтарға шығарылған дайын жауаптарды беру ұсынылды. Себебі сабақтың бұл кезеңінде жеке бағалау толығымен өз қызметін орындап, мақсатына жетеді деген болжам бар.
2-зерттеу сабағында 8-сынып оқушыларына 8.3B. Қазақстан Ресей империясының құрамында бөлімі бойынша «1886-1891 жылдары «Жаңа Ережені» қабылдау неліктен қажет болды?» тақырыбындағы сабақ негізге алынды. Сабақ жоспары әдістемелік бірлестіктегі әріптестермен және іс-әрекеттегі зерттеу жұмысы аясындағы сыни доспен бірігіп құрастырылды. Сабақ жоспарындағы басты әдіс-тәсілдер оқушылардың қабілеттерін ескере отырып, тарихи оқиғаны тереңдете ұсынуға бағытталды. Тапсырмалар қарапайымнан күрделіге қарай Блум таксономиясы негізінде прогрессиясы сақталған. Тақырып бойынша: 1. отарлау саясатының қазақтардың дәстүрлі шаруашылығына тигізген әсерін талдау, 2. Ресей империясының қоныстандыру саясатының себептері мен салдарын талдау оқу мақсаттары ұсынылды. Әрбір оқу мақсатына тиісті бағалау критерийлері ұйымдастырылды. Бағалау критерийлері: барлығы, көпшілігі, кейбірі орындай алатын деңгейге бөлшектеп ұсынылды. Тереңдету принципі бойынша өткен аптада қазақ тілі сабағына қатыса отырып, келесідей қорытынды жасалды: тереңдету принципі негізіндегі әдіс-тәсілдердің басым бөлігі жұптық және жеке жұмыс орын алған жағдайда тиімділігі, нәтижесі көрініс табады. Өйткені қазақ тілі пәнінде оқушылар топқа бөлінгендіктен, саралап оқыту тәсілінің тиімділігі нақты көрініс таппады. Оған қоса, бағалауда бірнеше кедергілер орын алды.
Сабақтың бастапқы бөлігінде оқушылардың қызығушылығын арттыратын тапсырма барлығына ұсынылды. Тақтаға Қазақстан картасы түріндегі сурет және бағыттаушы сұрақтар берілді. Сурет алдыңғы сабақта көрсетілгендіктен, оқушылардан «Неліктен өткен сабақтағы карта қайтадан көрсетіліп тұр?» сұрағы қойылды. Оқушылар өткен сабақпен байланыстыра отырып, жаңа тақырыпқа болжам жасады. Тапсырманың ұтымды жағы сынып оқушыларының барлығының қатысуы, алайда, сұрақты тез түсінген, қабылдаған оқушылардың жауабы айтылған уақытта қалған оқушылар өз жауаптарын ұсынудан бас тартты.
Сабақ тақырыбы, оқу мақсаты, бағалау критерийлері таныстырылғаннан кейін, дескрипторлар оқушылармен бірге құрастырылды. Өздеріне қолжетімді дескрипторларды құра отырып, оқушылардың белсенділігі осы тұста арта түскендігі анықталды. Тиісті дескрипторлар нақтыланғаннан кейін, бағалау критерийлерінің барлығы, көпшілігі, кейбір секілді сөз тіркестеріне назар аудартамыз. Тиісті критерийлерді орындау үшін оқушыларға 4 басты тапсырма ұсынылып, тапсырмалардың мазмұнын қарапайымнан күрделіге қарай тереңдетілетіндігі ескертілді. Әрбір тапсырманы орындауға тиісті уақыт, бағалау құралдары да ұсынылды. Оқушылар алдымен, жұптық кейін жеке жұмыстар орындады.
Алғашқы тапсырмада оқушылар жұппен мәтін арқылы картаға реформа бойынша губернаторлықтар, облыс шекараларын белгілейді. Бұл жерде қабілеті жоғары оқушыларға тұпнұсқадағы мақала ұсынылса, қабілеті төмен деңгейдегі оқушыларға өңделген, нақты, жүйелі ой ұсынылған мәтіндік ақпарат берілді. Оқушылар жұппен ақылдаса отырып, тиісті ақпараттағы облыстарды картаға белгіледі. Қолдану дағдысы орын алатын бұл тапсырманы жұп өзара бағалау арқылы тексерді. Нәтижесінде картаға барлық жұптың толық облыстарды орналастыра алмағанды анықталды. Сабақ соңындағы кері байланыстан анықталғандай, оқушыларға нақты тапсырманың орындаудағы түсіндірме жұмыстың жасалмағандығы анықталды және тапсырмаға берілген уақыттың тым аз болғандығы, өйткені берілген мәтіндік ақпарат мөлшері көлемді болғандықтан, оқушылар тапсырманы тиісті деңгейде орындай алмады. Тапсырмаға қосымша 2 мин. уақыт берілгеннен кейін барлық оқушылар оқу мақсатына қол жеткізді.
Келесі тапсырманы оқушылардың басым көпшілігі орындау қажет болатын. Мәтін бойынша Түркiстан және Дала өлкесiн басқару туралы Ережені оқып, басқару жүйесіндегі тірек-сызбаны жеке толтырады. Дескриптор бойынша оқушылар сызбаны толық толтыру керек. Бұл тапсырманың алдыңғы тапсырмаға қарағанда тереңдетілген принципі анық көрінді. Оқушылар басқару жүйесіндегі әрбір қызметтің маңыздылығын көрсетіп, пирамидаға орналастыра отырып, талдау дағдыларын қолданды. Тапсырманы оқушылар уақытылы орындағанымен, тиісті нәтижеге қол жеткізген оқушылр саны 4-еу болатын. Ал бастапқы тапсырманы барлық 12 оқушы бірдей деңгейде орындады. Басқару жүйесінің тірек-сызбасын толықтырғаннан кейін, әрбір оқушыға дайын жауабы ұсынылды. Оқушы дайын жауап арқылы өз жұмысын тексере отырып, кейбір қателіктерді анықтады. Қателіктердің басым бөлігі асығыстықтан, тапсырмаға ұсынылған мәтіндік ақпаратты толық түсінбегендіктен орын алды. Тапсырманың ұтымды тұсы оқушыға графиктік-органайзер арқылы оз ойларын жүйелі, нақтылы түрде ұсынудың тиімділігі анықталды. Графикалық органайзерлер – оқушылардың ақпаратты тиімді түрде талдау, есте сақтау және қолдану үшін қағаз бетіне (немесе компьютерге) тиімді түрде түсірудің әдіс-тәсілдері.
Оқушы алдыңғы тапсырманы толық орындап, тиісті қателіктерін жойып, түзету жұмыстарын жасағаннан кейін, келесі тапсырманы орындауға көшті. Сыныптағы 12 оқушының 6-уы келесі тапсырманы орындады. Қалған оқушыларға қателіктерін түзету үшін тағы да 5 мин уақыт берілді.
3 тапсырмада оқушы жеке жұмыстана отырып, Жаңа Ереже мен 1867-68 ж.ж. Ереженің ерекшеліктерін анықтап, салыстырады. Графикалық органайзердің - Венн диаграммасы тиімді қолданылды. Оқушылар өз қабілеттеріне қарай, бірнеше ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтады. Дескриптор бойынша кем дегенде 3 айырмашылық пен ұқсастық анықтау қажет болатын. Алайда қабілеті жоғары оқушылар 5-6 айырмашылық пен ұқсастықтарды талдаса, ал қабілеті орташа оқушы дескриптор бойынша 3 ұқсастық пен айырмашылықты анықтаумен шектелді. Тапсырма ауызша қорғалып, жалпы сыныппен талдау арқылы мұғалім бағалауы, кері байланысы берілді. Әрбір оқушы өз жауабын ұсына отырып, қалған оқушылармен идеясының ұқсастығы қарастырылды. Тапсырма жоғарғы деңгейдегі ойлау дағдысына бағытталған. Сондықтан сыныптың барлық оқушыларының осы тапсырманы орындай алмауы орынды деп есептейміз. Тапсырманы орындауын талдай келе, оқушылар өз қабілеттеріне қарай ұқсастықтары мен айырмашылығын анықтағанымен, тиісті толық, аргументтелген жауап ұсына алмады. Берілген дескрипторда ұқсастық пен айырмашылықтың саны жазылғанымен, қандай көлемде, мазмұны қандай болу керек? міне осы тұрғыдан алғанда оқушы жұмысында қателіктер орын алды. Тапсырманың ұтымды тұсы венн диаграммасы арқылы нақты білім деңгейі анықталып, тексерілді. Оған қоса жұмыс тиісті уақытта орындалды. Алайда, анықталған ұқсастықтар мен айырмашылықтардың толық жауабының болмауынан 6 оқушының 3-уі ғана келесі шығармашылық тапсырмаға жіберілді. Сонымен 3 оқушы 3 тапсырманың қателіктерін түзету жұмыстарын жүргізсе, қалған 6 оқушы 2-ші тапсырмаларын аяқтап, 3-ші тапсырманы орындай бастады. 3-ші тапсырманы аяқтаған 3 оқушы шығармашылық тапсырманы орындауға көшті. Тапсырмада оқушы тиісті мәтіндегі сот жүйесіндегі өзгерістерді талдай отырып, «сот жүйесі қалай өзгерді?» сұрағына жауап іздейді. Халық сотының қызметімен таныса отырып, интерпретацияланған тарихи деректі арқылы «Смағұлдың ісін шеш» ситуациялық мәселені шешеді. Мәселені шешуде оқушылар тиісті аргументтер келтіре отырып, ойды толық дәйектер арқылы дәлелдейді. Тапсырманы орындаған 3 оқушының 2-уі толық деңгейде өз ойларын ұсына білді. Аргуметтерді нақты көрсетті, ал 3-ші оқушы мәселені жай сипаттау арқылы шешті. Сондықтан, өз жауабын толық негіздей алмады. Тапсырманың ұтымды тұсы, шығармашылық, өзіндік шешім қабылдайтын түрде берілуі. Алайда, тапсырманы оқушылардың барлығы дерлік орындай алмауы, жеке субъектвтік көзқарастың басым болуы, нақтылы тарихи деректерге сүйене алмауы – оқушының тарихи дерекпен жұмыс жасауда белгілі бір кедергілердің орын алатындығын көрсетеді. Сонымен 8-сынып оқушыларына тереңдету принципі негізінде өткізілген сабақта оқушылардың барлығы 1 және 2 бағалау критерийлерін орындау арқылы толық сабақтың 2 мақсатына қол жеткізді. Ал кейбірі 3 бағалау критерийін, тек бірнешеуі ғана 4 бағалау критерийлерін орындауға қол жеткізді. Жалпы тереңдету принципі бойынша өткізілген сабақтың кейбір тұстары оқушы үшін тиімді болғандығы анықталды. Мысалы: тапсырмаларда бағалау тәсілдерінің әртүрлі болуы (өздік, өзіндік, жұптық, мұғалім бағалауы), тапсырмаларды орындай алмаған жағдайда қатемен жұмыстың орын алуы, тиісті тапсырмалардың қарапайымнан күрделіге қарай бағытталуы нақты көрсетілді. Оқушылар тапсырмаларды графиктік органайзер түрінде жүйелі түрде ұсынылғандығын баса көрсетті. Алайда берілген бағалау критерийлеріне сыныптағы барлық оқушылардың қол жеткізе алмауының да өзіндік себептері бар. Мысалы: мұғалім тарапынан толық түсіндірмелік жұмыстың жүргізілмеуі. 1-бақылаушы мәлімдеуінше, оқушы мұғалімнің тапсырманы қалай орындау қажеттілігін дұрыс түсінбегендіктен, толық өз қабілеттерін көрсете алмай, тиісті тапсырмалардан қателіктер жіберді. Оған қоса оқушылар топтық жұмысқа бейімделіп, жазба, жеке жұмыстарда ортақ мәселені талдауға аса көп мән бермеді.
Сабақ соңында мұғалім оқу мақсаттары мен бағалау критерийлеріне қайта оралып, қорытынды жасаған уақытта оқушының қаншалықты деңгейде тапсырманы орындай алғандығы анықталды. 2-бақылаушының пікірінше, тапсырма санын азайтып, берілетін уақытты, арнайы қатемен жұмысқа, бағалауға көбірек бөлген жағдайда, мүмкін тиісті тапсырмаларды барлық оқушылар орындап, сабақ тақырыбы бойынша қорытынды жасауға толық уақыт жеткілікті болар еді. 3-бақылаушының пікірінше, берілген тарихи дереккөздерді оқушы қабілетіне емес, жас ерекшеліктеріне қарай өңдеп, ықшамдап, қысқартылған күйде бергенді жөн деп тапты. Өйткені мәтінді талдауға, график-органайзерлермен жұмыста оқушылардың біразы кедергілерге тап болды.
Екі зерттеу сабағы нәтижесінде гуманитарлық пәндерде саралап оқытудың тереңдетілген принципін қолдануға арналған келесі ұсыныстар айқындалды:
- Сыныпта жеке немесе жұптық жұмысты ұйымдастыру;
- Жеке бағалау жұмыстарын ұйымдастыру;
- Орындауға тиісті тапсырмалардың нұсқаулығы мен дескрипторларын сабақтың басында айтып түсіндіру.
Сондықтан осы ұсыныстарды есепке ала отырып, алдағы уақытта сабақта саралау әдісінің тереңдету принципінің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, тиімді сабақ жоспарын құрастыруды алға қоямыз деп ойлаймыз. Алдағы уақытта саралап оқытудың басқа да принциптері бойынша оқушы қабілетін ескере отырып, үнемі қолдау көрсету, жан-жақты дамыту, зерттеуге бағыттау арқылы өз пәніміздің тиісті оқу мақсатын меңгертіп қана қоймай, зерттеушілік дағдыларын қалыптастырып, қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік аламыз деген сенімдеміз.
Пайдаланылған ресурстар:
1. Дулама Мария Элиза. Кластеры как форма организации мышления. //lib. 1september/ruhtm
2. Gardner, Howard (1983), Frames of Mind: The Theory of Multiple Intelligences, Basic Books, ISBN 978-0133306149
2.Жампеисова М.М. Технология модульного обучения. Актобе, 1999, С.129
3. Загашев И.О., Заир-Бек С.И., Муштавинская И.В. Учим детей мыслить критически.- СПб: Изд-во «Альянс-Дельта», 2003.
4. Загашев И.О. Новые педагогические технологии в школьной библиотеке: образовательная технология развития критического мышления средствами чтения и письма // lib. 1september/ru. 2004/17/15. htm-35к.
5. Кобдикова Ж. Орта мектепте білім алуды технологияландыру (саралап деңгейлеп окыту). 2002, 27 б.