Бұлақ көрсең, көзін аш
Қазіргі уақыт талабына сай білім жүйесінде елеулі өзгерістер орын алып, білім беру мазмұны жаңарып, ілгерілеп келеді. Осының бір дәлелі ол халықаралық талаптарға сай, яғни білім берудегі озық технологиялар мен соңғы инновацияларды ықпалдастыра алатын Зияткерлік мектептер желісі. Бұл мектептер ең алдымен еліміздің ұстаздар қауымдастығына кеңінен әсер етіп, олардың тәжірибесіне үлкен өзгерістер енгізді.
Бүгінгі күннің және жалпы қазіргі білім жүйесінің басты мақсаты бәсекеге қабілетті, яғни халықаралық аренада өзін еркін ұстай алатын зияткер ұрпақты тәрбиелеу, әр баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетін, дарындылығын танып, біліп оны заманына қарай икемдеп жетілдіру болып табылады. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, осындай баланың бойындағы дарындылық қасиетін дамытуда әрине көбіне ұстаздың атқаратын ролі өте зор. Жоғарыда айтылған мұғалімдер алдына қоятын жоғары талаптары әр ұстазды өз тәжірибесіне өзгеше қарауға мәжбүрлейді.
Осындай жоғары талаптардың бірі ол дарынды оқушылармен жұмыс, себебі қазіргі кезде баланың дарындылығын ертерек анықтау мен дамытуға ерекше назар аударылуда.
Дарынды бала - ол жоғары потенциялы бар, шығармашыл тұлға; өзінің алдына ғылыми-техникалық мәселелерді қойып және оны өздігінен шеше білетін, яғни өзі жаңа болжамдар мен идеяларды, теорияларды, схема, зерттеулер жасай білетін қабілеті бар бала; өз құрбыларынан бір саты ерте дамитын, мысалы тіл сияқты академиялық салада, қоғамдық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, математика, және шығармашылық салалар да мысалы ән-күй, графикалық және пластикалық өнер, қолөнер сияқты ерекше қабілеттерін көрсетіп, үздік нәтижелерге қол жеткізе алатын тұлға. Сондай-ақ американдық ғалым Джозеф Рензулли дарынды оқушылардың үш қасиетін анықтаған, олардың оқу деңгейлері орта қабілеттіліктен жоғары; тапсырманы жоғары деңгейде беріліп орындайды; сабақ барысында тапсырмаларды орындағанда шығармашылықтың жоғары деңгейін көрсетеді
Жоғарыда айтылғандай баланың дарындылығын анықтаудың негізі мұғалімнің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты, яғни мектептен басталады.
Мен өзімнің педагогикалық практикамда көптеген дарынды балаларды кездестірдім. Біреуі математикадан, екінші біреуі ән айтудан, үшінші біреуі би билеуден, ал енді біреуі тіл жағынан. Ал енді осы дарындылықты қалай анықтаймыз? Дарындылықты анықтау мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмеген мәселе. Дегенменде мектептерде дарындылықты анықтаудың біраз жолдары мен тәсілдері қолданылуда. Осындай қолданылып жүрген тәсілдерді екі категорияға бөлуге болады: дәстүрлі және дәстүрлі емес.
Дәстүрлі | Дәстүрлі емес |
Зияттылықты (интеллект) тексеруге арналған тесттерінің нәтижелері Жетістіктерінің нәтижелері Қабілеттілікті анықтау тесттерінің (белгілі бір пән бойынша) нәтижелері Бағалары Мұғалімнің ұсыныстары | Вербалды емес (жазу) қабілеттерін тексеруге арналған тесттерінің нәтижелері Шығармашылыққа арналған тесттер Оқушының жеке портфолиосы Оқушының іс-әрекетін бағалау Ата-аналарының, құрбы-құрдастарының және басқа да қоғам мүшелерінің ұсыныстары |
Соңғы кездері дәстүрлі емес категориясындағы тәсілдерді қолдану кеңінен таралып және кейбір әдебиеттерде дарынды оқушыларды анықтаудың тиімді жолдары ретінде ұсынылған. Менде өзімнің педагогикалық қызметімде көбінесе дәстүрлі емес категориясындағы тәсілдерді қолданудамын, себебі бұл тәсілдер менің ойымша дарынды оқушыны анықтауда тиімдірек. Өйткені бұл тәсілдерде біз оқушыны жан-жақты зерттеп тани аламыз. Дарынды оқушыны анықтап алғаннан кейін мұғалімдер арасында дарынды оқушылар туралы әр түрлі сенім – нанымдар қалыптасып қалған, солардың бірі «Дарынды оқушыларға арнайы бағдарламаның қажеті жоқ, себебі олар ештеңеге қарамастан күрделі тапсырмаларды орындай алады».
Бірақ мен сіздермен «Дарындылықты дамыту» атты курсынан алған біліміммен бөліскім келіп отыр. Басқа оқушылар сияқты дарынды оқушылар өздерінің мүмкіндіктері мен таланттарын одан әрі дамыту үшін пайдалы да ынталандыратын білімді қажет етеді. Бірақ дарынды оқушылар жоғары дамыған оқу жағдайында білім алады дегенге ешкім кепіл бере алмайды. Дарынды оқушылар өте қабілетті болғандықтан өзге оқушылардан интеллектуалды, эмоциялық және білімділік қажеттіліктерімен ерекшеленеді. Сондықтан оқушылардың осындай қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, олардың мүмкіндіктерінен қандай да бір пайда алу үшін және оларға жоғары деңгейдегі әрекеттермен қолдау көрсету үшін бұл оқушыларға арнайы бағдарламалар қажет.
Дарынды оқушыларға арналған дәстүрлі сыныптар мен арнайы бағдарламалардың мазмұнының дарынды оқушылардың талаптарына сай келмеуі оқушыларға жалығу, сенімсіздік және түңілу сияқты сезімдерін ұялатады. Дарынды оқушылардың көбі осындай дәстүрлі сыныптарда «дарынды оқушылар барлығына үлгереді» деген сенімділікке қарсылық көрсете отырып өздерінің нақты мүмкіндіктерін көрсетуден бас тартады. Сондықтан дарынды оқушыларды оқытудың мазмұнын дарынды оқушылардың қажеттіліктері мен талаптарына сәйкес құру керек. Оқыту мазмұны дегеніміз ол дәстүрлі сыныптар немесе арнайы бағдарламалар. Арнайы бағдарламаны дайындау барысында дифференциация мәселесіне аса көңіл бөлген жөн.
Дифференциация оқу бағдарламасын, оқу үрдісі мен бағалау үрдісін дарынды оқушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыратындай етіп бейімдеу және түрлендіру үрдісі болып табылады. Дарынды оқушыларға арналған жеке жұмыс жасау жоспарын және сабақ барысында қолданылатын тапсырмаларды жасау барысында дифференциациялаудың жеделдету, күрделілік, тереңділік, проблемалық және шығармашылық сияқты қағидаларына сүйенген абзал. Толығырақ тоқталатын болсақ жеделдету дегеніміз жалпы стандарттарға негізделген тапсырмалардың аздығы, оқушылар жоғары деңгейде ойлау қабілеттері бойынша топтастырылған; күрделілік дегеніміз әр түрлі жоғары деңгейлік қабілеттерді талап ететін тапсырмаларды қолдану, оқытуды әрқашан түрлендіріп отыру, әр түрлі ақпарат көздері мен әдебиеттерді қолдануды талап ету; тереңділік дегеніміз бір түсінікті әр түрлі салада қолдану туралы үйрету, бастапқы зерттеу жұмысын жүргізу, бір өнім жасау (қызметінің нәтижесі); проблемалық дегеніміз алдыңғы қатардағы әдеби ресурстар қолдану, күрделі мазмұндық ынталандырғыш сұрақтар қолдану, пән аралық байланыс, ой-түйіндердің нақтылануы; шығармашылық дегеніміз белгілі бір принциптер мен критерийлерге негізделген үлгі құрастыру, тапсырмаларға, нәтижелерге, бағалауға баламалы таңдау дайындау, ауызша және жазбаша коммуникацияға аса көңіл бөлу.
Бұл ұсынылып отырған дифференциация қағидалары оқушылардың шығармашылығы мен сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін арттырып, тапсырмалардың мазмұны оқушыға бағытталған; оқушыларды ынтымақтастыққа баулып, белгілі бір проблеманы шешу барысында бір-бірінің ойымен бөлісуге және тыңдауға үйретеді; оқушылардың білімін тереңдетіп ой-өрісін кеңейтуге зор мүмкіндік береді, яғни оқушы өзі шешім қабылдап кітап немесе басқа да оқу құралдарын емес өзінің білімін негізгі құрал ретінде қолданады.
Автор:
Толегенова Асель Кабдуалиевна
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі