» » Тұрақтылық пен татулықтың тұғыры

Тұрақтылық пен татулықтың тұғыры

      Биыл - Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет ретінде Тәуелсіздігін жариялағанына 30 жыл болады.  Республикамыз осынау жылдар барысында  татулық, ынтымақ пен бірліктің арқасында орасан табыстарға қол жеткізіп, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет орнатып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму тұр­ғысында достастық елдері арасында көш бастады.

Еліміздің мәртебесін  бүкіл өркениетті елдер мойындап отыр. Қазақстанның осындай өркендеу жолындағы жетістіктерінде елімізде қабылданған заңдардың, оның ішінде  Консти­туциямыздың үлесі аса үлкен екені айдан анық.  Барлық заңдардың бастауы, қайнар көзі болып саналатын Ата Заңымыздың әлеуеті мол әрі ықпалы зор.  .

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, 1993 жылғы 28 қаңтарда тұңғыш Конституциясын қабылдады. Бұл – Республика тарихында болған аса ерекше оқиға еді. Жаңа қабылданған  Ата Заң аясында демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру үшін әр салаға қатысты көптеген заңдар дүниеге келді.

Өмір бір орында тұрмайды. Бәріне уақыт төреші. Жылдар өте келе, еліміздегі реформалар тереңдеген сайын кейбір заңдарымызды қайта өзгертуге, толықтыруға тура келді. Мұның барлығы Қазақстан халқының жақсы өмір сүруі үшін жасалған және алда да жалғасын табатын игілікті қадамдар. Кейіннен, яғни бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылғы 30 тамызда бүгінгі Конс­титуциямызды қабылдадық. Тұңғыш Президентіміз кезінде атап өткендей, бұл Ата Заң елімізді қомақты табыстарға қол жеткізуге бастады.

Жамбыл атамыз баяғыда тұңғыш Конституция қабылданғанда:

Масатыдай түрленіп, 

Отанымды гүлдентті. 

Бесіктегі баламды 

Ана болып тербетті. 

Тоқсандағы шалыңды 

Шарықтатып көңілін, 

Көкке құлаш серметті. 

Қанат берді халқыма, 

Әуелетті, өрлетті. 

Ағытылған өзендей, 

Сарқыратты еңбекті, – деп қуана жырлаған екен. Біз де егемен еліміздің бүгіні бекем, ертеңі жарқын болуы жолында қызмет еткен және алдағы кезде де ете беретін Ата Заңымыздың алғашқы адымдары үшін абыз атамыздан кем шаттанғанымыз жоқ.

Мемлекет болған соң міндетті түр­де оның болмыс-бітімін, ішкі-сыртқы саясатын айқындайтын, мүдделері мен меншігін қорғайтын негізгі заңы болады.

Алғашқы Қазақ хандығы құрылғанда ата-бабалар дәстүрімен қатар 1511 жылы 19 баптан тұратын Негізгі заң қабылдан­ған. Оны қазақ «Қасым ханның қасқа жолы» деп атаған. 1690 жылы Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдады. Осы заңдар­ды қазақ даласындағы алғашқы Ата Заң десек қателеспейміз. «Жеті жарғыны» жасауға сол замандағы данагөй билер белсене атсалы­сыпты. Аты аңызға айналған атақты Төле би қайтыс болар алдында үш жүздің игі жақсыларын жинап алып: «Аттың құнын, ердің құнын, әйелдің құнын өз ақылы­мызша шешкен жөн», – деп кеңес берген екен. «Малға салсаң баспайтын, ұрсаң шаппайтын жабы бар да, қусаң жететін, қашсаң құтқаратын желден жүйрік тұл­пар бар, екі адамның басы қосылса, өсек айтатын әйел бар да, бір елге ана, пана болатын әйел бар. Шешім айтқанда осы­лардың аражігін ашып, екшеп барып, құн кесулеріңді өтінем», – деп аманаттапты артта қалып бара жатқан ел ағаларына.

Бүгінгі Конституциямыздың басты артық­шылығы - мемлекет ретінде жеке адамға аса құрметпен қарайтынды­ғында. «Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары», – деп бірінші бапта жазыл­ған. Үшінші бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», – делініп, бұл мәртебе одан ары айшықтала түскен.

Өткенге көз жіберсек, бұрындары халық ешқашан дәл қазіргідей еркін өмір сүрмеген. Мемлекет бұқараның еркіндігін әртүрлі жолдармен қақпайлап отырған. Ел заңды, өз құқықтарын білу үшін заман та­лабына сай шығарылып жатқан заңдарды мұқият әрі зерделей тұрып оқуы керек. Өз құқықтық білімдерін үнемі жетілдіріп, басшылыққа алып отыру қажет. Сонда ғана заңсыздықтардан зардап шекпейді, өзінің құқықтары мен бостандықтарын кез келген орында қорғай алады. «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіре­тін нәрсе – білім», – деп Мұхтар Әуезов өте орынды айтқан.

Ата Заңда анық жазылғандай, Пар­ламент заң қабылдайды. Оларға берілген өкілеттік жеткілікті. Атқарушы билік Парламентте қабылданған заңдарды іс жүзіне асырады. Ал прокуратура сол заңдардың дұрыс орындалуын қадағалайды. Ата Заңның 83-бабы бойынша прокуратура сотта мем­лекет мүддесін қорғайды. Конституцияда осылайша прокуратураның және тағы басқа да органдардың аражігі ашылып, нақты белгіленген. Өмірге қажетті қаншама заңдар бар. Кейбіреуі әлі толық мәнінде жұмыс істемейді. Міне, осылардың барлығының іске қосылып, экономиканы көтеруге, ел дәулетін еселеуге ықпал етуін прокуратура қадағалап отырады.

Заңды білмегендіктен батыл әрекет жасамай, жалтақтап отыратындар мен  заңға қарсы әрекет ететіндер де бар. Ал еңбек етемін дегендерге заңда берілген еркіндік өте мол. Мемлекет басшысының  болашақты болжай айтқан тұжырымдамаларының жүйелі іске асқандығына бүкіл халықтың қолдауына ие болғандығына куә болып жүрміз. Әсіресе, жыл сайынғы Жолдау­ларда болашаққа деген стратегиялық міндеттер айқындалып қана қоймай, бұл мақсаттарға қалай қол жеткізуге болатын­дығы да көрсетілген. Осындай нақты қадамдар арқасында тиімді экономикалық өзгерістерді жүзеге асыра отырып, мем­лекетіміз тұрақты даму жолына түсті. Ең бастысы, экономика мен әлеуметтік саланы тұрлаулы дамытудың көкжиегі ашылды. Экономикамыздың өр­леп, халқымыздың әл-ауқатының жақсара түскеніне көз жеткізіп отырмыз. Сондықтан да біздің саяси, мәдени, ру­хани және экономикалық дамуымыздың қайнар көзі ретінде танылған Консти­туциямыздың өміршеңдігін ұзағынан сүйіндіргей.



 


Асем Кулдасова,

14 мектеп-гимназиясының тарих, құқық пәндерінің мұғалімі, педагог-зерттеуші

Алматы облысы,Талдықорған қаласы

09 наурыз 2021 г. 15 581 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 048 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 815 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930