» » Хартияға 38 ректор қол қойды

Хартияға 38 ректор қол қойды

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті 38 Жоғары оқу орындарының ректорларымен білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы академиялық адалдық қағидаларды қалыптастыру мақсатында «Тұран» университетінің залында ынтымақтастық хартияға қол қоюдың салтанатты рәсімін өткізді. 
 Салтанатты рәсімге Алматы қаласының жоғары оқу орындарының ректорлары мен тәрбие жөніндегі проректорлары, жастар істері комитетінің төрағалары мен студент жастар сонымен қатар, Алматы қаласының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қызметкерлері мен «Жас Отан» қоғамдық ұйымның өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынды Қазақстан Республикасының Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов алғы сөзбен ашып, Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айгүл Байханова, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайыри, «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы Дәурен Бабамұратов, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева өз баяндамаларында Хартияның жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастардың санасын қалыптастыру және мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жүзеге асырылуына жастарды және жастар ұйымдарын тартудағы орны ерекше екендігіне тоқталды. Жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті және Алматы қаласының ЖОО басшылары мемлекет пен қоғамға проблемалар мен қатерлерді төндіретін сыбайлас жемқорлық қауіпіне, демократиялық институттар беделінің, әдептік құндылықтар және әділдіктің төмендеуіне алаңдаушылық білдіріп, мұның еліміздің барлық білім жүйесіне келтіретін қауіпін ескере отырып сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық хартияны қабылдап, оның алдын алудың басты қағидаларын жариялады.
Бұл құжат білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жоғары білім орындарының қатысуын және Елбасы бекіткен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру мақсатында жасалып отыр.
Хартияның негізгі мақсаттары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру және қазақстандық патриотизм сезімін нығайту, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жүзеге асырылуына жастарды және жастар ұйымдарын тарту, білім жүйесінде тиімді жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралардың қабылдануы мен нығайтылуына ықпал ету; сыбайлас жемқорлықтың ескертілуіне, соның ішінде оның жүріс-тұрысқа жағдай туғызушы себептер мен алғышарттарды анықтау бойынша шараларға заң аясында қолдау көрсету, адалдықты, сатылмаушылықты және тиісті сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүріс-тұрысты көтермелеу.
– Хартияға қол қоя отырып, оқу орындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндеттемелерді қабылдайды. Бұл академиялық ортада жемқорлықты қабылдамау қағидаларын бекітеді. Сонымен қатар жоғары оқу орындары оқыту процесі тәрбие процесі кешенінен – ұлттық мәдениеттің, дәстүрдің және рухани құндылықтардың негізінде қазақстандық патриотизм сезімін тәрбиелеу, жастар бойында Мәңгілік ел ұлттық идеясын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы және құқықтық мәдениет деңгейін арттыру – хартияның басты қағидалары, – деді жиынды ашқан Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ынтымақтастық хартиясына қол қоюға жиналған жоғары оқу орындарының басшылары алдында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Айгүл Байханова, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайыри, «Болашақ» республикалық қозғалысының төрағасы Дәурен Бабамұратов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шолпан Жаманбалаева сөз сөйледі.
Бағдарламаға сәйкес негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, академиялық адалдық қағидаларды қалыптастыру мақсатында дайындалған бейнероликтер көрсетілді.
«Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық дегеніміз – білімге қолжетімділіктің сапасы мен әділеттілігіне мейлінше теріс әсер ететін жеке пайда табу үшін өз қызметтік бабын пайдалану. Жоғары білім жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық қаупінің үш деңгейлі қатерлері бар: бірінші — білім саласындағы жүргізіліп жатқан реформа бұрмалануы және баяулауы мүмкін, әртүрлі сыбайлас жемқорлық әрекеттері өз ережелері мен қағидаларына мәжбүрлей отыра, өзгеруі және берік тұрақтауы мүмкін; екінші — меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік басқарудың, білім жүйесінің құрылымдары сыбайлас жемқорлыққа бейімділігінен стратегиядан өрбитін мәселелердің шешілуіне қауіп төндіреді; үшінші – білім қызметтерін алушылар сыбайлас жемқорлық вирусын жұқтырып, оның жасалу тетіктерін танып, құқықтарды және адамгершілік, азаматтық жүріс-тұрыс нормаларын бұзып, мамандық иесі атанып, мемлекеттік басқару органдарының, қаржы, экономика және басқа да нарықтық құрылымдардың қызметкерлеріне айналады, билік функциялары бар мұндай сыбай-лас жемқорлық дертінің диагностикасы мемлекеттің конституциялық негіздеріне орасан қауіп төндіреді» деп жазылған хартияда.
Осы қауіптердің алдын алу үшін Хартия – сыбайлас жемқорлықтан азаматтар мен қоғам құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету; жоғары білім субъектерінің арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетаным және жүріс-тұрыстың қалыптастыру және дамыту; сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен жағдайларын кеміту мақсатында оқыту-тәрбиелеу, ғылыми және ұйымдастырушылық-әдістемелік қызметте тиімділік пен нәтижелілікті арттыру; сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарға қатысты тұлғаларды анықтау, олардың жолын кесу және қатаң жауапкершілікке тарту; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нысандарын, әдістерін және құралдарын оңтайландыру; мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жоғары білім субъектілерінің қатысуын қамтамасыз ету міндетін атқаратын болады.
Хартияға қол қойылғаннан кейін жиынға қатысушылар Тұран университетінің алаңында осы оқу орыны студенттерінің ұйымдастыруымен жасалған жемқорлыққа қарсы флешмобты тамашалады.

Қуаныш Ермекова
Дереккөз:Алаш айнасы

20 қыркүйек 2017 г. 2 618 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 14 998 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 797 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930