» » Ешкім жұмыссыз қалмайды

Ешкім жұмыссыз қалмайды

 Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Білім саласындағылар жаңа маусымға дайынбыз дегенімен, әредік болса да білім ошақтарына, оқуға  қатысты мәселелер көрініс беріп қалатынын жасыруға болмайды. Соның бірі – Жамбыл ауданындағы Қайназар орта мектебінде орын алып, ұстаздар қауымының орынды алаңдаушылығына себеп болған жағдай. Мұндағы түсінбестік – ауылда жаңа білім ошағының салынуына және оған жаңа басшылықтың тағайындалып, мұғалімдер іріктеліп жатқанына байланысты екен. Осыған орай ескі мектептің жабылатындығы және ондағы ұстаздардың жұмыссыз қалатындығы жайлы алыпқашты әңгіме жүзге жуық маманның мазасын май ішкендей етіпті. 

 Сенбі күні мәселенің түйінін тарқату үшін Қайназар орта мектебіне Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар келіп, ұстаздармен кездесті. Мектеп мұғалімдерінің алаңдаушылығын тудырған жағдайдың анық-қанығын білу үшін әкім орынбасарымен бірге облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Рүстем Алпысбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Омарова, аудан әкімі Жандарбек Далабаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйләш Бәкірова да осы жерге жиналды.
Мектеп директоры Тұйғынай Күше­нованың айтуынша, білім ошағында 85 адам жұмыс істейді, олардың ішінде 69 мұғалім бар. Оқушы саны – 600 бала. Қазіргі кезде осы ұстаздардың барлығын алдағы жаңа оқу жылы басталғанда жұмыссыз қаламыз ба деген алаңдаушылық мазалайды. Өйткені осы ауылда салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылысы қыркүйекке дейін аяқталады. Мұғалімдер қауымының естуінше, ауыл­дағы оқушылардың барлығы сонда ауы­сады. Себебі осы жылға дейін қызмет етіп келген ескі мектепте сапалы білім алуға жағдай жоқ деп анықтапты тиісті орын­дағылар. Мектеп ғимараты білім беру­ге бейімделмеген, тым ескі, сыныптар тиісті деңгейде жабдықталмағандықтан бұл қадамды дұрыс деуге де болады. Дегенмен осы тұста ескі мектепте қызмет істеген­дердің барлығы бірдей жаңа мектепке жұмысқа қабылданбайтындығы неге еске­ріл­меген, мәселені шешу жолдары бұған дейін неге қарастырылмаған деген орынды сауалдар пайда болады.
Жаңа оқу жылы пайдалануға берілетін мектепке директор болып Салтанат Сулы­бекова тағайындалыпты. Ескі мектептің директоры Тұйғынай Күшенова мен оның қарамағындағылар өздерінің алдағы қызметі қалай болатындығын әлі білмейді. Оқу жылының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Осы уақытқа дейін қара­мағындағы қызметкерлерді алаңсыз жұмыс істей беруге, жаңа мектеп­тердің біріне ұжым болып, оқушылармен бірге ауысамыз деп сендіріп келген директордың өзі де болашақ тағдырының беймәлімдігіне күйінеді. Мұғалімдер қазіргі уақытта оның сөзіне сенімсіздік танытып, өз беттерінше әрекеттерге бара бастаған.
Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек Далабаев бірде-бір мұғалімнің жұмыссыз қалмайтынын, ауданда биылдың өзінде бес мектептің құрылысы жүріп жатқанын, барлығына орын табылатындығын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары мектеп ұжымының айтқандарын тыңдай келе, мәселені дау-дамайсыз, оңтайлы шешу үшін өз араларынан мектеп директоры бас­таған үш адамды сайлап, тиісті комис­сиямен бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Сол жерде жағдайдың осынша­лық­ты ушығуына жол берген тиісті лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, мәселені кешіктірмей шешуді тапсырды. Расында, жаңа оқу жылының басталуына жарты ай қалғанда, тұтас бір мектептің ұжымының қыркүйекте қайда жұмыс істейтіндіктерін білмеуі аудан басшылары мен білім саласы жетекшілерінің өз міндеттеріне жүрдім-бардым қарайтындығын аңғартады. Дәл қазіргі кезде жұмыссыз қалудың соңы әлеуметтік дүмпуге әкеліп соқтырады. Сон­­дықтан Қайназар мектебінде қалып­тасқан күрделі жағдайдың күрмеуі дау-дамайсыз тарқатылады деген үміт үлкен.

Болат Абаған, Алматы облысы

08 тамыз 2017 г. 2 815 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 732 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 753 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031