» » «Жасыл экономикаға» жол салған университеттер одағы

«Жасыл экономикаға» жол салған университеттер одағы

   Әлем көз тіккен Астанадағы дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесі қыза түскен бұл күндері БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты даму бойынша Жаһандық хабы болып табылатын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Жаңа Жібек жолы университеттері альянсімен бірге ұйымдастырылған «Future Life, Future Leaders» атты халықаралық жастар форумы өтті. Болашақтың энергиясы тақырыбын арқау еткен ауқымды шараға Қытай, Ұлыбритания, Түркия, Египет және ТМД елдерінің жүзден астам студенттері қатысты.Бұл туралы ҚазҰУ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, EDUNEWS.KZ ақпараттық агенттігі хабарлайды.

 Жастармен қатар Алматыға шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары ат басын бұрды. Мәртебелі меймандар ҚазҰУ-да алғаш рет өткен Жаңа Жібек Жолы университеттері альянсінің атқарушы комитетінің (UASR) кезекті отырысында бас қосты. Бұл – шетелдік әріптестердің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға артқан үлкен сенімінің дәлелі. Күн тәртібіне Жаңа Жібек жолын жаңғыртудағы университеттер жүргізген жұмыстардың нәтижелері, білім беру, ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жобалар шығарылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов алғы сөзінде халықаралық деңгейдегі аталмыш шаралардың маңыздылығына тоқталды. «Біз заман талабына сай нақты жобаларды құруға мүдделіміз. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің өзара келісімі нәтижесінде Қытай үкіметінің гранты бойынша ҚазҰУ-ға суперкомпьютер беріліп отыр. Оның негізінде біз Жаңа Жібек жолы университеттері альянсінің халықаралық IT-технопаркін құру жұмысын бастап кеттік. Бұл университеттер альянсіне кіретін 130-дан астам ЖОО-ға онлайн білім беру, ірі бірлескен инновациялық жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер бермек», – деді ректор.

Жиынға қатысқан шетелдік әріптестер ҚазҰУ бастамасына үлкен қызығушылық танытып, қолдау білдірді. Ливерпуль университетінің проректоры Дайана Берч: «Халықаралық IT-технопаркін құру – аса ірі әрі ауқымды жоба. Бұл білім мен ғылым саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеретін болады. Ливерпуль университеті әлемнің түрлі университеттерімен, оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі», – дей келе, ұлттық университеттің жоғары ғылыми-инновациялық әлеуетін атап өтті. Ал ҚХР-дың Алматыдағы Бас консулдығының мәдениет пен білім жөніндегі атташесі Ван Цин Пин бастаманың Жаңа Жібек Жолы экономи­калық белдеуін құру жө­ніндегі мемлекетаралық ауқымды жобаны жүзеге асыруға өз ықпалын тигізетінін айтты.  

Сондай-ақ отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары халықаралық жастар форумына қатысқан студент-жастардың инновациялық зерттеу жұмыстарына баға берді. Гонконг политехникалық университетінің вице-президенті Ангелина Юн: «Студенттер өз жұмыстарын таныстыру барысында қуат көздерін сақтау және тұрақты даму үшін қандай жасыл технологиялар қолдануға болатындығы жайлы айтты. Жастар болашақ көшбасшылар ретінде, ең алдымен, бұқара халықты, оның ішінде жастарды қуат көздерін үнемдеуге үйрету маңызды деп санайды. Біз қуат көздерін сақтай білетін әрі жаңартылатын энергияны өндіруді меңгерген көшбасшыларды тәрбиелеп шығаруымыз керек», – деп, шараның студент-жастардың өзара тәжірибе алмасу, мәдениетаралық диалог пен тілдік байланысты арттырудағы басымдықтарын тілге тиек етті. 

Жаһандану дәуірінің жастары ашық пікірталас алаңында жасыл энергия саласындағы өз идеяларымен бөлісе отырып, аймақтағы жастар арасындағы ынтымақтастық пен бірлестіктің мүмкіндіктерін, әлеуметтік инновациялар арқылы тұрақты қоғам қалыптастырудың мәселелерін талқылады. Түрлі аймақтардан келген жастар 5 қала – Астана, Алматы, Пекин, Гонконг пен Сианьда жасыл технология құру идеясын ұсынды. Форумға қатысқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің 1-курс студенті Ерлан Шайхығали: «Барлық студенттер өз қаласын дамытуға арналған тұрақты даму идеясына негізделген жобаларын ортаға салды. Мен әріптесіммен бірге сүйікті қаламыз Алматыда тұрақты қоғамдық көлік жүйесін дамытуға арналған жобаны таныстырдым. Біздің жобамыз қоқыстан алынатын биоэтонол газын шығару және онымен жүретін қоғамдық көліктерді енгізуді көздейді», – дейді. Өз кезегінде Гонконг политехникалық университетінің студенті Хармени Чанг ҚазҰУ қалашығынан алған әсерімен бөлісті. «Қалашық өте үлкен әрі жап-жасыл екен. Маған қатты ұнады. Біз ҚазҰУ технопаркінде жүзеге асырылып жатқан студенттердің жасыл технология бойынша жобаларына куә болдық. Студенттердің жұмыстары бізге ерекше шабыт сыйлады. Бұл шара мен үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды. Мен енді өз білімім мен күш-жігерімді болашақта қалай қолдануды білемін», – деді ол.

Айта кетерлігі, аталмыш шаралар қарсаңында ҚазҰУ-да ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін қолдау мақсатында Жаңа Жібек жолы университеттері альянсімен бірлесіп ұйымдастырылған «Жасыл технологиялар: Қазақстан мен Орталық Азия Ұлы Жібек жолы бойында» атты халықаралық жазғы мектебі ашылған болатын. Шілде айында Гонконг политехникалық университетінен бастау алған жазғы мектеп Қазақстандағы жетекші ЖОО-да өз жұмысын жалғастырды.

Мұндай кең ауқымды халықаралық жазғы мектеп шарасы Қазақстан білім беру саласында тұңғыш рет өткізілді. Еуропа мен Азия ЖОО-ларында оқитын жүздеген студенттер мен магистранттар жазғы мектеп курстарына қатысуға ниет білдірді. Дәрістер мен пікірталастарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік профессорлары мен шетелдік жетекші мамандар жүргізді. Студенттер жазғы мектеп аясында ҚазҰУ мен Колумбия университеті бірігіп ұсынған «MDP Global Classroom» бағдарламасының ұйымдастырушылары өткізген «БҰҰ үлгісі – Жаңа Жібек жолы» атты конференцияға қатысты.

Шара барысында шетелдік ЖОО басшылары мен студенттері Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

09 тамыз 2017 г. 2 416 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 13 711 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 335 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930