» » Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету шығындары 15 млрд теңгені құрайды – ҚР БҒМ

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету шығындары 15 млрд теңгені құрайды – ҚР БҒМ

Бүгін "Нұр Отан" партиясы орталық аппаратында өткен жастарды қолдау туралы комиссия отырысында Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова студенттер жатақханасына қажетті орын санын атады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
"Біз жатақхана мәселесіне күн сайын мониторинг жасап отырамыз. Елімізде студенттерді орналастыру үшін 89386 төсек орны, соның ішінде ЖОО-да 64436 орын, колледжде 24950 орын қажет. Алматы мен Астана, Шымкент қалаларында орын тапшы. Осы мәселені шешуде атқарылған жұмыстар туралы айтар болсақ, біріншіден қаржыландыру мәселесі шешілді. Үш жылға арналған республикалық бюджет Парламентте қаралып жатыр", - деп атап өтті Асылова.
Вице-минитсрдің мәліметінше, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша студенттерді жатақханадағы орындармен қамтамасыз ету шығындары бүгінде 15 млрд теңгені құрайды. Ал үш жылдық бюджеттің 2019-2021 жылдары кезеңінде 45 мың жаңа орын ашу жоспарланып отыр.
"2019-2020 жылдарға жоспарланған жүзеге асуы тиіс жобалардың бәріне жер телімі берілді. Құрылыс алаңы мақсатында белгіленген 156 жер телімінің 105-і қазірдің өзінде білім беру ұйымдарына берілді. Өздеріңіз білетіндей, ЖОО, колледждер аумағы үлкен болған соң олар өз территорияларына жатақхана тұрғыза алады. Қалған 51 жер телімі әкімдіктен бөлінді. Білім беру ұйымдарына жақын жерде орналасқан жер учаскелерін бөлуді ұсынған едік. Сол үшін Алматы, Астана, Шымкент қаласының әкімдеріне бізбен кездесіп, үлкен жұмыс атқарғаны үшін алғысымды білдіргім келеді", - деді вице-министр.
"Барлық қажетті база әзірленіп, қабылданды. Заңды таныстырғанымызда депутаттар қаншама түзету ұсынған соң әрі қарай осы процесті реттейтін қажетті нормативті құқықтық актілер енгізілді. 18 қыркүйекте барлық заңнамалық акті Әділет министрлігінен тіркеуден өтті. Бұл актілер биыл 2 қазанда күшіне енетін болды", - деді Асылова.
Cондай-ақ, Бибігүл Асылова 2018-2019 оқу жылында шетелдік ЖОО-ға түскен қазақстандықтар саны қанша екенін де айтты.

"2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша 139 316 оқушы мектеп бітірді. Оның 96 мыңы немесе 69 проценті ҰБТ тапсырса, 43 мыңы тестілеуден тыс қалды. 84 217 түлек еліміздегі ЖОО-ға оқуға түсті. Бұл ҰБТ тапсырғандардың 87 процентін құрайды. Ал колледжге 26990 адам қабылданды", - деді Асылова.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар студенттердің өз өңірлерінде қалуы үшін, сондай-ақ шетелдік ЖОО-ға түсетін студенттер санын азайту үшін шаралар қабылдап отыр. Биыл әкімдер қосымша 1919 грант бөлген, оның 447 грантын ШҚО , Павлодар облысы – 221 грант, Атырау – 205 грант бөліп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосымша 20 мың білім грантын бөлу талапкерлердің отандық ЖОО-ға түсу мүмкіндігін арттырды.

"Статистика бойынша, 8 мың адам Ресей Федерациясындағы ЖОО-ға түскен. Оның 5197-сі Ресей Федерациясы бөлген грант есебінде білім алады, ал 2808-і – ақылы түрде. Колледжге қабылданғандар саны – 598. Бұдан бөлек алыс-жақын шет мемлекеттердің оқу орындарына шамамен 3 мың адам қабылданды", - деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі.

Ол сыртқа білім іздеп кететін қазақстандықтар санын төмендету үшін мемлекеттік білім гранты санын көбейткеннен басқа қандай шаралар атқарылып отырғанын айтты.

"Студенттер тұратын жеріне жағдай жасап, білім сапасына назар аударуымыз қажет. Сапалы кадрлар даярлауға күш жұмсауымыз қажет. Министрлік осыған қатысты шаралар атқарып жатыр. ЖОО-да қызығушылық танытып отыр. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе университеттер рейтингісі әзірленеді. Студенттер қауымдастығына, болашақ талапкерлерге айтамыз, министрлікте белгілі бір мамандықтар бойынша ЖОО рейтингісі бар. Жыл соңына дейін басқа да мамандықтар қатары толықтырылатын болады. Студенттер ЖОО рейтингісін көрген соң қайсысы жақсы, қайсысы сапалы білім бере алады, өздері ажырата білуі тиіс. Тағы бір мәселе, қазір ЖОО академиялық тәуелсіз, осыған сәйкес өздерінде бар ресурстар арқылы білім беру бағдарламаларының сапасын арттырып, қос диплом беру секілді өзгерістермен студенттерді қызықтыра алуы тиіс. Осындай шаралардан соң талапкерлер елімізде қалып, осында білім алатын болады", - деп сөзін түйіндеді ол.

28 қыркүйек 2018 г. 1 462 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 258 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 622 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031