Астанада жүзден астам педагогқа құрмет көрсетілді

"Біздің астанамыздың дамуы, әлемдік аренада өзін ең жас әрі ілгері қала екендігін мәлімдеді, оның көбісі сіздердің де еңбектеріңізбен байланысты. Бүгінде бәрі астанаға қарай ағылады, себебі балаларына сапалы білім бергісі келеді, осы жолда сіздердің қосқан үлестеріңіз зор екені сөзсіз. Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр, үлкен жетістіктерге жетуден қорықпайық, тек жақсылыққа ұмтылайық", - деді қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Үздік педагогтардың есімдері қала мен елдің тарихында қалады, олар "Білім жүйесінің Алтын қорына" енгізіледі.
"Әр адамның өмірінде 11 жыл білім беріп тәрбиелеген ұстазы ерекше орын алады. Педагогтар күн сайын өзінің еңбегімен астананы дамытуға үлес қосып қана қоймай, Қазақстанды да алға дамыта түседі", - деді № 15 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Рауан Әсемова.
Сондай-ақ кеште "Дидарлы жаз", "Біз Қазақстанның болашағымыз" қалалық жарысының финалдық жеңімпаздары белгілі болды. Қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен кубоктар тапсырылды. Ұстаздар мерекесі концерттік бағдарламамен жалғасты.