» » Еліміздің оқу ордалары 2019 жылы ағылшын тілінде сабақ жүргізуге дайын ба?

Еліміздің оқу ордалары 2019 жылы ағылшын тілінде сабақ жүргізуге дайын ба?

 Ағылшын тіліндегі пәндердің мұғалімдеріне 25% үстеме жалақы төленетіні жайлы 26 шілде күні Үкімет үйінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының әлеуметтік және білім салаларының жүзеге асырылуына арналған брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеген болатын.

 Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылатыны хабарланды. Сол себепті қазірден бастап ағылшын тілінде оқытылатын пәндердің  мұғалімдері тілдік курстарда оқып жатқаны да мәлімделді. Алдағы жылдары бірнеше пәннің ағылшын тілінде оқытылатын негізге ала отырып Qamshy.kz ақпарат агенттігінің журналисі Ғылым және білім министрлігіне ресми хат жолдаған болатын.

 Алдымен қай пәндер жоғарғы сыныптарда ағылшын тілінде жүргізілетінін нақтылап алсақ. Білім беру ұйымдарының жоғары сыныптарында (10-11 сынып) жаратылыстану бағытындағы химия, физика, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылатын болады. Ал аталған пәндерді оқытатын мұғалімдерге келер болсақ, ағылшын тілінде мұғалімдерді оқыту үшін тіл курстары ұйымдастырылып жатқаны мәлімделді. Курстар тілді нөлдік деңгейде меңгерген, сондай-ақ деңгейлері бар орта  жалпы білім беретін мектептердің информатика, физика, химия және биология пәндерінің мұғалімдеріне арналған.

Курстардың білім беру бағдарламалары министрдің 2016 жылғы 14 қыркүйектегі №558, 2017 жылғы 27 қаңтардағы №32 бұйрықтарымен бекітілген.

Енді курстардың міндеттері: жаратылыстану-математикалық бағытындағы оқу үдерісінің ерекшеліктерін, сабақты жоспарлауды, Ақпараттық коммуникативтік технологияларды қолдану бойынша құзіреттілікті ескере отырып, пәнді оқытудың қажетті деңгейіне дейін ағылшын тілін меңгеру деңгейін кезең-кезеңмен жетілдіру.

Ал қазірдің өзінде «Өрлеу» БАҰО» АҚ Назарбаев университеті, НЗМ ДББ, «USTAZ Professional Development centre» ЖШС өндірістен қол үзіп және үзбей тілдік курстарды өткізуде.

Ал ағылшын тіліне оқытатын курстардың ұзақтығы 2-10 ай аралығында болмақ. Оқу ұзақтығы тілді меңгеру деңгейі мен оқытудың қарқындылығына байланысты. Курс аяқталғаннан кейін әрбір тыңдаушы ағылшын тілін меңгеру деңгейін және кәсіби құзіреттілікті бағалайтын EMI (English as a medium of instruction) халықаралық сертефикаттаудан өтеді. Бұл курстар 2017-2018 жылдары жалғасатын болады. Ал тиісті қаражат республикалық бюджеттен бөлінген деп мәлімдеді БҒМ баспасөз қызметі.

Курстардың қалай жүргізілетіні жайлы айтылды. Алайда еліміздегі білім ошақтарында одан да бөлек тағы бір көлемді мәселе бар. Ауылдық жерлерде белгілі бір пәндерді ағылшын тілінде оқыту былай тұрсын ағылшын тілінің оқытылу деңгейі төмен, мамандар тапшы. Ауылдарды мамандармен қамтамасыз ету немесе пән мұғалімдеріне ағылшын тілін оқыту жағы қалай болмақ?  

БҒМ жауабына сәйкес қазіргі уақытта министрлік білім сапасын арттыру мақсатында бекітілген кестеге сәйкес Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша жаңартылған білім мазмұнын енгізу жөнінде жұмыс жүргізуде. Жаңартылған білім мазмұнын енгізу нәтижесінде ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты жою көзделген.

Сонымен қатар, 2016 жылы ауылдағы мектеп оқушыларының бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «BilimLand» білім беру» цифрлық білім беру ресурстарының жүйесіне 4000 мектеп қосылған.

Компьютер, проекциялық экранмен 1440 ауыл мектебі, оның ішінде шағын жинақталған мектептер жабдықталған. 2017-2018 жылдары 3161 ШЖМ-ді жабдықтау жоспарланған.

Айта кетсек, Республика мектептерінде 2016-2017 оқу жылында 18 899 ағылшын тілі мұғалімі қызмет етуде.

Республикамызда қызмет етіп жатқан ағылшын тілінің мамандарынан бөлек жоғарыда аталып өткен жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің мұғалімдерді ағылшын тілін қалай меңгеріп жатыр?

Министрлік 2017 жылы үштілді оқытуға кезең бойынша көшу үшін қазіргі уақытта сабақ беретін пән мұғалімдеріне ағылшын және пәнді ағылшын тілінде оқыту әдістемесін оқыту жүргізіліп жатыр. 2017 жылы тіл курстарында және біліктілігін арттыру курстарында нөлдік деңгеймен және тілді барынша жоғары деңгейде меңгерген жалпы орта білім беретін мектептердегі информатика, физика, химия, биология пәндерінің 12 602 мұғалімі білімін жетілдіруде.

БҒМ мәлімдеуінше, аталған 12 602 мұғалімнің 4356 педагогы Назарбаев университеті, НЗМ ДББ, «USTAZ Professional Development Сentre» ЖШС, «Өрлеу» ҰБАО базасында өндірістен қол үзбей және қол үзіп оқуды жалғастыруда. Жыл соңына дейін жоспарланған барлық мұғалімдер курстан өтеді.

Мұғалімдердің еліміздің алдыңғы қатарлы оқу ордаларында курстардан өтетінін білдік. Ал оқушылардың жайы не болмақ? Бірнеше пәннің ағылшын тілінде жүргізілуіне еліміздің оқушылары дайын ба?

Білім және ғылым министрлігі оқушылар ағылшын тілінде бірнеше пәнді игеруі үшін дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның ішінде 2013 жылдан бастап ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыту енгізілгенін тілге тиек етті. Жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандартына өзгеріс енгілмек. Онда 5-11 сыныптардағы білім алушылардың апталық оқу жүктемесіне ағылшын тіліне 1 сағат қосылмақ.

Қазіргі уақытта көптілді оқыту 100 нақты қадам Ұлт жоспарының 79-қадамы және үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы негізінде кезең бойынша жүргізілуде.

Жақында мемлекеттік гранттың тізім шыққаны баршамызға белгілі. Биыл жоғарғы оқу орындарына 34 мың 165 грант бөлінді. Оның 5 мың 864 орны педогогикалық мамандықтарға бөлініп отыр. Ендігі туындайтын сауал еліміздің мектептерінде үш тілде оқыту қолға алынып, бір жолға қойылу барысында ЖОО-дағы педагогикалық мамандықтарға ағылшын тілі енгізілді ме?  

2012 жылдан бастап 42 ЖОО-да ағылшын тілінде оқытатын арнайы бөлімдер жұмыс істеуде. 2393 арнайы топта 18 006 адам білім алуда: бакалавриатта- 16 121, магистратурада – 1 662, доктарантурада – 223 адам. Оның ішінде 4 749 адам: бакалавриатта – 4581, магистратурада – 153, докторантурада – 15 адам педогогикалық мамандықтар бойынша білім алуда.

Оның ішінде физика, химия, информатика, биология, тарих сынды педогогикалық мамандықтар бойынша 1 710 адам білім алуда. Жыл сайынғы бітіушілер саны шамамен 427 адамды құрап отыр.

2016-2017 оқу жылынан бастап ЖОО-лар білім беру қызметін үш тілде жүргізіп келеді, бұл МЖМББС-да бекітілген. Бұл ретте оқу пәндерінің 50 пайызын оқыту тілінде(қазақ және орыс) , 20 пайызын екінші тілде(тиісінше орыс немесе қазақ) және 30 пайызын ағылшын тілінде оқыту қарастырылған. Бұдан басқа, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні бакалавриаттың барлық мамандықтарында ағылшын тіліндегі негізгі оқулықты қолдану арқылы ағылшын тілінде оқытылады.

Негізгі оқулық бойынша ағылшын тілінде сабақ жүргізілетіні аталып өтті. Ал алдағы 2 жыл ішінде ағылшын тілінде жүргізілетін пәндердің оқулықтары дайын болады ма?

Ағылшын тіліндегі оқулықтарды НЗМ ДББҰ ағылшын тіліндегі жаратылыстану ғылымдары циклінің оқулықтары мен ОӘК әзірлеуде. Қазіргі уақытта «Білім-инновация» лицейлерінде оқытылатын «Астана-кітап» баспасының оқулықтары қолданылады және мектептерде қолданылатын оқулықтар тізбесіне енгізілген. Cambridge University Press, Pearson Longman британдық баспасының биология, физика, химия оқулықтары қосымша оқулықтар және ОӘК ҚР ММБС-на бейімделген және жаратылыстану пәндері бойынша сараптамадан өткен.

Айгерім ТАУБАЙ

17 тамыз 2017 г. 9 368 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 222 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 610 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031