» » Білім министрлігінің кезекті реформасы тағы да үлкен дау туғызды

Білім министрлігінің кезекті реформасы тағы да үлкен дау туғызды

 Қазақстандағы мектептер бес күндік оқуға көшуді бастады. Павлодар мен Қызылорда облысы жаңа кестемен оқуға кірісті. Бірақ, бұл жүйені жатырқағандар жетерлік. Осы тақырыпта ата-аналардың пікірі екіге жарылды. Министрлік алты күндік кестеден арылдық дегенмен, бес күнде оқитын пәндердің тізімі көбейген деп хабарлайды КТК арнасы.

 Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермейді. Оқушыларға бес күн оқимыз деп бөріктерін аспанға лақтыруға әлі ерте. Мәселен, Алматыдағы нөмірі 54-ші мектеп-гимназиясы қосымша сабақ, факультативтерді сенбі күнге көшірген. Ал, міндетті пәндерді бес күнге бөліп тастапты.

"Міндетті пәндерді бес күнге бөлетін болсақ, күніне алты сағаттан шығады. Жетінші сыныптар тіптен кей күндері жеті сабақтан оқиды. Соған сәйкес сабақ ұзақтығы 40 минутқа дейін қысқарып отыр", - дейді №54 мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Наталья Попова.

Бес күндік оқу-ата-аналар жиналысындағы басты тақырып. Балалары оқимын деп зорығып кетпесе деп алаңдаулы.

"Алтыншы күннің сабағын қосу меніңше дұрыс емес. Ешқандай бала сабақты көп оқыған сайын профессор болып кетпейді", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Есімбек Мұқанов.

"Алты күннің сабағын алып бес күнге салғаннан не пайда? Баланың құр миын ашыту болады ғой. Қазір өзі баланың саны да көбейіп кетті", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Әсет Мұхамеджанов.

Министрлік болса ата-ананы босқа даурықпауға шақырады. Сабақ ұзақтығын 40 минутқа қысқарту арқылы 30 минут үнемделетінін, сол арқылы оқушылар әдеттегіден тек 10 минутқа ғана артық оқиды деп сендіріп отыр. Бірақ, жоғары сынып оқушылары пәннің көптігіне байланысты, сенбі күні де мектепке баруға мәжбүр.

"Бізге қиындық туғызып отырған жоғары сыныптар. Сондықтан, олардың кейбір сабақтары сенбіге қалып отырады. Ал, бастауыш сыныптардың жүктемесі баяғыша қалады", - дейді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова.

Саралап көрсек, бес күн оқу өзге елдерде бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ, Финляндия, Италия, Норвегияда алты күн оқу атымен жоқ. Тіптен, көрші Ресей де осы жүйенің соқпағына түскен.

Бес күндік оқуға әзірге елдің тек екі өңірі көшіп үлгерді. Қызылорда мен Павлодар облысындағы 550 мектеп бүгіннен бастап жаңа кестені бекітті. Ал қыркүйектің аяғына дейін қалған облыстар да осы көшке қосылуы керек.

Білім министрлігі жаңа жүйенің оқу жылының ұзақтығы мен демалысқа әсері тимейді дейді. Алайда, ата-аналардың бұл уәдеден алаңдаушылығы азаймай отыр.
Дереккөз:Nur.kz.
12 қыркүйек 2017 г. 2 533 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 502 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930