» » Сызу пәнін оқытудағы ерекшеліктер

Сызу пәнін оқытудағы ерекшеліктер

                                       

                                    Жумадилова Гулжан

                                        Түркстан облысы

                                        Ордабасы ауданы

                         «Б.Нұрлыбеков атындағы ЖОМ» КММ

           Графика және жобалау,  көркем еңбек пәні мұғалімі 

                         

Қазіргі таңда адам өмірінде сызбаның алатын орны өте үлкен. Ғылым мен техникалық процестің өркендеуіне байланысты, өндірістің барлық саласында сызу қолданылады. Заводтар мен фабрикалардағы көптеген станоктар, самолет, вертолет, автомобильдер, т.б    қарапайым заттардың өзі сызбаларсыз орындалмайды.

Өндірісте сызба қолданбайтын жерді табу мүмкін емес.  Сызба кез келген техникалық сауатты адамдардың барлығына ұлтына қарамай түсінікті. 

Сызбаның даму тарихы қоғам өндірісінің өркендеуімен тығыз байланысты.

Адамзат баласы оқу жазудан бұрын айналада қоршаған ортаны бейнелеуге үйренген.  Б.э.д. алғашқы қауымдағы адамдардың жартастарға, қабырғаларға салынған суреттері соның айғағы. Бірақ сызба техникалық ойдың жемісі болғандықтан тек еңбектің бөлінуі арқасында дүниеге келді. Еңбектің бөлінуі құрылыс саласынан айқын көрінеді. Сондықтан да сызбаның осы саладан басталуы ғажап емес.

Өзінің көпғасырлық даму сатысына қарамастан XVІІІ–ғасырға дейін графикалық бейнелеу өндіріс және өнеркәсіп саласында ешқандай логикалық жүйе құра алмады.

Ең алғаш графикалық бейнелеуді ғылыми тұрғыдан жүйелеп берген, оны «Сызба геометрия» деген жаңа ғылымға айналдырған француз инженері, ғалым және қоғам қайраткері Гаспар Монж болды.

Сызу пәнінің оқытылуын біздер бірнеше ғасыр бойы Одақтас болған Ресей елімен байланыстырамыз. «Сызу геометриясы» курсы ең алғаш рет Петербургтегі Байланыс жолдары инженерлері корпусы Институтында 1810 жылы енгізілді.  Сызбаның даму қарқыны Ұлы Қазан төңкерісінен кейін елімізді индустрияландыру  негізінде кең етек алды.

Қысқа уақыт ішінде елімізде халық шаруашылығына инженер, техникадан хабары бар мамандар керек болды. Бұларды дайындау үшін жаңа оқу құралдарының қажеттілігі туды,  сондықтан техникалық білім беруді мектептен бастау  қолға алынды.

1931-32 жылы  (Б)БКП ОК-нің  қаулысы бойынша Кеңес мектептерінде сынып сабақ жүйесі қабылданды. Осы кезден бастап сызу  өз алдына пән болып бөлінді.  Міне осы пән болып бөліну тарихынан бастап еліміздің әр алуан даму сатысындағы бұл пәнді меңгеру, танысу ролі күшейтіліп отырды.

1980-81 жылдардан бастап «Сызу» пәні 7, 8 сыныптарда 68 сағат, әр сыныпқа 34 сағаттан берілді.  Мектептерде Кеңес заманында оқытылған «Сызу» кітаптары тікелей орыс  баспасынан шыққан кітаптардың аудармасы болғанымен (Авторлар: А.Д.Ботвинников, В.Н.Виноградов, И.С. Вышнепольский) оқушыларға берілген тапсырмалар түсінуге жеңіл, әрі қарапайым тілмен жазылған еді. Тәуелсіздік алған соң мемлекетіміз білім саласына да жаңа реформалар енгізуді бастады. Мектептер 11 жылдыққа көшуіне байланысты «Сызу» пәні 8, 9 сыныпта аптасына 1 сағаттан оқытылып, 2003-жылдардан бастап тек 9 сыныпқа жылдық 68 сағат мөлшерімен оқытылатын болды.   

        ХХ ғасырдағы ақпараттық және электрондық есептеу технологияларының жедел өркендеуі нәтижесінде автоматтандырылған жобалау жүйелері (АЖЖ) жаратылды.

Уақыт өте келе АЖЖ-нің компьютерге жазылатын арнайы бағдарламалары пайда болды. Қазіргі уақыт талабына байланысты, жаңартылған білім бағдарламасына көшуге және  сызбаларды компьютерлік бағдарламалардың көмегімен орындау қажеттілігі туындаған соң  2019-2020 оқу жылынан бастап «Сызу» пәні «Графика және жобалау»  болып өзгертіліп 10, 11 сыныптарға енгізілді. 10 сыныптағы «Графика және жобалау»  пәні аты өзгергенмен бұрынғы «Сызуды» қайталайды. Бірақ ол 10,11-ші сыныптарға    жаратылыстану бағытына стандартты деңгейдегі таңдау пәні ретінде берілген еді.

     «Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында жоғарыда сипатталған жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейдегі жұмыстар республикалық деңгейде жүргізілуде. Оқу бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту əдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мəнмəтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды жəне ауқымды халықаралық тəжірибемен өзара əрекеттесуді көздейді. Жаңартылған оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады. «Графика жəне жобалау» пəні бойынша оқу бағдарламасы осы үдерістің бір бөлігі болып табылады. Оқу бағдарламасында қазіргі заманда үлкен көлемді ақпаратпен жұмыс істелетіні жəне оны визуалды ақпарат түрінде ұсынған тиімді болатыны атап көрсетілген. Себебі, көрнекі графика ауқымды ақпарат көлемін көрнекі, түсінікті түрде көз алдына елестетуге мүмкіндік береді. Оқушылар көрсету құралдарын қолдана білуі үшін графикалық мəдениет пен функционалдық графикалық сауаттылықты қалыптастыру қажет. Жоба орындап, зерттеу жүргізгенде ақпаратты өңдеп, суреттерді жинақтау үшін компьютерлік графика құралдары қолданылады, бұл нысандарды жобалаудың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, орта білімнің мазмұнын жаңартып, оқушылардың графикалық дайындығын шыңдау үшін жаңа оқу бағдарламасын əзірлеу, яғни «Графика жəне жобалау» пəнін енгізу қажеттігі пайда болды («Сызу» пəнінің орнына)» деп келтірілген.

Ал, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің  2022 жылғы 30 қыркүйектегі №412 бұйрығына 39-қосымша, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің  2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығына 86-қосымшада  оқыту қазақ тілінде жүргізілетін жаратылыстану-математика бағыты бойынша жалпы білім берудің үлгілік оқу жоспарынан «Графика және жобалау»  пәні мүлдем алынып тасталған.

Қазақстандағы көптеген мектептер осы үлгілік оқу жоспарын таңдағандықтан оқушылар жоғары оқу орнына тапсыратын кезде көптеген қиындықтар туындайды. Мектеп қабырғасында сәулетші, құрылысшы т.б техникалық мамандықтарды таңдаған тәлімгерлер өз армандарын орындай алмай орта жолда қалып жатады.

 «Сызу» пәнінің мектептерде оқытылып келе жатқан тарихын еске ала отырып, қазіргі кездегі сызбаларды жаппай компьютер бағдарламасымен орындалатынын ескерсек те, сызба сауаттылығын меңгермей тұрып, неше жерден ақпараттық техникалық құралдарды меңгергенмен, сызбаны салу ережелерін оқып-үйреніп, проекциялау тәсілдерін және кескіндерді алу жолдарын білмей тұрып, компьютермен жұмыс орындау қиын.

Осы уақытқа дейін небір шығармашыл, суреткер тұлғалардың қалыптасуына, оқушы шығармашылығы мен дүниетанымының  кеңеюіне  бірден-бір түрткі болған пән «Бейнелеу», «Сызу» және   «Технология» десек қателеспейміз. Оқушылардың білім деңгейінің барлығы бірдей жоғары  емес  болғандықтан,  мектеп бітірушілердің көпшілігі жоғары  оқу орнына түсе алмайды. Көп  оқушылардың 9-шы сыныптан кейін кәсіптік-техникалық колледждерге кететінін ескерсек, олардың да техникалық сауатты болып барғаны дұрыс деп ойлаймын.

Сызбаны мектеп бағдарламасынан алып тастау халық шаруашылығының барлық салаларында жаңа техника мен технологияларды жасау және оларды өндіріске ендіру, ғылым мен медицина, сәулет пен құрылыс т.б. салаларда артта қалу дегенді білдіреді. Қоғамның, өнеркәсіп саласының дамуын қаласақ, техникалық пәндерге басымдық беріліп отырған уақытта мектептердегі «Сызу» пәндерінің сағаттарын көбейтіп, материалдық базаның нығаюына жағдай жасау жолдарын қарастыру керек. «Сызу» пәнін мектептерде оқытуды қайтадан қолға алып,  төмендегі ұсыныстар назарға алынса екен деймін:

1. «Графика және жобалау» пәнінің атын қайтадан «Сызу»  деп бұрынғыша 9-шы сыныпта екі сағаттан қалдырып, бағалаудың жиынтық түрі енгізіліп, ал 10-11 сыныпта «Графика және жобалау»  деп, таңдау пәні ретінде беріп аптасына  1 сағаттан қойса, 10-сыныпқа барған оқушының алдында пәнді таңдағанда қиындық болмас еді;

2. 9 сынып оқулығын жазған кезде 2005 жылы Алматы баспасынан шыққан «Сызу»  кітабы басшылыққа алынып (Авторлар: А. Д. Ботвинников, В. Н. Виноградов,  И.С. Вышнепольский) тақырыпты меңгеруде осы кітаптағы  бірізділік сақталса;

3. Оқулықта кездесетін термин сөздер мен тетіктердің атаулары қазақша аудармаларын нақтылап, бір ғана атаумен аталса;

4. Сызу кабинеттерін сызба сызуға қажетті партамен, қажетті көрнекі құралдарды , анықтамалық кітаптармен, сызбаларды орындауға арналған тетіктермен және құрастырмалы бірліктермен жабдықтау қарастырылса;

5.  ЖМБ оқытылатын сыныптарда 10-11 сыныпқа келгенде Графика және жобалау пәні міндетті  түрде топқа бөлініп оқытылып және ӘНХ-та осы нақты аталып көрсетілсе, мектепте компьютерлерге қажетті бағдарламаны орнатып, кабинетпен қамтамасыз ету жағы қарастырылса. 

 Қорыта айтқанда, «Өркениеттің шынайы белгісі—мемлекеттің байлығы мен білімнің деңгейінде қалалардың үлкендігі мен өнімнің молдығында емес, ол мемлекеттің тәрбиелеп шығарған азаматы» деп Р.Эмерсон айтқандай жаңа ғасыр біздің алдымызға азамат тәрбиелеуге жоғары талаптар қойып отыр. Ол талаптар қоғамның қажеттілігі мен мүдделерін қанағаттандырса ғана тиімді болмақ. 

Бүгінгі күні республикамызда білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріске ұшырады. Оның негізгі факторы жаһандану үрдісіндегі білім беру саласында жаңа модельдердің дүниеге келуі, білім беру үрдісінің ақпараттандырылуы болып табылады.

Әр мұғалім сабақ өткізген кезде оқушыларға сапалы білім беру үшін жаңа технологияларды пайдалана отырып, сонымен қатар компьютерді, интерактивті тақтаны қолдану арқылы білім берсе, оқушылардың қызығушылығы арта түсері анық. «Қазіргі заманда жастарға жаңа технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп, Елбасы атап көрсеткендей, жас ұрпаққа білім беру жолында жаңа технологияны оқу үрдісінде оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор деп білемін.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                     Пайдаланылған әдебиеттер

1. Предмет методики обучения черчению. История возникновения обучения черчению. Михайлов Н.Г.

2. Мүғалімге арналған нұсқаулық. Графика және жобалау 10.11.2017  

21 тамыз 2023 г. 16 478 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 163 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 596 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031